Жәбірленуші Аружан Мағзұм: “ең сорақысы, жігіттер әлі сол демалыс орнында жұмыс істеп жүр” дейді.
«Танысудан бас тартқан»: Балқашта жігіттер қыздарды көлге батырып жібермек болды
1,576
оқылды

Танысудан бас тартқаны үшін көлге батырып жібермек болды. Балқашқа демалуға барған апалы-сіңлі төрт қыз қайық тізгіндеген жігіттердің кесірінен ажал құша жаздағанын айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Олар диванға мінерде жүзе алмайтынын ескертіпті. Бірақ соған қарамастан, катер тізгіндеген жігіттер бойжеткендерді суға лақтырып кеткен.

— Барлығымыз бір-бірімізге соғылып, төртеуміз де суға түсеміз. Менің сіңлім 15-20 метрдей алға қарай тұншығып, су астына диванмен бірге ұшқан. Судың ортасында тура бір-бірімізді алып шықпасақ, бізді ана жақта ешкім де алып шықпас еді. Иә, қырындады, танысу, ха-ха, хи-хи сондай ғана олардың мәселесі. Біз жігітіміз бар дедік. Содан кейін менің көзімше олар әдейі суға лақтырып, қарап тұрды, - дейді Аружан Мағзұм.

Қыздардың бірі есінен танған. Қасындағы әпкесі қанша абдырап қалса да, сіңлісін жағаға шығару үшін барын салыпты. Дәрігерлер екі қызға «аспирациялық пневмония» диагнозын қойып, бір-екі аптаға ауруханаға жатқызыпты. Жәбірленуші Аружан Мағзұм: “ең сорақысы, жігіттер әлі сол демалыс орнында жұмыс істеп жүр” дейді. Бойжеткен пансионат әкімшілігінен қайық жүргізушілерінің жұмыстан кетуін талап етіпті. Полиция аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, жауаптыларды тергей бастаған.

— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар барлық адам анықталып, жауап алынды.Құқықбұзушылықтың жасалуына себеп болған жағдайлар мен мән-жайды толық анықтау, сондай-ақ кінәлілерді заң аясында қатаң жауапқа тарту мақсатында тергеу жүріп жатыр, - деп нақтылады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы.