Ойынға облыстағы ірі өндіріс орындарының 75-тен астам жұмысшы мамандығының өкілдері қатысты. Әрбір команда өз кәсіпорнын таныстырып, 6 кезеңнен тұратын Quiz-ойында бақ сынады.
Сұрақтар жалпы эрудициямен қатар жұмысшы мамандықтарының ерекшеліктеріне де қатысты болды. Бұл қатысушыларға өз білімін көрсетіп қана қоймай, жаңа мағлұматтар алуға да мүмкіндік берді.
Қатысушылардың барынша белсенділігі мен қолдау топтарының ерекше дайындығы ойынға мерекелік көңіл күй мен нағыз жарыс атмосферасын сыйлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер серіктестер ұсынған бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды.
«Бүгін біз Жастар күнін заманауи, ерекше әрі белсенді түрде атап өтуді жөн көрдік. Бұл жолы жұмысшы мамандықтарының өкілдері қатысып, командалық рухты күшейтетін, әріптестердің бір-бірін жұмыс орнынан тыс жерде жақынырақ танып-білуіне мүмкіндік беретін іс-шара ұйымдастырдық. Сонымен қатар арнайы таңдалған сыйлықтар да командаларды біріктіре түсетініне сенімдіміз», – деп бөлісті шара ұйымдастырушысы Зият Сәдуақасов.
Шара жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға, корпоративтік мәдениетті нығайтуға және жас мамандардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған бастамалар сериясының бір бөлігі болды.
Ұйымдастырушылар қатысушылар мен серіктестерге белсенділік пен қолдау білдіріп, өңірдегі жастар саясатының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы