«Тәтті түтін» түбіңе жетпесін

Елімізде вейпке тыйым салынғанына қарамастан, кө­лең­келі айналымға тосқауыл болмай тұр.

Енді вейп бұрын­ғыдай дүкен сөрелерінде тұрмаса да, мессенджер­лер арқылы саудаға түсетін болған. Заңсыз топтар вейпті сатып алушыларға жеткізу үшін курьер қызметін қолда­нады. Таяуда ғана Алматыда осындай тәсілмен Telegram арқылы вейп саудалаған топ әшкереленді. Бұл көлеңкелі нарыққа қатысты шаһардағы алғашқы жағдай емес.

Былтыр маусым айында елі­мізде вейптер мен темекі өнім­дерін сатуға және жарнамалауға тыйым салатын заң ресми түрде күшіне енген еді. Ал биыл қа­был­данған заңға түзетулер ен­гі­зіліп, ереже қатаңдатылды. Бұл дегеніміз, енді вейпті сақтап, тасымалдайтындар да жауапқа тартылады. 

Зерттеулерге сүйенсек, биыл әлемде электронды сигареттер мен вейптер нарығы 45,03 мил­лиард АҚШ долларына баға­ланған. Ал 2024 жылы жаһандық нарық көлемі 36,41 миллиард АҚШ доллардан асса, орташа жылдық өсім қарқыны 29,6 %-дан жоғары болған. Сарап­шылар 2037 жылға қарай табыс 1,06 триллион АҚШ долларынан асады деп болжаған. Көрсет­кіштің бұлай қарқын алуына вейпті «қауіпсіз нұсқа» деп қа­былдайтын жас буын мен осы сектордағы танымалдықтың ар­туы ықпал ететін көрінеді. 

Расында қазір кейбірінің санасында «вейп темекіге қара­ғанда қауіпсіз» деген пікір орны­ғып алған. Алайда медицина саласының өкілдері бұл пікірмен келіспейді. Пульмонолог дәрі­гер Аурини Серікова сұйық­тық­тың құрамында ішкі ағзаның жұмысына кері әсер ететін қа­уіпті заттар бар екенін айтады.

– Вейптің кәдімгі темекіден қауіпсіз екенін дәлелдейтін ғы­лыми негіз жоқ. Себебі қазір вейп­тің қауіпсіздігі туралы ірі әрі тәуелсіз ғылыми зерттеулер жүргізілмеген. Вейп сұйық­ты­ғы­ның құрамына никотин, про­пиленгликоль, глицерин және хош иістендіргіштер кіреді. Кә­дімгі темекі сияқты вейп те никотинге тәуелділік тудырады. Вейпті қауіпсіз деп қызық үшін тұтынған жастар мен жасөс­пірімдерде күшті никотиндік тәуелділік дамуы мүмкін. Вей­пинг жастардың репродуктивтік функциясына кері әсер етіп, бедеулік қаупін арттырады, – деді пульмонолог.

Жақында Алматы қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі тыйым салынған элек­трондық тұтыну жүйелерінің (вейп), дәмқосқыштар мен арнайы сұйықтықтардың заңсыз айналымына қарсы ірі операция жүргізген еді. Тексеру нәтиже­сінде, Telegram-ға ESCOBAR ОРТОМ атауымен тіркеліп, же­ліде заңсыз саудамен айна­лыс­қан топтың жолы кесілді. Өкі­ніштісі сол, тәркіленген өнімдер көбіне кәмелет жасына толмаған балалар арасында кеңінен  та­ралған. Сондай-ақ тінту кезінде 150 мыңнан астам вейп тәр­кіленіпті. 

– Жастардың тыныс алу жү­йесі бүкіл ағзаның қалыпты жұ­мысын қамтамасыз етеді. Бар­лық ағза мен тіндерге отте­гіні жеткізеді, гомеостазды сақ­тайды. Бронхтар мен өкпеге әр­түрлі себеппен, соның ішінде темекі шегу мен вейп қолданудан зақым келген жағдайда өкпенің желдетілуі мен газ алмасу про­цесі бұзылады. Бұл ентігу, тез шар­шау, физикалық белсенді­лікке нашар төзімділік сияқты белгілерге әкеледі. Жас ұлғайған сайын қарт адамдарда өкпенің серпімділігі төмендейді, тыныс алу бұлшықеттері әлсірейді, кеуде қуысы мен диафрагманың қозғалысы азаяды. Қарттар ви­рустық инфекция мен пневмо­ния­ға көбірек бейім келеді, – деді А.Серікова.

Ресейлік ғалымдар вейпке сынақ жүргізудің нәтижесінде, оның құрамында 62% – пропи­ленгликоль, 35%  – глицерин, 3,6% –  никотин және 4% – хош иістендіргіш бар екендігіне көз жеткізген. Пульмонолог-дәрігер осыған байланысты әлемде EVALI сынды өкпе аурулары тіркелетінін атап өтті. Дәрігердің сөзінше, қазір бұл ауру түрлерін емдеу тәсілі жоқ. Мұндай нау­қастарға өкпе трансплантациясы ұсынылады. Өкінішке қарай, EVALI ауруы көп жағдайда өлім­мен аяқталған.

– Кейбір науқастар вейп қолданғаннан кейін алғаш рет пайда болған жөтел, ентігу, қа­қырық, кеуде тұсының ауруы сияқ­ты белгілермен келеді. Сон­дай-ақ бронхиалды астманың өршуі байқалатын науқастар да бар. Өз тәжірибемде вейптен ауыр зардап шеккен жағдайлар болмады. Алайда әлемде вейпке байланысты өкпенің ауыр за­қым­дануы – EVALI (E-cigarette and Vaping use-Associated Lung Injury – электронды темекі мен вейп қолданумен байланысты өкпе зақымдануы) тіркелген. Бұл – вейп құрамындағы майлы заттарды ингаляциялау нәти­жесінде дамитын өкпенің жедел зақымдануы. Ол өкпеде қабыну реакциясын туындатып, тыныс жетіспеушілігінің тез өршуіне, ақырында қайтымсыз салдарға алып келеді. Дәрі-дәрмекпен ем­деуден бөлек, біз вейптен то­лық бас тартуды ұсынамыз, – деді пульмонолог дәрігер А.Серікова.

Электронды темекі өнімде­рі қолдану кезінде жарылып неме­се тұтанып кетуі ықтимал. Вейп­тің залалы ғылыми тұрғыда то­лық зерттелмегеніне қара­мас­тан, әлемдегі бірқатар меди­ци­налық ұйым хош иістендіргіш­терді қолданбауға кеңес береді.

– Вейпинг өкпе сурфактан­тына зақым келтіреді, иммундық қорғанысты төмендетеді және қабыну, фиброз, мутагендік өз­герістер тудыруы мүмкін. Вейп­тің темекіге қарағанда қауіпсіз екенін сенімді ғылыми деректер растамайды. Вейпингке қарсы арнайы дәрі-дәрмектер жоқ, бірақ темекіге қарсы қолданы­латын никотинді пластырьлар, шайнайтын сағыздар, спрейлер/ингаляторлар дәрігердің таға­йындауымен пайдаланылуы мүмкін, – деді аллерголог, пуль­монолог Индира Зурдунова. 

Қаржы мониторинг агентті­гінің дерегінше, елімізде жыл басынан бері вейптердің заңсыз айналымына қатысты 32 дерек тіркеліп, 440 мыңнан астам бұ­йым жойылған. Тәркіленген зат­тардың құны 1,8 млрд тең­ге­ден асқан. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы