Бір ғана идеология үстемдік еткен сол кезеңдерде тарихи шындықтың беті ашылмай, халықтың жады ұмыт бола бастады. Алайда ел ішінде ұлттық рух пен тарихи жадының отын сөндірмеген, өткенін ұмытпаған жандар аз болған жоқ. Олар қасіретті жылдарды, ата-бабаның ерлігін, ұлт үшін күрескен батырларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды. Егемендік алғалы Қазақстан ғалымдары тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» зерттеп, шындыққа қол жеткізіп отыр. Егемендіктің арқасында халқымыздың тарихи жадын қайта жаңғыртып, өткенімізге терең бойлап, ұлтымыздың ұлы тарихын дәріптеуге мүмкіндік туды.
Ұлытау – тәуелсіз Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған тағдырлы оқиғаларға бай мекен. Сол тарихи кезеңдердің ең маңыздысы – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрып, елдігін, бірлігін, жерін қорғауы. Бұл тек мемлекеттің емес, тұтас ұлттың, оның тілі мен мәдениетінің, салты мен дәстүрінің тағдырын шешкен ұлы тарихи белес болды. Осы сындарлы заманда, 1727 жылы қазіргі Ұлытау өңіріндегі Бұланты өзені бойында, үш жүздің батырларынан құралған қазақ жасақтары мен жоңғар-қалмақтың біріккен қолы арасында шешуші шайқас өтті. Бұл — қазақ сарбаздарының бірігіп жауға күйрете соққы берген алғашқы ірі жеңісі еді. Бұл жеңістен кейін майдан кіндігі болған Білеуті өзені «Қалмақ қырылған» атанды. Ал талайларды тамсандырып, аңызға айналған атышулы соғыс «Бұланты шайқасы» деп аталып, ұлт тарихында алтын әріппен жазылды. Бұланты шайқасы ұлт-азаттық күрестің бетбұрысты кезеңіне айналды. Тарихшылар орынды атап өткендей, егер осы жеңіс болмағанда, бүгінгі ұлан-ғайыр қазақ даласында өзге мемлекеттің орнығуы әбден мүмкін еді. Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып, тарих сахнасынан мүлде жоғалуы да ықтимал болатын. Өлшеусіз тарихи маңызы бар бұл жеңіс жайлы Мұхтар Мағауин былай деген еді: «Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ Ордасы осыдан үш жүз жыл бұрын мүлде тозып құрып біткен, Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты». Бұл кезеңнің басты оқиғалары тағы да жоңғар шапқыншылығымен тікелей байланысты болғандықтан, сол тұстағы қазақ-жоңғар қатынастарына сипаттама берелік.
Жоңғар хандығының шығысы мен оңтүстігіндегі көршісі – алып Цинь империясымен де олар әлсін-әлсін соғысып, олардың да жерін бірте-бірте жаулап алу саясатын жүргізгені тарихи шындық. Жаңа жайылымдарға деген қажеттілік жоңғарларды қазақ жеріне көз алартып, басып алуға итермелейді. 1635 жылы құрылған Жоңғария мемлекеті алғашқы күндерден бастап қазақ жеріне тонаушылық жорықтар ұйымдастырады. Батыр қонтайшы (1635-1653) тұсында қазақ – жоңғар арасында үш ірі соғыс болады. Олардың 1635,1643 және 1652 жылдары болғаны тарихтан мәлім. Сенге қонтайшы тұсында (1653-1670) екі жақ арасында ірі соғыстар тарихта тіркелмеген. Ал Галдан Бошокту тұсында Жоңғарияның әскери агрессиясы барлық көрші елдерге бағытталады. Қытаймен соғыса отырып, ол Шығыс Түркістан – Қашқарияны бағындырады, 1680-1683 жылдары Сайрам қаласы түбінде қазақтармен соғыс жүргізеді, Ош пен Андижан өңірлеріне тонаушылық жорықтар ұйымдастырады. 1697 жылы Сенгенің ұлы Цеван Рабданның жоңғар тағына келуімен қазақ-жоңғар қатынасы күрт өзгеріске ұшырайды. Егер де Цеван Рабданға дейінгі екі жақ арасындағы қақтығыстар негізінен тонаушылық сипатта болса, жаңа хонтайшы ол қатынасты басқыншылық сипатқа ауыстырады. Міне, осы жылдарда қазақ халқының батыр ұландары өз қолбасшыларының бастауымен жер үшін, ел үшін жан аямас қан майдандарға шығады. XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың 60-жылдарына дейінгі қазақ батырларының бәрі жоңғарлармен болған соғыстарда көзге түсіп, батыр атанады.
Бірнеше мыңжылдық Қазақ елінің тарихында әр дәуірдің алатын өз орны бар. Хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңге XV ғасырдың ортасынан XІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейінгі уақыт жатады. Дәуір – Қазақ хандығының тарих мінберіне көтерілуімен басталса, XІХ ғасырдың 20-жылдарының бірінші бөлігінде тарих көшінде қалумен аяқталады. Үш жарым ғасырдан астам уақыт өмір сүрген Қазақ хандығы өз тарихында екі үлкен кезеңге бөлінеді. Біріншісі – бір орталықтан басқарылатын хандық кезең, ал екіншісі – Қазақ мемлекетінің бытыраңқылық кезеңі. XVIII ғасырдың басында Тәуке ханның қайтыс болуымен хандық дәуірдің бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталады. Қазақ тарихында «алтын ғасыр» немесе «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман деген атауға ие болған Тәуке ханның билігі ол қайтыс болғаннан кейін қазақтар үшін сағымға айналып кетеді. Тәуке ханнан соң билікте болғандар Есім ханның бір ұрпағы Қайып хан, одан кейін Тәукенің үлкен ұлы Болат хан қазақ қоғамындағы ішкі саяси қайшылықтарды ретке келтіре алмады. Орталық атқарушы билік әлсіз болғандықтан, жер-жердегі беделді сұлтандар өздерін хан деп жариялап, дербес саясат жүргізе бастайды. Кіші жүзде Әбілқайыр хан, Ұлы жүзде оның туысы Жолбарыс хан Тәшкенде отырып, дербес билеуші атанады. Түркістанда Болат ханнан кейін Тәуке ханның ұлы Сәмеке хан, ал одан кейін Болаттың ұлы Әбілмәмбет хан билікте болып, олар бар болғаны Орта жүздің ру-тайпаларына билік етеді. Сол себепті оларды Орта жүз хандары деп атайды. XVIII ғасырдың 20-40 жылдары Қазақ мемлекетінің орнында үш саяси құрылым пайда болса, олардың ішкі саяси жағдайы да берік бола алмады. Кіші жүзде Әбілқайыр ханның саяси қарсыласы Қайып ханның ұлы Батыр сұлтан шекті, шөмекей руларын басқарып, Кіші жүз ханына бағына қоймайды. Ол Әбілқайыр ханның басты қарсыласы Барақ сұлтанның жағында болаы. Орта жүздегі саяси жағдайға келсек, мұндағы жағдай Кіші жүздің жағдайынан әлде қайда ауыр болатын. Әбілмәмбет хан негізінен арғын руларына арқа сүйесе, Сәмеке ханның ұлдары Сейіт хан Түркістан қаласы мен оған іргелес елді мекендерде билік жүргізіп, Әбілмәмбет ханмен тайталасқа түседі. Осы жылдарда Орта жүздің тағы бір ірі саяси тұлғасы Барақ сұлтан Орта жүздің найман, қоңырат, қаракесек руларын басқарып, бүкіл Қазақ еліндегі саяси шиеленістің отын одан әрі өршіте түседі. Барақ сұлтанның туған інісі Көшек хан найманның садыр руын басқарып, Сайрам қаласында өзін жеке-дара хан деп жариялайды.
Қазақ еліндегі осындай ішкі саяси жағдай көрші мемлекетке белгілі болатын. Батыстан ентелеп келе жатқан Ресей де, шығыстан әлсін-әлсін жорық жасап отырған Жоңғария да қазақ қоғамында қалыптасқан саяси жағдайдан барынша пайда табуды көздейді. Ал енді осы жылдардағы қазақ елінің сыртқы саяси жағдайын Ш.Уәлиханов былайша сипаттайды: «XVIII ғасырдың алғашқы онжылдықтары қазақ халқы үшін өте қиын уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары және башқұрттар қазақтардың ұлыстарын жан-жақтан талап, малын айдап әкетіп, адамдарын отбасыларымен бірге тұтқынға әкетіп отырды. Қыстың аяздары мен аштық құдайдың жіберген сынағы тәрізді, халықтың қасіретін одан әрі қиындатып жіберді. Орынборда болған қазақтың бір рубасы халқының жағдайын бір топ тазыдан қашып келе жатқан қоянға теңеген». Бұл жағдай «Ақтабан шұбырынды» оқиғалары қарсаңында қазақ еліндегі қалыптасқан жалпы саяси жағдайдың қандай екенін көрсетеді.
1723 жылғы жоңғарлар жорығы ерте көктемде тосыннан басталады. 30 мыңдық жоңғар әскерін қонтайшының ұлы Шоно-Лоузан басқарады. Ол Жетісу бойымен, Талас, Арыс өзендерінің аралығындағы қазақ ауылдарын жазықсыз қырып жояды. Жоңғар әскерінің бір тобы Әулиеата тауы маңындағы Шыршық өзені алқабында қоныс тепкен қазақтарға бағытталады. Жорық барысында бес мыңдай қазақ қолға түсіріліп, Жоңғарияға әкетіледі, көп адам қаза табады, ал аман қалғандары жоңғар әскерлерінің тонаушылығына ұшырайды, салық төлеуге мәжбүр болады. Жоңғар әскерлері мал бағушы қазақтардың қоныстары мен жайлауларын бағындыра отырып, Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен отырықшы-егіншілік аудандарға соққылар береді де, ол аймақтарда да өз билігін орнатады. Жалпы, жорықтың нәтижесіне келсек, 1723 жылы жоңғарлар Түркістан, Ташкент, Сайрам қалаларын басып алып, Ұлы жүз бен Орта жүз руларының бір бөлігін өзіне бағындырады. Бұл дегеніміз Ұлы жүздің жерін толығымен, ал Орта жүздің жарты жерін жоңғарлардың иеленгенін көрсетеді. Ел басына түскен осы бір ауыр күндер қазақ халқының ауыз әдебиетінде «Елім-ай» атты зарлы әнмен ұмытылмастай сақталып қалды. Бас сауғалаған ел көрші аймақтарға үдере көшіп, ауыр халге душар болды. Бұл зұлмат жылдар тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды.
Ендігі арада жоңғарлар Еділ бойындағы қалмақтармен бірігіп, қазақ жерін екі жақтан қысуға бағыт алуды жоспарлайды. Бұл қазақ халқының тағдыры үшін аса қауіпті жағдай еді. Мұндай сын сағатта елді біріктіру уақыт талабы болды. Ал елді біріктіретін рух пен сенімді оятатын бір үлкен жеңіс ауадай қажет еді. Ұлы жеңіс 1727 жылы жүзеге асты. Ел басына күн туған шақта үш жүздің игі жақсылары Қарақұмда бас қосып, жауға қарсы бірігуге келісті. Бұл Құрылтай-қазақ халқының бірлігі мен тұтастығын қалпына келтірген шешуші кезең болды. Орталық қолды басқару Әбілқайыр сұлтанға жүктелді. Шешуші шайқас Ұлытау өңірінде Бұланты – Білеуті өзенінің алқабында Қарасүйір деген жерде болды. Аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерге сүйенсек, үш жүзден жиналған сарбаздар жаудың сағын сындырып, жоңғар мен қалмақтың біріккен қолын тас-талқан етіп жеңген. Бұл жеңіс елдің еңсесін тіктеп, рухын көтерді. Жау қолында кеткен жерлерді қайтару, егемендік үшін күресті жалғастыру жолында халықты бір мақсатқа жұмылдырды. Бізді бүгінгі бейбіт күнге жеткізген Тәуелсіздіктің рухани негізін осындай ұлы тарихи оқиғалар бекітті. Бүгінде егеменді еліміз – халқымыздың ғасырлар бойғы азаттық жолындағы күресінің жемісі.
Бұл ұлы жеңістің маңызын ескере отырып, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бұланты шайқасы өткен тарихи жерде «Бұланты шайқасы» мемориалдық кешені бой көтерді. Бұланты шайқасы, оған арналған мемориалдық кешен – өткенге тағзымның, бүгінгіге береке тілеп, болашаққа сеніммен қараудың айқын символы. Бұл – ұлттық тарихқа деген құрметтің жарқын көрінісі. Кешеннің ашылуы тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің, ұлттық мұраны ұлықтаудың және болашаққа жеткізудің маңызды құралына айналды.
2027 жылы бұл шайқасқа 300 жыл толады. Сол жолда құрбан болған бабалар ерлігі мен елдіктің нышаны – Бұланты шайқасы мәңгілік ұмытылмауы тиіс. Сондықтан бұл тарихи оқиға мемлекет тарапынан кеңінен дәріптеліп, елдің рухани дамуына жол ашатын үлкен бастама деуге толық негіз бар.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі, профессор;
Мұрат ҚАЗАМБАЕВ,
өлкетанушы