Ертең, 10 тамызда, Алматының Орталық стадионында әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес ән кешін өткізеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Дегенмен "Спорт Шредингера" Telegram арнасы стадиондағы газонның болашағына алаңдаулы екенін айтты.
Лопестің концерті бұған дейін Астанада, Ереванда және Ташкентте ұйымдастырылған. «Астана Аренадағы» жасанды жабынға мұндай шара зиян тигізбесе, Ереван мен Ташкенттегі табиғи алаңдарда жағдай күрт өзгерген.
Арменияда концерттен кейін стадион газонының түсі өзгеріп, қап-қара жолақтар пайда болған. Жергілікті мамандар алаңды қайта тегістеп, суару жұмыстарын бастап кеткенімен, кейбір спорт сарапшылары мұндай жабынды қалпына келтіру үшін көп уақыт керек екенін алға тартады.
Өзбекстанда болса, жағдай тіпті күрделі. Championat Asia жазғандай, шөптің толық қалпына келуіне екі айға жуық уақыт қажет болуы мүмкін. Бұл – тамыздың соңында өтуі тиіс Орталық Азия Кубогының финалына тікелей қауіп. Федерация қазір алаңды «тірілту» үшін шетелден арнайы тыңайтқыштар мен қалпына келтіру құралдарын күтуде.
Сала мамандарының айтуынша, концерт кезінде қолданылатын уақытша қорғаныш жабындары тек шөпті аздап сақтайды. Негізгі жұмыс – іс-шарадан кейін дереу зақымданған бөліктерді ауыстырып, алаңды тазартып, қайта себу. Егер бұл талаптар сақталмаса, табиғи газон бір күннің ішінде жарамсыз болып қалуы ықтимал.
Sport Шредингера арнасы Алматыдағы Орталық стадион әкімшілігі бұл тәжірибелерден сабақ алып, ертеңгі концерттен кейін алаңды дер кезінде қалпына келтірсе екен деген үміт білдірді.