Осы қуанышты хабарды университет ұжымына салтанатты түрде жеткізу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов және депутаттар келді.
Жиын барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев:
– Сіздерді маңызды тарихи оқиғамен – «Ұлттық университет» мәртебесінің берілуімен шын жүректен құттықтаймын! Облыс әкімдігі де жергілікті өз қамқорлығын көрсетуде. Алда бас корпусты да орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмысы атқарылмақ», – деп атап өтті.
Сонымен қатар Президент Жарлығының зор мәртебе, әрі университет ұжымына деген сенім екенін министр Саясат Нұрбек өз сөзінде айтып өтті.
– Бұл шешім – университеттің жетістіктері мен ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесінің, ұстаздардың, ғалымдардың, қызметкерлер мен түлектердің еңбегінің мойындалуы. Мұндай жоғары мәртебеге қол жеткізу Президент Қ.Тоқаевтың аймақтарды дамытуға, соның ішінде еліміздің білім беру әлеуетін нығайтуға ерекше мән беретін мақсатты мемлекеттік саясатының арқасында мүмкін болды, – деді ол.
Айта кету керек, Бөкетов атындағы зерттеу университеті өңірлік жоғары оқу орындары ішінде Ұлттық мәртебеге ие болған алғашқы оқу орны.
– Символдық мәні зор жайт – «Ұлттық университет» мәртебесін біз университеттің тұңғыш ректоры, көрнекті ғалым, академик Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан жылы иелендік. Евней Арыстанұлы ғылыми мектептің негізін қалап, университеттің рөлін тек Қарағанды облысында емес, ел көлемінде нығайтты.
Өзінің ұзақ та жарқын тарихында университет әрдайым отандық үздік көпсалалы жоғары оқу орындарының қатарынан орын алып келеді. 2024 жылы университеттің зерттеу университеті мәртебесін алуы – басты жетістіктеріміздің бірі. Бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағдарламалары ұлттық және халықаралық рейтингтерде жүлделі орындарға ие. 2015 жылдан бері университет QS World University Rankings әлемдік рейтингінің үздік 1 000 жоғары оқу орнының қатарына, QS Asia рейтингінің үздік 200 университетінің қатарына және Орталық Азияның үздік 10 университетінің қатарына енді. Webometrics халықаралық рейтингінде университет Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында үздік ондыққа кіреді.
Қазір университетте бакалавриат бойынша – 99, магистратура бойынша – 66, PhD докторантурасы бойынша 19 білім беру бағдарламасы бар, олардың ішінде 12-сі – инновациялық бағдарламалар. 12 факультетте 14 мыңнан астам студент, магистрант және докторант білім алуда. Сондай-ақ шетелдің әртүрлі елінен келген жүздеген шетелдік студент те осы білім ордасында оқиды, – деп атап өтті басқарма төрағасы – Ректор, ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков.

Университет оқытушылары 196 рет «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын иеленді, 39 мемлекеттік ғылыми стипендияның, 66-сы жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның лауреаты атанды. Білім беру, ғылыми және материалдық-техникалық базамыз өзекті ғылыми зерттеулер жүргізуге және заманауи білім беру технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.
– Бүгінде біз Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары стандарттарына сай, университеттердің жаһандық білім беру кеңістігіне сенімді түрде кірігуін қолдап, бағыттап отырған қадамдарына ілесе отырып, маңызды қадам жасаудамыз. Университеттің даму қарқыны бізге болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Біздің табысымыздың кепілі – дәстүрден инновацияға көшу, үздіксіз білім мен іргелі білім беруді қамтамасыз ету, халықаралық сапа стандарттарын ұстану, жаңа білім беру технологияларын енгізу және әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов те өзінің осы университетте оқығанын, ұстаздық қызмет атқарғанын құрметпен атап өтті.
– Бұл – көптен күткен қуанышты жаңалық. Себебі 1991 жылға дейін Қазақстанда екі ғана университет деңгейіндегі жоғары оқу орны болды: ҚазМУ және КарМУ (қазіргі Бөкетов атындағы Қарағанды университеті). Бұл факт КарМУ-дың сол кездегі де, бүгінгі де деңгейі мен әлеуетін айқын көрсетеді. Ол әлеует әлі күнге дейін бар және жаңа деңгейге көтерілуге дайын. Жаңа мәртебе – бұл университеттің жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен қатар ғылым, білім және кәсіби даму үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Сонымен қатар ұлттық мәртебе алған университеттің бюджеті де көбейеді. Осының арқасында ұстаздардың еңбекақысы көбейіп, университеттің материалдық-техникалық базасы жақсарады, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы