Әкесінің сөзінше, оның екі қызы бар: үлкені – 9 жаста, кішісі – 6 жаста. Турал Латифов балалардың қорлық көріп жүргенін бұрыннан сезгенін айтады.
«Жұмысқа жегіп, ұрып-соққан»: Маңғыстауда балалар өгей әкесінен қорлық көргенін айтты
1,400
оқылды

Маңғыстау облысының тұрғыны Турал Латифов бұрынғы жұбайы мен оның бірге тұратын жолдасын балаларға зорлық-зомбылық көрсетті деп айыптады. Ол әлеуметтік желіде алты жасар қызының шағымы жазылған бейнежазбаны жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бейнежазбада бүлдіршін анасының азаматтық күйеуін «ағасы Руслан» деп атап, оның бірнеше рет беттен ұрғанын, соның салдарынан мұрнынан қан кеткенін айтады. Сондай-ақ қыз түн ортасында сабақ оқуға мәжбүр болатынын, ал ұйықтап кетсе, басын суға толы шелекке батырып оятатынын да ашық жеткізген.

Әкесінің сөзінше, оның екі қызы бар: үлкені – 9 жаста, кішісі – 6 жаста. Турал Латифов балалардың қорлық көріп жүргенін бұрыннан сезгенін айтады. Оның айтуынша, тіпті 16 жастағы өгей ұлы да шыдамай, анасынан қашып кеткен. Жасөспірім әкесіне өгей әкесі мен анасының ауыр сөздер айтып, ұрып-соққанын, жұмысқа жеккенін баяндаған.

Бұл дерекке байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Тергеу Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау» бабымен жүргізілуде. Қазір барлық тараптан түсініктемелер алынып, іс басшылықтың ерекше бақылауына алынған.

Балаларының тағдырына алаңдаған Турал Латифов: «Қыздарым әзірге менің қасымда. Бірақ оларды анасына қайтарады деп қорқамын. Себебі полицейлердің өздері заң көбіне ананың жағында тұратынын айтты», – дейді.

Жағдайға қатысты Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшесі Диляра Турина да пікір білдірді. Оның айтуынша, ресми арыз түспесе де, әкенің шағымы тіркеліп, өңделген.