BI Group компаниясы өзінің 30 жылдық мерейтойына орай еліміздегі күрделі диагнозы бар 300 балаға тегін жоғары технологиялы операция жасау жобасын қолға алды. Бұл – Қазақстанда жасалмайтын күрделі диагноздарға арналған оталар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Игі бастама BI Juldyzai қайырымдылық қорының үйлестіруімен жүзеге асып жатыр. Шетелден арнайы шақырылған Жапония, Қытай, Түркия, Израиль, Беларусь және Ресейдің жетекші 28 хирургі отандық дәрігерлермен бірге ота жасап, тәжірибе бөлісуде.
Жобаның аясында:
- 219 балаға – аяқ-қол кемістігі бойынша,
- 37 балаға – жүрек пен қан тамырлары ақауларына,
- 44 балаға – аноректалды даму бұзылыстары бойынша оталар жасалады.
Осы жобаның арқасында алғаш рет өздігінен жүре бастаған балалардың бірі – Аружан. Ол туғанынан бастап тік жатпай, тек жартылай отырған қалпы өмір сүрген. Қарапайым жүріп-тұрудың өзі арман еді. Аружан – ауылдағы көпбалалы отбасының қызы. Әкесі мектепте күзетші, анасы – жұмыс істемейді.

BI Juldyzai қорының қолдауымен шетелдік маман оған америкалық әдіспен өсіп келе жатқан сүйекке бейімделетін штифт орнатты. Бүгінде Аружан алғаш рет өзі жүріп, ойнай бастаған. Болашақта дәрігер болуды армандайды.
– Иә, мұндай операциялар жүздеген миллион теңгені қажет етеді. Бірақ біз үшін әр баланың денсаулығы – баға жетпес байлық. Бұл – тек әлеуметтік жоба емес, біздің қоғам алдындағы жауапкершілігіміздің айқын көрінісі. 12 жыл бұрын тек өз қызметкерлеріміздің балаларына көмектесуден бастаған едік. Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша жүздеген балаға үміт сыйлап, олардың өмірін өзгертіп отырмыз, – дейді BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев.
Жоба аясында жуырда Ақтауда 200-ші ота сәтті өтті. Жыл соңына дейін 300 балаға операция жасалмақ.