Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты комиссиясы мен Shymkent City Mall сауда орталығының әкімшілігі бірлесіп, «Баланы мектепке дайындайық!» акциясын ұйымдастырды. Іс-шара аясында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардан шыққан 50 балаға мектепке қажет құрал-жабдықтар табысталды.
Қажетті құрал-жабдық табысталды
5,343
оқылды

Жиынға «AMANAT» партиясы Шым­кент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, өңірлік Әйелдер қанаты комиссиясының төрағасы Наргиза Керімбаева және комиссия мүшелері қатысты. Өз кезегінде, Мұрат Жолды­хо­жаев балаларға қамқорлық жасау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

«Әр балақай – еліміздің ертеңі. Сондықтан олардың жаңа оқу жылына дайындықпен баруына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Бұл акция – әлеуметтік қолдау көрсетумен қатар, балалардың бойына сенім ұялатуға, бі­лімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған игі бастама. Біз осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың алдағы өмір жолына демеу болып, олардың жарқын болашағына үлес қосамыз», – деді ол. 

Бұл ретте, Әйелдер қанаты комис­сиясының төрағасы Наргиза Керімбаева алдағы уақытта да бұл игі іс жалғасын таба беретінін жеткізді. 

«Балаға жасалған қамқорлық – адамгершіліктің айнасы. Біз бүгін бүл­діршіндерге мектепке қажет құрал-жабдық қана емес, ең алдымен, мейірім сыйлап отырмыз», – деді ол.

Акция барысында бүлдіршіндер ойын-сауық орталығына тегін кіріп, ани­мациялық фильмдер тамашалады. Сон­дай-ақ балалар­ға тәтті тағамдар ұсынылды.

Елнар ЕЛТАЙ