Ақтөбе тұрғыны "Нұр Ғасыр" мешітінде қызға тиісіп, "бір реттік неке" ұсынған. Кейін бұл оқиға көпшілік арасында кең тарап, талқыға түсті. Ислам дінінде "бір реттік неке" бар ма, жоқ па? Бұл туралы Aikyn.kz informburo.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ақтөбе тұрғыны Эммануэлла Наурызбаева Instagram парақшасында мешіт кіреберісінде ер адамның оған интимдік мақсатта "бір реттік неке" ұсынғаны туралы видео жариялады. Осы видеодан кейін Ақтөбе қалалық полициясы видеодағы адамды анықтап, оны бес тәулікке қамады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.
"Мешіт – құлшылық пен тәрбие ордасы. Онда келген әрбір азамат өзін әдеппен, ізетпен ұстауға міндетті. Ислам шариғатында өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйел затына қолайсыз пікір білдіру – мұсылман әдебіне сай келмейтін және айыпталатын іс-әрекет. ҚМДБ қыз балаға орынсыз сөз айтқан азаматтың әрекетін айыптайды. Өйткені, мұндай әрекет мұсылмандыққа жат, әрі адамгершілік қағидаттарына да сай емес", – делінген хабарламада.
ҚМДБ жамағатты сабыр мен парасаттылыққа шақырып, жалған ақпарат пен арандатушылық әрекеттерге ермеуге үндейді.
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, ұстаз Елбек Тасболатұлы исламда уақытша неке деген мүлдем жоқ екенін, уақытша некенің үкімі қандай екенін айтты.
"Ақ неке – ер мен әйел затының отбасын құру мақсатында жасалатын қасиетті келісім шарт. Сондықтан да, ақ некенің басқа келісім шарттардан қарағанда өзгеше талаптары бар. Мысалы, неке қимақшы болған ер мен әйел бір-біріне жақын туыс болмауы, қалындық тарапының қамқоршысының (әкесі, атасы, ағасы,баласы арнайы тәртіппен) келісімі, күәлардың қатысуы, екі тараптың разылығы және басқа да шарттар қойылады. Біздің ұстанатын бағытымыз – көпшілік ғұламалардың жолы. Яғни уақытша неке мүлдем дұрыс емес", – деді ұстаз.
Елбек Тасболатұлы исламда уақытша неке есепке алынбайтынын, бұндай неке қиылған болып есептелмейтінін айта кетті. Мұндай ұғым төрт мәзһабта да жоқ. ҚМДБ ханафи мәзһабын ұстанғандықтан бұндай некені жоққа шығарады.
"Бір реттік неке" кейбір жат ағымдардың өздеріне жасап алған дүниесі. Мұндай неке қоғамда бұзақылықтың, арсыздықтың жайылуына себеп болады. Сондықтан жезөкшелікке ұқсайтын дүние болып есептеледі немесе діннің атын жамылып жезөкшелікті адалға шығарып алу деп есептесек те болады. Салдары өте ауыр. Мұндай неке есептелінбегендіктен жезөкшелікпен қатар дінде қатаң тыйым салынған зинамен айналысу және оны діннің атымен ақтап алу болып есептеледі. Бұл күнәнің үстіне күнә, азғындық үстіне азғындық болмақ. Дініміз бұндай нәрсеге қатаң тыйым салады. Сондай азғындыққа түсіп қалмау үшін ресми орындардан, мешіттен дінге қатысты мәселенің мән-жайын анықтап алу керек", – деді Елбек Тасболатұлы.
Үкімі: "бір реттік неке" зина, харам болып есептеледі.