Бұл бастама – елдің болашағы саналатын жас буынның құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға, олардың әлеуетін толық ашуға бағытталған іргелі қадам. «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесулер сериясының алғашқы шарасына әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсенді қатысып жүрген 500-ден астам жас жиналды. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуға және еріктілік қызметтің мәнін терең түсінуге ниетті.
Шараның ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік зерттеу университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл арнайы қатысып, жастарға ізгі тілектерін жеткізді. Волонтерлер мектебі аясында өткен іс-шаралар жастарға арналған тәжірибелік және танымдық бағытта ұйымдастырылды. Бағдарламада интерактивті пікірталастар, волонтерлердің өз тәжірибесінен шынайы оқиғаларымен бөлісу, әлеуметтік және экологиялық жобаларды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, азаматтық белсенділікті қалыптастыруға арналған тренингтер мен қызықты танымдық куиздер қамтылды.
Кездесулер барысында балалар мен жастар арасындағы өзекті мәселелер, экологиялық қауіптер және оларды шешудің заманауи тәсілдері талқыланды. Қатысушылар өздерінің тың идеяларын ортаға салып, болашақта іске асыруға ниетті бірқатар жобаны ұсын-ды.

Айта кету керек, ЮНИСЕФ волонтерлер мектептері бұған дейін Ақтау мен Астана қалаларында ашылған болатын. Алдағы уақытта мұндай орталықтар Алматы, Көкшетау және Семей қалаларында да жұмысын бастайды. Жалпы, 2020 жылдан бері Қазақстанда 10 мыңнан астам жас ЮНИСЕФ волонтері атанды. Бүгінде ЮНИСЕФ-тің волонтерлер қозғалысы әлемнің түкпір-түкпірінде 10 миллионнан астам адамды біріктіріп отыр. Бұл – жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыратын жаһандық күш.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Шымкенттегі волонтерлер мектебі жас ұрпақтың білімі мен дағдысын арттыруға, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және қоғамға пайдасын тигізетін нақты істерге жұмылдыруға зор үлес қоспақ.
Н.ҚАЛМЫРЗА,
Шымкент қаласы