“102” арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, ұлының өзін-өзі өртеуге оқталғанын жеткізген.
Қарағандыда арнайы жасақ оқыс оқиғаның алдын алды
Фото: Polisia.kz
852
оқылды

Алдын ала мәлімет бойынша, 40 жастағы ер адам әкесімен жанжалдан кейін бес қабатты үйдің екінші қабатындағы балконға шығып, қолында жанармай құйылған бөтелкемен өзін де, пәтерді де өртейтінін мәлімдеген.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция мен құтқарушылар аумақты қоршауға алып, подъездегі шамамен 40 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Алкогольдік мас күйіндегі азамат құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбай, балағат сөздер айтып, келіссөздерден бас тартқан.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров оны берілуге бір сағаттан астам үгіттегенімен, нәтиже болмады. Жағдайдың ушығуына байланысты оқиға орнына жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері шақырылды.

Жүргізілген операция барысында арнайы жасақ жауынгері үшінші қабат балконы арқылы пәтерге кіріп, өрт қоюға жол бермей, азаматты ұстады. Қазіргі таңда ол психоневрологиялық диспансерге жатқызылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.