Жазушы жатқан жердің топырағы туған жері Шұбартауға жеткізілді.
Мұхтар Мағауиннің топырағы туған жеріне жеткізілді
коллаж alash
6,639
оқылды

Juzmedia порталының жазуынша, жазушының ұлы Едіге Мағауин Америкадағы зиратынан алынған топырақты ата-бабалары жерленген Көпбейіт қорымына апарып қойды.

Баршатас ауылында жазушыға арнап жылдық ас беріліп, оған зиялы қауым мен туыстары қатысты.

Мұхтар Мағауиннің барлық қолжазбалары мен мұрасы АҚШ-тағы отбасылық үйінде сақтаулы. Алдағы уақытта сол үйді мұражайға айналдыру жоспарланып отыр.

Мұхтар Мағауин - жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы.

Ол 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Әр жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған.

Жазушы ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.

Жазушының XV–XVІІІ ғасырдағы қазақ ақын, жыраулары туралы "Қобыз сарыны", "Көк мұнар" романы, "Шақан-Шері", "Гауһар" роман-дилогиясы, "Жармақ", "Шыңғыс ханның шарапаты" және өзге де шығармалары бар.

Еске салайық, жазушы,  Мұхтар Мағауин биыл 10 қаңтарда 85-ке қараған шағында өмірден өтті.

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.