Алматыда отбасындағы жанжал қайғылы жағдайға ұласты. Әлеуметтік желілерде тараған дерекке сәйкес, оқиға қаладағы Думан шағынауданында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, 40 жастағы ер адам 38 жастағы әйелін пышақтап өлтіріп, кейін Алматы облысына барып, туыстарының үйінде өз-өзіне қол салған. Әйелдің мәйітін Алматыдағы пәтерден оның туысы тауып алған.
Қалалық Полиция департаменті де бұл деректі растады.
«Факт бойынша Медеу аудандық Полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, қылмыс отбасындағы жанжалдың салдарынан болған. Ер адам әйеліне пышақ жарақатын салып, кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Қалған мән-жай тексерілуде», – деп хабарлады Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.