Президент бастамасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы үш жылдан бері Қарағанды облысының ауыл тұрғындарына өз ісін дамытуға көмектесіп келеді.
Ауылда кәсіпкер көбейді
5,179
оқылды

Төмен пайызбен жеңілдетілген шағын несиелер ауыл тұрғындарына бизнес ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ғана емес, ауылдағы өмірді жақсартуға мүмкіндік береді.

Мысалы, Новоузенка ауылының фермері Қайрат Әбиев ірі қара мал өсірумен айналысады, ол несие алып, трактор сатып алды. Оның айтуынша, бұрын жиі бұзылатын ескі техникамен жұмыс істеуге тура келген. «Жаңа трактор «Мерседес» сияқты», – дейді ол. Бүгінде Қайрат Әбиевтің шаруа қожалығында 140-қа жуық ірі қара мал бар, олардың жайылымы мен мал сою алаңы бар. Фермер мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Үштөбе ауылында екі кәсіпкер Азамат Амантайұлы мен Жасұлан Смағұлов ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, мемлекеттен қолдау алып, жылыжай салуда. Қолға алған іс қазірдің өзінде аяқталып қалды. Олар көкөністерді жыл бойы өсіріп, қолжетімді бағамен, қосымша логистикалық шығындарсыз сатуға ниетті. «Жазда да, қыста да өнім жинаймыз», – дейді Жасұлан Смағұлов. 

Үштөбе ауылында сүт шағын зауыты да жұмыс істей бастады. Жабдықтар «Даму» қорының қол­дауының арқасында сатып алынған. Зауыт сүзбе, май және ірімшік шы­ғарады. Бірақ ассортиментті кеңейту жоспарлануда.

Бұқар жырау ауданының Белағаш ауылында алғаш рет шина жөндеу шеберханасы ашылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін бұрын-соңды болмаған қызмет түрі. Жобаның авторы – 47 жастағы Ерболат Мол­дабеков. Бұрын ветеринар болып еңбек еткен ол көптен бері көкейінде жүрген кәсібін «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен жүзеге асырды. «Ауыл аманаты» – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, табысын арттыруға және ша­ғын бизнесті дамытуға бағытталған мем­лекеттік бағдарлама. Ерболат осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, жаңа бағытта кәсібін бастады.

– Жас кезімде қаладағы шино­монтажда жұ­мыс істеп, аздап тәжірибе жинағанмын. Өз ісімді ашу  көптен бергі арманым еді. Бірақ қаражат жа­ғынан мүмкіндік болмады. Бағ­дарлама туралы ести сала құжаттарды дайындап, өтінім бердім. Барлық рәсім тез әрі қиындықсыз өтті. Ауыл әкім­дігі мен мамандар көп көмектесті – қай құжат керек, қалай рәсімдеу керек, бәрін түсіндіріп отыр­ды. Ең бастысы – нақты жоспарың мен ние­тің болу керек, – дейді кәсіпкер.

Ерболат Молдабеков 2,8 миллион теңге кө­лемінде жеңілдетілген несие алып, қажет құрал-жабдықтарды сатып алды. Несие 5 жыл мерзімге, жылдық 2,5% мөлшерлемемен берілген. Төлем тоқсан сайын жүргізіледі. Алынған қаражатқа шеберхана үшін көтергіш, компрессор, домкрат, дөңгелек бөлшектеу және балансировка станоктары, қосалқы бөлшектер сатып алынған. Қазір Ерболат шебер­ханасын өз ауласындағы гаражда жүргізіп отыр. Мұнда ши­наларды маусымдық ауыстыру, май құю, жүріс бөлігіне техникалық қызмет көр­сету, дөңгелектерді шешіп-қондыру және балансқа келтіру сынды қызметтердің толық кешені көр­сетіледі. Жақын болашақта кәсіпкер кәсібін кеңейтуді көздейді. Ол несиесін мерзімінен бұрын өтеп, жаңа несие арқылы жеке шеберхана салып, дәнекерлеу және сырлау құралдарын алып, қозғалтқыш пен беріліс қораптарын жөндеу, сыр­­лау жұмыстарын да қолға алмақ. Қа­зір Ерболат шеберханада жалғыз жұ­мыс істейді. Алайда оған әрдайым екі ұлы – 10 және 8 жастағы балалары көмектесіп жүреді. Олар әкесінің жанынан табы­лып, құралдарын ұсынып, алғашқы еңбек дағ­дыларын бойына сіңіріп келеді.

Белағаш ауылы аудан орталығынан 50 шақы­рым қашықта орналасқан. Ерболат ашқан шебер­хана – тек ауылдағы емес, бүкіл округтегі алғашқы шиномонтаж. Кәсіпкердің айтуынша, ауыл тұр­ғындары үшін бұл өте қолайлы.

– Бұрын қарапайым қызметтің өзін аудан орталығынан іздеуге мәжбүр болатынбыз. Қазір жұрт осы жерден-ақ көлігін жөндеп, дөңгелек ауыстырып кетіп жатыр. Әсіресе, көктем мен күз­де жұмыс қызады. Бұл мені ша­быттандырады. Қол қусырып отыруға болмайды, аз да болса тәжірибең болса, соған сүйеніп әрекет ету керек. Қалғаны  уақыттың еншісінде, – дейді Ерболат Молдабеков.

Қазірдің өзінде оның қызметіне көрші ауылдардан да сұраныс бар. Белағаш ауылдық округінің әкімі Амангелді Күпеновтің айтуынша, Ерболаттың жобасы – ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан үш жобаның бірі.

– Жалпы алғанда, ауыл тұр­ғындарынан жеті өтінім қабылданды. Соның ішінде екеуі  мал шаруашы­лығына бағытталған. Біз белсенді азаматтарды әрдайым қолдауға әзір­міз. Осындай жобалар ауылда да табысты кәсіп бастауға болатынын көрсетіп отыр, – дейді әкім.

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» 2023 жылы іске қосылды, осы уақыт ішінде Қарағанды облы­сында 5,6 млрд теңгеге 670-тен астам жеңілде­тілген шағын несие берілді. Мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бұқар жырау ауданында 128 жоба жүзеге асырылды. Ең белсенділері – Ботақара, Үштөбе және Ростов ауылының тұрғындары. Бұқар жырау, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту «бір ауыл – бір өнім» моделі бойынша жүргізілуде.

Биыл облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 300-ге жуық жобаны қолдау жоспарлануда.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы