Қызылорда қаласында «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған алғашқы мектепте баспасөз туры өтті.
Қызылорда қаласында «Келешек мектептері» жобасы аясында білім ошағы ашылды
732
оқылды

Бүгін  Қызылорда қаласының "Сол жағалау" ықшамауданында «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде өңірде алғаш ашылған жалпы орта білім беру ұйымына ашық есік күні ұйымдастырылды. Ашық есік күніне 400-ден аса ата-ана мен оқушылар, сонымен қатар республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. 

900 оқушыға арналған жаңа мектеп бүгінде цифрландыру, инклюзивтілік және кеңістікті көпфункционалды пайдалануға қойылатын барлық талаптарға сай келетін заманауи үлгілі  білім ордасы айналған.

Мектеп 0-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі барлық оқушыларға толыққанды білім беруді қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда ғимарат жаңа жиһаздар, цифрлық құрылғылар мен интерактивті технологиялармен толық қамтамасыз етілген. Бұл оқу жылының алғашқы күндерінен-ақ сапалы білім беру процесін жолға қоюға мүмкіндік береді.

Білім ордасы инклюзивтілік пен жалпыға бірдей қолжетімділік қағидаттарына сай жобаланған. Ғимарат пандуспен, лифтпен, тактильді бағыттағыштармен, жарықтық белгілермен, сахнаға арналған арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Ашық есік күні барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ата-аналарға мектептің инфрақұрылымы, атап айтқанда,  цифрлық сауаттылық, информатика және робототехника кабинеттері,  ағаш және металл өңдеу, тігін және аспаздық шеберханалары,  бейнелеу өнері, графика және жобалау кабинеттері, STEM-зертханасы және оқушылардың барлық санатына қолайлы жағдай жасайтын сәулеттік және логистикалық шешімдер таныстырылды.