«Өкінішке қарай, 28 наурызда Канадада өтетін жекпе-жек кейінге қалды. Коронавирустың салқыны біздің жекпе-жекке де тиді. Үш ай қан мен тер шығарып, қызу дайындалып, жақсы формаға кіріп едік. Мықты спаррингтер жасап, QAZAQ STYLE-ды шыңдап, шоу көрсетуге дайын болғанбыз. Бірақ Топ ренк (Top Rank Promotions компаниясы) спортшылардың денсаулығы маңызды деп шешті. Біздің ғана емес наурыз бен сәуірде өтетін бүкіл жекпе-жектер тоқтатылды», – делінген боксшының Instagram -дағы парақшасында.Естеріңізге салар болсақ, Жәнібек Әлімханұлы 28 наурызда ганалық боксшы Самирмен жекпе-жек өткізуі тиіс еді. Қазақстандық спортшының қарсыласы 18 жекпе-жек өткізіп, барлығын, соның ішінде 15 кездесуді нокаутпен ұтқан боксшы. Ал Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2019 жылдың 9 қарашасында АҚШ-тың Калифорния штаты Фресно қаласында өткізген болатын. Онда жерлесіміз канадалық Альберт Онолуносені (24-3-1, 8 КО) алтыншы раундта нокаутқа жіберіп, WBC Continental Americas және WBO Global титулдарын қорғаған еді.
Ардақ СҰЛТАН