Қарағанды қаласына арнайы сапармен келген Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева «AMANAT» партиясының ғимаратына жиналған жұртшылыққа бұл занның Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, азаматтардың нақты сұранысын ескергенін айтып өтті.
– Арнайы осы заң туралы халықты таныстыру үшін алғашқы сапарымызды Қарағанды қаласынан бастадық. Негізі, заңның екі негізгі міндеті бар. Біріншісі – көпқабатты үйдің тұрғындарына өз үйін қалай басқару керектігін таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету, екіншісі – пәтер иелері кооперативтерінің құқықтық режимін реттеу. 2023 жылы бұл институт сақталатын болып шешіліп қойған, алайда оның құқықтық мәртебесі әлі де айқындалмаған еді. Іс жүзінде бұл – бұрынғы қателіктерді түзету және тұрғын үй қорын басқарудың қазіргі тәжірибесіне реттеуші базаны сәйкестендіру, – деді Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, біріншіден, тұрғын үй инспекциясы секілді әкімшілік ресурстар адамдарды өз үйінің шаруашылығын басқаруға қатысуға немесе қандай да бір басқару формасын тіркеуге мәжбүрлей алмайды. Адамдарды белсенді болуға күшпен итермелеу дұрыс емес. Бұл мақсатта онсыз да шектеулі мемлекеттік қызметкерлер ресурсын босқа жұмсаудың қажеті жоқ.
– Екіншіден, біз, көпқабатты үй тұрғындары, меншігіміз болғанын қалаймыз, бірақ оны басқаруға қатысқымыз келмейді. Бұл тұрмыстық нигилизмнің түрлі себебі бар. Кей жағдайда тұрғын үй қорын қандай күйде және қандай тәртіппен басқаруға алғанымыз да әсер етеді. Кейде көп жыл бойы бір үйде бірнеше басқару түрінің болуы мен кейбір басшылардың теріс әрекеттері тұрғындардың белсенділігін төмендетіп тастаған болып шығады.
Сондай-ақ субъективті себептер де бар – басқару ісіне қатысуға ниеттің болмауы, бәрі өздігінен шешіледі деген үміт, уақыттың, басқару дағдыларының жоқтығы. Тұрғындардың өз үйін басқару ісіне қатысу ниетін қалыптастыру үшін біз, заң шығарушылар мен реттеушілер, оны жеңіл, ерікті әрі түсінікті етуіміз керек. Осы мақсатта заңда цифрлық шешімдерді енгізу шаралары қолға алынып, шешім қабылдау рәсімдері қайта қаралды, бюрократиялық тетіктер жеңілдетілді. Ендігі жерде барлық басқарушы субъекті тұрғындарға электрондық дауыс беруге мүмкіндік жасап, үйді цифрлық жүйелер арқылы басқаруды қолжетімді етуге міндетті болады, – деді депутат.
Сонымен қатар жиында «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және жаңғырту орталығы» басқарма төрағасының кеңесшісі Марғұлан Әбдікәрімов болса:
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты тұрақты дамыту, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту мақсатында Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлерді (КПТҮ) басқарудың жаңа тетігі қабылданып, енгізілді. Көппәтерлі үйлердегі басқару субъектілері маңызды функцияны атқарады, осылайша бұл – КТЖ мүлкінің меншік иелері алдындағы жауапкершілікті арттыру қажеттілігі. Бүгінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен кондоминиум объектілерін басқарудың басқарушы компания және пәтер иелерінің кооперативі (және тұрғын емес үй-жайлар) деген субъектілері анықталды. Екі нысан да қолданыстағы және тең құқықты тетіктер, олар тұрғындарға үйдің нақты жағдайларына, оны ұстау бойынша қаржылық мүмкіндіктерге және тұрғындардың объектілерді басқару кезінде тартылған ұйымдардың техникалық пайдалану қағидаларын және қаржылық тәртіпті сақтауына бағытталған іс-шараларға қатысуға дайындығына байланысты басқарудың неғұрлым қолайлы моделін таңдауға мүмкіндік береді, – деп түсіндіріп өтті.
Сапар барысында спикерлер заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер уақыт талабы екенін айта келе пәтер иелері кооперативі басшыларының сұрақтарына жауап берді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы