Астана қаласында өткен жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласы мемлекет дамуының стратегиялық өзегі екенін білдірді.
Жиында Мемлекет басшысы білім сапасын дамытуға серпін беретін бес жолды атап өтті. Оның біріншісі – білім сапасын жақсарту. Ғылым мен білім, технология жылдам өзгеріп жатқан уақытта ұстаздар қауымы өзгеріске ілесе алуы керек. Әрине, ол үшін әрдайым ізденіп, біліміңді жетілдіріп, озық тәжірибені меңгеріп, әдіс-тәсілді қолдануың қажет. Бірақ озық тәжірибені қаз қалпында көшіріп алып, оны ұлттық болмысқа бейімдемей қолдануға болмайтынын да Президент ескертті.
Екінші мәселе – білім мен тәрбиенің қатар жүруі. Тәрбие болған жерде білім озады. Сондықтан білім мен тәрбиені ұштастыру маңызды. Конференцияда жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл бағдарламаны мектептермен қоса педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары да тәрбие ісінде пайдаланатын болады.
Үшінші басымдық – өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау. Бұл тұста Президент нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұғалімдердің рөлін айрықша атап өтті. Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болу керек екенін баса айтты.
Білім сапасын арттыруға серпін беретін төртінші жол – білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қажеттігі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы: «Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады», – деді. Соңғы жылдары жасанды интеллектінің игілігін көріп жүрміз. Өмірдің қай саласында болсын кез келген істі жасанды интеллектінің көмегімен жеңілдетуге болады. Осы мақсатта жоғары оқу орындарында студенттерге ЖИ оқытуға көп көңіл бөліп отырмыз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы педагог беделін арттыру міндеті әрдайым өзекті екенін жеткізді. Осы орайда «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санайтынын айтты.
Қорытындылай келсек, биылғы Тамыз конференциясы білімнің бағытын айқындап қана қоймай, ұстаздың қоғамдағы орнын тағы бір мәрте биіктетті. Мұғалім – енді жай ғана сабақ үйретуші емес, ұлттың болашағын қалыптастыратын, әр баланың жүрегіне жарық түсіретін тұлға. Ал мемлекеттің ең үлкен парызы – сол ұстаздың еңбегін бағалап, мерейін асыру.
Ермек БӨРІБАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы
Жетісу университетінің
басқарма-төрағасы, ректоры