Ел ішіндегі қоғамдық тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекеттің қарыштап дамуының негізгі шарттарының бірі.
Қоғам мен полиция біріксе – күш
4,797
оқылды

Бұл орайда құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы, басқа құзырлы мүдделес органдармен өзара ықпалдастық, алдын алу шаралары мен жаңа технологиялардың тиімді енгізілуі қылмыс деңгейін төмендетуге айрықша ықпал етіп отырғаны рас. Тәртіп сақшыларының қырағылығы мен жүйелі жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде Ақмола облысының бүгінгі қылмыстық ахуалы түзеле бастауы осының нақты көрінісі десек артық айтпаспыз...

Қылмыстық ахуал тұрақталып келеді

Ақмола облыстық Полиция департа­менті­нің ұсынған деректеріне сүйенсек, биыл облыс аумағында жалпы саны 2103 қылмыстық оқиға тіркелген. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,3 пайызға төмендегені көңіл қуантады. Әсіресе, ұрлық деректері 28,4 пайызға, ұялы теле­фон ұрлы­ғы 10,1 пайызға азайғаны мәлім болды.

Алайда цифрлық технологиялардың дамуымен қоғам өміріне аса үлкен қауіп болып төнген интернет алаяқтықтың саны аса өршіп кеткен. Полиция бұл мәселе аса өзекті екенін атап, оның алдын алу және профилактикалық жағдайға баса назар аударылғанын жеткізді. Құқық қорғаушы­лар­дың мәліметінше, бұл бағытта көрсеткіш 16,7 пайызға төмендегенімен, цифрлық қылмыс әлі де өзекті күйінде қала берген.

Тиімді шаралардың бірі ретінде поли­ция күнделікті ақпараттық буклеттер тара­туда, әлеуметтік желілерде бейнеро­лик­тер жариялап, тұрғындарды интернет-алаяқтықтан сақтандыруға барынша күш салуға баса назар аударған. Сонымен бірге ұялы байланыс операторларымен бірлес­кен жұмыстар нәтижесінде заңсыз SIM-box жабдығын пайдаланып, халық­ара­лық байланыстан пайда таппақ болған екі қыл­мыскер құрықталды. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 213-бабымен сараланып отыр.

Полиция мұнымен қоса банк карта­ларын жалған операцияларға беріп, алаяқ­тарға көмектесетін «дроптар» мәселесі де қатаң бақылауға алынғанын атап өтті. 

– Жыл басынан бері осындай тұлға­лар­дың шоттарынан 16 млн теңгеден ас­там қаражат бұғатталды. Ал 165 дропқа қа­тысты жалпы сомасы 50 млн теңгеден жоғары талап-арыз берілген. Бұл – азамат­тардың қаржысын қорғауға жасалған нақты қадам болып отыр, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Пинчук.

Тәртіп сақшыларының дерегінше, жыл басынан бері облыс аумағында 26 аса ауыр қылмыс тіркелген. Олардың ішінде қарақшылардың қолымен жасалып 20 миллион теңгеден астам қаражат пен құн­ды дүниелерді жымқырып кеткен пәтер тонау оқиғалары «ізін суытпай» ашылып, сондай-ақ резонанстық бірнеше факті  әшкере болды. Бұл – полицияның жедел-іздестіру шараларының пәрменділігін айғақтай түседі.

Статистикаға жүгінсек, өңірде қыл­мыс­тың ең көп тіркелетіні – Көкшетау қаласы болып отыр. Полиция мұны халық көп шоғырланған жерде қылмыс көрсет­кіші де жоғары болатындықтан ірі қалаға тән заңдылық деп бағалады.

Жастар арасындағы қылмыс – ұдайы назарда

Соңғы жылдары Ақмола облысының полициясы заманауи технологияларды кеңінен енгізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Қазір өңірде 64 400 бейнебақылау ка­мерасы орнатылса, соның ішінде 18 600 ка­мера жедел басқару орталықтарына қосыл­­ғаны мәлім болды. Ал 2 493 камера нақ­ты қылмыстың алдын алуға бағыт­талған.

– Биыл Көкшетауда отандық TargetAI Limited компаниясымен бірлескен TargetEYE бейнеаналитика платформасы іске қосылды. Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы бейнематериалдарды талдап, қылмысқа күдіктілерді автоматты түрде анықтай алады. Қазір жүйеге 8 378 іздеудегі адамның дерегі енгізілген, ал қаладағы ірі сауда орындарында орналасқан 20 камера күдікті тұлғаларды бақылауға мүмкіндік беруде, – деп толықтырды Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Темірханқызы.

Жас буынның тәрбиесі – болашақ қауіп­сіздігінің де кепілі болмақ. Бұл ба­ғыт­та облыста бірнеше арнайы бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Қауіп­сіз мектеп» жобасы аясында құқық қор­ғау­шылар жыл сайын 6 мыңнан астам дә­ріс оқып, оқушыларды құқықтық сауат­тылыққа, зорлық-зомбылық пен наша­қорлықтан аулақ болуға үйретіп жатқанын атап өткен жөн. Сонымен қатар жастар патрульдері құрылып, қоғамдық тәртіпті сақтауға жастардың өздері үлес қосуға мүмкіндік алған. Ал «Сенім» бағдарламасы негізінде полиция мен жастар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған түрлі ашық кездесу, құқықтық акция, волонтерлік жобалар – осының айғағы.

Полиция мұнымен қоса жастар ара­сында құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында спорттық турнирлер, мәдени шаралар мен шығармашылық байқаулар өткізіп келеді. Бұл өз кезегінде жастарды бос уақытын тиімді өткізуге жетелей бастаған.

120 елді мекенде құқықбұзушылық тіркелмеді

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек полицияның ғана емес, бүкіл халықтың ортақ ісі. Ақмола облысында бұл бағытта қоғамдық кеңестер, еріктілер қозғалысы мен жергілікті тұрғындардың бас­тамалары кеңінен қолдау табуда. Мәсе­лен, қоғамдық кеңестер полициямен ты­ғыз байланыста болып, халықтың пікірін жеткізсе, ерікті патрульдер құқық қорғау­шыларға қоғамдық тәртіпті сақтауда жәр­демдесуді қолға алған. Осының нәтиже­сінде тек осы жылы ғана 90 белсенді азамат марапатталып, олардың көмегімен 7 қыл­мыс ашылып, 500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.

Ал ауыл-аймақтарда «Зиялы қауым» жобасы аясында ақсақалдар, ұстаздар, кәсіпкерлер мен ардагерлерден құрылған кеңестер қоғамдық тәртіпті нығайтуға оң ықпалын тигізіп отыр. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда ауылдардағы қылмыс 25 пайызға азайып, 120 елді мекенде мүлде құқықбұзушылық тіркелмеген.

Қылмыстың қайта жасалуын болдыр­мау – күрделі міндет. Облыста қазір 230 шарт­ты түрде мерзімінен бұрын босатыл­ғандар мен 501 профилактикалық есептегі тұлға бақылауда. Биыл олардың арасынан 32-сі қайта қамауға алынып, 81 адамға әкімшілік бақылау орнатылған. Қылмыс­тың алдын алу және санын төмендету мақсатында қоғамда әлеуметтік бейімдеу, психологиялық қолдау, кәсіби оқыту және жұмыспен қамту бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Соны­мен қатар осыған дейін қылмысты болған электронды білезіктер арқылы кей­бір азаматтардың жүріс-тұрысы бақыланып отыр. 

– Қайта қылмыс жасаудың алдын алуда қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз әрі белсенді байланыс жүзеге асырылып жатыр. Олар босап шыққандарды жұмыспен қамтып, жаңа өмірге бейімдеуге көмектеседі, – деп түйіндеді Гүлнар Темірханқызы.

Ақмола облысының тәжірибесі көр­сет­кендей, қылмыспен күрес тек жазалау шараларымен шектелмейді. Мұнда алдын алу, заманауи технологияларды енгізу, жастармен жұмыс, қоғамның белсенді қатысуы, сондай-ақ қайта қылмыс жасағандарды бейімдеу сияқты кешенді тәсілдер қолданылып келеді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы