Биыл Жамбыл облысында тамыз кеңесі «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» ұранымен бастау алып, кең көлемде аталып өтті.
Атап айтсақ, ауқымды шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, құқық қорғау органдарының және басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, ардагер ұстаздар, ҮЕҰ өкілдері мен ата-аналар қауымы қатысты.
«Баласағұн» мәдениет үйінде өткен конференцияның алдында мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Жиында алғаш болып Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова құттықтау сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан ұстаздарға көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды. Сондай-ақ жаңа оқу жылының басты бағыттарын түсіндірді. Ал облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздардың алатын орны ерек екенін баса айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттың жаңа болмысы білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, ең бастысы – адал азаматтар арқылы қалыптасады» деген болатын. Бүгінгі білім саласының алдында – осындай жан-жақты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаны тәрбиелеу міндеті тұр. Ол үшін ұстаздар тек пән үйретуші емес, адамгершіліктің шамшырағы, рухани кемелдіктің темірқазығы болуы тиіс. Тәуелсіз еліміздің ертеңі мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан әр бала – ұлттың үміті, әр ұстаз – сол үміттің бағбаны, – деді аймақ басшысы.
Жалпы, биыл өңірдің білім саласын дамытуға 344,3 млрд теңге бөлінген. Қазір 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 білім ұясына жапсарлас соғылған ғимарат пайдалануға беріледі. Ал 2026 жылы тағы 11 нысан оқушыларға есігін айқара ашпақ.
Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданының Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық, сондай-ақ Тараз қаласында 600 балаға шақталған жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес 10 мектеп қайта жаңғыртылуда. Жаратылыстану, робототехника және STEM пәндерінің кабинеттерін, еңбек шеберханаларын, мектеп жиһаздары мен қауіпсіздік құралдарын, сондай-ақ мектеп асханалары мен кітапханаларын жабдықтауға 1,7 млрд теңге қаралған.
Өңір басшысы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұлт болашағының алғашқы іргетасы қаланатынын атап өтіп, балабақшаларда балалардың қауіпсіздігі қырағы қадағалауда болуы керегін ескетті.
– Қазір цифрландыру мен жасанды интеллект – экономиканы да, қоғамды да дамытудағы негізгі факторлардың бірі. Біздің міндетіміз – жаңа буынды білімді ғана емес, креативті, заманауи цифрлық технологияларды еркін меңгерген тұлға ретінде тәрбиелеу. Ол үшін білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясын жеделдету аса маңызды. Әуелі облыстағы барлық мемлекеттік мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажет. Әсіресе, шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі мектептерге айрықша назар аударған жөн, – деді Ербол Қарашөкеев.
2025 жылы жаппай оқыту қорынан көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, киім сатып алуға және жазғы сауықтыруға 6,4 млрд теңге бөлініп отыр. Бүгінде жаңа оқу жылына дайындауға арналған қаражат ата-аналардың жеке банк шоттарына тікелей аударылған.
Ербол Қарашөкеев жиында жамбылдық ұстаздар мен оқушылардың жарқын жетістіктерін жоғары бағалады. Өз сөзінде педагогтердің қоғамдағы мәртебесін де назардан тыс қалдырмады.
Биыл облыс оқушылары республикалық олимпиада қорытындысы бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда» атанса, республикалық ғылыми жобалар жарысында 16-шы жыл қатарынан «Ең үздік команда» мәртебесін иеленді. 2024 жылы 360 шебер-педагог «Ы. Алтынсарин» медалімен, 12 зерттеуші-педагог «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ 3 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.
– «Баланың күлкісі – ең қымбат қазына, ал оның қауіпсіздігі – мемлекет пен қоғамның қасиетті парызы», – деп ел Президенті атап өткендей, өскелең ұрпақтың амандығы мен тыныштығы – баршамыздың ортақ әрі маңызды міндетіміз. Бүгінде мектеп – тек білім мен тәрбие беретін орын ғана емес, сонымен қатар әрбір оқушы өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінетін, алаңсыз білім алатын орта болуы тиіс, – деген аймақ басшысы білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына 1 қыркүйекке дейін толық интеграциялауды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мектеп директорларының көшбасшылық әлеуетін арттыру, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға қажетті кадрларды даярлау бағытында кешенді шаралар қабылдауды жүктеді.
– Бүгінгі басқосу – жай ғана дәстүрлі жиын емес, бұл – ұлт болашағына ортақ жауапкершілікті бірге арқалап, үлкен мұрат жолында ой тоғыстыратын тағылымды кеңес. Сіздердің еңбектеріңіз ертең ел игілігіне айналады. Сондықтан әр сабақ, әр сөз, әр іс тәрбиелік мәнге, адамгершілік мазмұнға толы болуы тиіс, – деп сөзін қорытындылаған Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылының ұстаздар мен оқушылар үшін табысты болуына тілектестік білдірді.
Жиын барысында білім саласының өзекті мәселелеріне қатысты баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова, Назарбаев университетінің Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің оқытушысы Азамат Ешмұхамбетов, білім саласы бойынша сарапшы Руслан Қаратабанов, «Бетқайнар» колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Кеңесте білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар сала қызметкері Оқу-ағарту министрінің, облыс әкімінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен алғысхаттарымен марапатталды.
Ал Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алып, 68 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Сонымен қатар «Ең үздік мектеп-лицей», «Ең үздік инновациялық мектеп», «Ең үздік қала мектебі», «Ең үздік ауыл мектебі», «Ең үздік шағын жинақталған мектеп», «Жұмысшы мамандығын даярлайтын үздік колледж», «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым», «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» және «Үздік шығармашылық зертхана» номинациялары бойынша да үздіктер анықталып, қаржылай қолдау көрсетілді.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы