Жастар – ел ертеңінің айнасы, ұлт болашағының бе­рік іргетасы.
Спорт – тәрбиенің пәрменді құралы
5,338
оқылды

Олар білімді, саналы, тәрбиелі ғана емес, дені сау әрі салауатты өмір салтын ұстан­ған ұрпақ болып қалыптасқанда ғана мем­лекет өркендеп, қоғам ілгері қарай қарышты қадам баспақ. Сол себепті еліміздің әр өңі­рінде бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша мән берілуде. Соның айқын мысалы – Ақмола облысына қарасты Есіл ауданы. Мұнда соңғы үш жылда бірде-бір жасөспірім қылмысқа қа­тыспаған. Бұл – жай ғана құрғақ статистика емес, жүйелі, мақсатты әрі үйлесімді еңбектің, аза­маттық жауапкершіліктің, сонымен қатар қо­ғам мен биліктің бірлесе атқарған табанды ең­бегінің нәтижесі.

Есілде қалыптасқан үлгі – полиция мен спорт қауым­дастығының, жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдар­дың өзара серіктестігі арқылы жастарды қылмыс пен құ­қықбұзушылықтан қорғаудың тиімді тетігі. Мұнда спорт – жай ғана денешын­ықтыру құралы ғана емес, ол мінез қа­лыптастыратын, ерік-жігерді бекітетін, арманға жетелейтін өмір мектебі ретінде қабылданады. Жастардың спортқа ден қоюы – олардың бос уақытын пайдалы іспен өткізуіне, темекі мен алкогольден, нашақорлықтан бойын аулақ ұстауына жол аш­қан. Бұл үрдіс құқық қорғау органдарының назарын да өзіне аударып, ел ішінде тыныштық пен қауіпсіздікті сақ­тау­дың тиімді амалдарының біріне айналыпты.

Таяуда Ақмола облыстық Полиция департаментінің бас­шылығы Есіл ауданының спорт жаттықтырушылары және жас­тарымен арнайы кездесу өткізді. Бұл жиында елдегі заң үстем­дігі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен «Заң және тәртіп» идеологемасы жан-жақты тал­қы­лан­ды. Спортшылар мен жаттықтырушылар тәжірибелерімен бө­­лісіп, жастарды ынталандыратын үлгілік жаттығулар көр­сетті. Полиция өкілдері қылмысқа қарсы іс-қимылдың тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ мін­деті екенін атап өтті.

– Полиция мен спорт қоғамдастығы арасындағы серік­тестік – бұл тек алдын алу шаралары ғана емес, ұлттық қауіп­сіз­дікті нығайтудың пәрменді құралы. Еркін ойлы, спортқа құш­тар жастар – қоғам тыныштығының кепілі, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнәр Пинчук.

Ақмола өңірі  – «Зиялы қауым» бағдарламасын тиімді жүзеге асырып келе жатқан санаулы аймақтардың бірі. Бұл жо­ба мұғалімдерді, спортшыларды, мәдениет қайраткерлерін, ар­дагерлерді – жастар тәрбиесіне жұмылдырып отыр. Есіл ау­данында да ата-аналар, ұстаздар және спорт жаттық­тыру­шылары күш біріктіріп, жасөспірімдерді теріс әдеттерден, құ­қық­бұзушылықтан алшақ ұстауға барынша атсалысып ке­леді

Кездесуге жекпе-жектен әлем чемпионы, ел намысын та­лай дүбірлі додаларда асқақтатқан Идрис Бірімжанов ар­найы келіп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол спорт­тың адамға тек физикалық дайындық қана бермей, мінезді шың­дайтынын, жауапкершілік пен тәртіпке баулитынын атап өтті.

Бүгінде Есіл ауданында үштен астам заманауи спорт ке­шені жұмыс істейді. Бұл – жастардың бос уақытын тиімді өт­кізуіне, денсаулығын нығайтуына және қоғамға пайдалы орта­ға тартылуына зор мүмкіндік.

Сонымен бірге полиция бастамасымен «Заң елшілері» атты жоба іске қосылған. Мұнда жас спортшылар өз қатарлас­тары­на үлгі болып, заң мен тәртіпке құрметті насихаттайды.

Кездесу барысында бұрын қолға алынбаған бірқатар тың бас­та­ма да көтерілді. Атап айтқанда, тәуекел тобындағы жа­сөс­пірімдерге арналған спорттық турнирлер, ювеналды по­лиция инспекторлары өткізетін шеберлік сабақтары, «Тә­лім­гер» бағдарламасы негізінде тәжірибелі спортшылардың қиын жағ­дайда жүрген жасөспірімдерге қамқор болуы сияқты ізгі ша­ралар ұйымдастырылатын болды.

Бұл шаралар тек спорттық дағдыларды дамытып қана қой­май, жастардың өмірлік бағытын дұрыс қалыптастыруға жә­не құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етпек.

Іс-шара соңында ішкі істер органдары мен спорт ұйым­дары арасында «Заң және тәртіп» қағидасы аясында тұрақты ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Өңірде спортты да­мытуға және құқықбұзушылықтың алдын алуға қосқан үле­сі үшін бірқатар жаттықтырушы мен белсенді жас спорт­шылар марапатталды.

Есілдің тәжірибесі – қылмысқа қарсы күресте қоғам мен би­лік­тің бірлесе әрекет етуінің жарқын үлгісі. Бұл тәсіл адам сау­дасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, экстремизм, сыбай­лас жемқорлық, нашақорлық және браконьерлік сияқты аса қауіпті қылмыстардың алдын алуда да тиімділігі зор.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы