Ақтөбеде полиция қызметкерлері бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады. Екі дөңгелекті көліктерді ұрлаудың алдын алу мақсатында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында 47 жастағы ер адам анықталып, қолға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz-тің мәліметінше, тергеу барысында күдіктінің көпқабатты үйлердің аулаларынан бекітілмеген велосипедтерді ұрлап, оларды белгісіз адамдарға сатып жібергені белгілі болды. Қазіргі таңда оның 6 эпизодқа қатысы бары дәлелденді. Полиция қызметкерлері ұрланған велосипедтерді тәркілеп, заңды иелеріне қайтарды. Полиция ескертеді:
- Велосипедтерді қараусыз және құлыпсыз қалдырмаңыз;
- Мүмкіндігінше арнайы тұрақтарды және күзетілетін орындарды пайдаланыңыз;
- Ұрлық болған жағдайда дереу полиция бөліміне хабарласыңыз.
Иеліктегі мүлікке қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары жалғасуда.