Еліміздің 100-ден аса елді мекенін велосипедпен жүріп өткен зейнеткер Жұмабай Отарғалиев өткен айда 71 жасқа толды.
Алыс жолдың ардагері
5,261
оқылды

Өзі – теміржол саласының ардагері. Алғашқы сапарын 2017 жылы бастаған велошабандоз ата бұл дәстүрінен биыл да айнымаған. Кейіпкеріміздің айтуынша, биылғы велосаяхаты Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналады.

Зейнет жасындағы ақсақал­дың жалғыз өзі мыңдаған шақырымды артқа тастап келе жатқанын қызық көретіндер де, оған алаңдап қарайтындар да бар. Біз де Жұмабай атаның жағдайын біліп, сапары туралы қызықты есту үшін хабарласқанымызда, қазір Семей қаласында екенін айтты. Ақтөбеден басталған вело­шеру бір айға жалғасып, ақсақал аялдаған қарт Семей қаласында мәреге жетті. 

– Бұл жолғы велошеруім 30 маусымда басталды. Ақтөбеден шыққаннан кейін алдымдағы киелі жерлердің көбіне аялдадым. Ырғыз қаласының негізі қалан­ғанына да 180 жыл толады. Ыр­ғыз, Торғай сияқты өңірлерден аттап өте алмадым. Өйткені ол жерлер – Ыбырай Алтынсариннің табаны тиген жер. Одан Аман­гелді ауылы, Арқалыққа аялдап, пойызбен Қостанайға жетіп ал­дым. Петропавлда, Сергеевка қа­ла­сында болдым. Кейін Көк­ше­тау мен Астана халқының қош­е­метіне бөленіп, олардың қол­дауымен Қарағандыға жет­тім, – деді Жұмабай ата.

Жезқазған, Ұлытау, Сәт­баев қалаларында бол­ып, Павлодар маңына бағыт ал­ған ақсақал Курчатов арқылы Семейге жеткенін айтты. Осы­лай­ша, 3 тамызда Өскеменге Қал-ба­тау арқылы екінші күні жеткен. Мұнда облыстық Ардагерлер кең­е­сімен жолығып, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей об­лыстық спорт басқармасында бол­ғанын марқая айтып берді. Сөйтіп, 8 шілде күні Абай ауданын­дағы Қарауылға келіп, ұлы ақын­ның 180 жылдығына арнал­ған мерейтойлардың куәсі бола­ды.

Зейнеткер велошабандоздың серігі – 49 мың теңгеге сатып ал­ған қарапайым велосипеді. Ал­ғаш­қы сапары Шалқардан Ақ­тө­беге дейінгі бағытты қам­тып, 4-5 күнге созылған екен. Со­дан бері әр сапары – жастарға үлгі, елге өнеге. Жұмабай ата са­парын жыл сайын кәнігі спорт­шылар сияқты еліміздегі айтулы шараларға ар­нап отыра­ды. Мә­се­лен, өткен жыл­дардағы жетіс­тіктері – Бей­барыс сұлтанның 800 жылдығына, Астана қаласы­ның 25 жылды­ғына, Шу –Мой­ын­ты шойын жолы­ның 70 жыл­ды­ғына арнал­ған велосапар бо­лса, былтыр Орынбор – Таш­кент теміржолы­ның 120 жыл­дығы мен Хромтау – Алтынсарин теміржолының 20 жылдығы, Әйтеке бидің 380 жыл­дығы мен Ақ­төбе қаласының 155 жыл­дық мерейтойына арнап са­пар­ға шық­қан болатын. Ол Ақтө­бе вок­залынан шығып, Хромтау, Әйтеке би, Бершүгір стансалары­нан өтіп, Шалқар арқылы Қыз­ыл­ор­даға бет алды. Әрі қарай Түркістан, Сарыағаш станса­лары­мен Өзбекстанға жетті. Одан кейін биыл мамыр айында Ұлы жеңістің 80 жылдығына арнал­ған велошеруін орындады.

Жұмабай Отарғалиев те­мір­жол саласында 40 жыл­дан аса еңбек етіп, жылдар бойы спорттан қол үзбеген. Зей­нетке шыққан соң да белсенді­лігін жоғалтпай, волейбол ойнап, велосипед мініп, бұрынғы арман­дарын жүзеге асыра бастаған.

– Қазақстан теміржолында 1936 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Локомотив» деген ұйым бар. Келесі жылы 90 жыл­ды­ғы болады. Соған орай тағы бір­қатар жоба жүзеге асырылмақ. Егер орындалып жатса, оған да шығамын. Жалпы, осындай сая­хатшыларымыз көп болса екен деп тілеймін. Өйткені ұлан-ғайыр даламыздың әсем табиғат­ын осылай танып-білуге мүмкін­дік көп. Ел аралап, жер көру – бала күнгі арманым еді. Әсіресе, вело­сипедпен аралап, әр өңірге аял­дап, көркем жерлерді көзбен көр­гім келді. Саяхатқа шығу үшін көп дайындалған жоқпын. Онсыз да күн сайын велосипедпен жүре­мін. Ауа райы әрдайым қалыпты бола бермейді, бірақ бұл менің сапарымның қуанышын бұзбай­ды, керісінше шынықтырады. Әрқашан ардагерлер кеңесінің мүшелері­мен байланыста отыра­мын, – дейді ақсақал.

Қол қусырып, құс жастық­қа бас қойып тынығуды құптамайтын ақсақал зейнетке шыққан шақта сергек жүру үшін көне қиялына ерік беріп, велоси­пед сатып алады. Алғашқы сапа­ры сәтті өткен соң елдің түкпір-түк­пірін аралауға біржола бел буады. Содан бері велосипедпен саяхаттауды өмірінің бір бөлше­гіне айналдырды.

– Үйде құр отыру менің таби­ғатыма жат. Бір жерге жол тар­тып, жаңа әсер алуға, тың нәрсе­лерді тануға құмармын. Спорт – өмірімнің ажырамас бөлі­гі, ол күш-қуат беріп қана қой­май, ғұмырды да ұзартаты­нына сенемін. Жастау кезімде волейбол ойнап, теміржолшылар командасымен республикалық додаларда бақ сынадым. Енді, міне саяхатқа қызығып жүрмін. Шын мәнінде, қадірін білгенге бұл да бір керемет спорт қой, – деп сөзін түйді Жұмабай ата. 

Айтпақшы, бұл сапар – вело­шабандоздың Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арнаған алғашқы сапары емес. Яғни, Жұмабай ата жыл басында сәуір айында Абай ауылына велошеру ұйымдас­тыр­ған. Мақсаты – Семей қаласынан ақын туралы құнды естелік бол­ған кітапты Ақтөбе облысының Абай ауылы тұрғындарына та­быстап, ақынның рухына тағзым етіп, оның өшпес мұрасын дәріп­теу болды. Мәреге жеткен кезде Жұмабай ақсақал сол ауылдағы Абай Құнанбайұлы ескерткішінің жанында оқушылармен кездесіп, кітапты мектеп ұжымына табыс­тады. Оқушыларға табандылы­ғы­мен үлгі болған саяхатшы маман­дық таңдау жөнінде де кәсіби бағдар берді.

Алдағы уақытта Жұмабай ата Қазақстанның өзге де өңірлерін аралауды көздеп отыр. Айту­ын­ша, әр сапар оған елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға мүм­кіндік беріп, өз кезегінде жас­тарға өнеге көрсетуді мақсат етеді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ