Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Рес­­­публикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысының ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды.
Тілегі – бір, тарихы – тамырлас
5,404
оқылды

Мұнда Отанына әр кезеңде қалт­қысыз қызмет еткен қырғыз хал­қының даңқты перзенттері, ста­линдік репрессия құрбандары жер­ленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айт­ма­тов ұсынған. Мемлекет басшысы ме­мориалдық кешен аума­ғын­дағы 1916 жылғы үркіншілік құр­­­­бандарына арналған ес­керт­кіш­ке гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқының кемең­гер жазушысы Шыңғыс Айтма­тов­тың бейітіне зиярат етіп, қалам­гердің рухына Құран бағыштады.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары ая­сында Президент Садыр Жапаров­пен кездесті. Келіссөзге дейін «Ынтымақ Ордо» рези­ден­ция­сында салтанатты қарсы алу рә­сімі өтті. Президенттер бір- бірі­мен амандасқаннан кейін екі елд­ің мемлекеттік әнұрандары шыр­қалды. Құрмет қарауылы ро­тасының бастығы рапорт бер­ген соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров сап түзеген сар­баздардың алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер бас­шылары ресми делегация мү­ше­лерін таныстырып, келіссөз за­лына барды.

Қазақстан Президенті бауыр­лас Қырғыз Республикасына рес­ми сапармен келуге шақырға­ны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

– Бұл сапар екі ел арасындағы дос­тық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – ті­лек­тес, бауырлас елдер. Біздің та­ри­хымыз – тамырлас, салт-дәс­түріміз бен таным-түсінігіміз, ұлт­тық болмысымыз ұқсас. Қос ха­лықтың татулығы мен өзара құр­меті ешқашан үзілген емес. Қа­зір де ықпалдастығымыз ст­ра­те­гиялық серіктестік рухында қар­­қынды дамуда. Біз барлық дең­­гейде өзара құрметке негіз­дел­­ген саяси диалог орнаттық. Мем­­лекетаралық, парла­мен­та­ра­лық және үкіметаралық кеңес­те­ріміз табысты жұмыс істеп ке­леді. Сондай-ақ өңіраралық бай­ланыстарды дамытып жа­тыр­мыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақ­тас­тық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Садыр Жапаров шақыруын қа­был алып, Қырғызстанға рес­ми сапармен келгені үшін Қа­зақ­стан Президентіне ризашылығын жеткізді.

– Сізді Қырғызстанда көр­нек­ті мемлекет қайраткері және ха­лықаралық деңгейдегі тәжі-­ри­белі дипломат ретінде біледі. Соң­­­ғы жылдары Сіздің қол­дауыңыз­­бен екі елдің қарым-қа­ты­­насы жаңа деңгейге өтіп,  достығымыз бен бауырласты­ғы­мыз­дың бекемделе түсуі бізді қуан­­тады. Қазақ елі – біз үшін ерек­­ше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқ­тоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз сал­ған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буын­ға жеткізуді негізгі мақ­са­тымыз деп есептеймін. Өз та­ра­пым­нан өзара қарым-қаты­на­сы­мызды одан әрі ілгерілетуге да­­­­йын­­мын. Біздің негізгі күші-міз – екі елдің ынтымағы мен бір­­­лігі, – деді Қырғызстан Пре­зи­­денті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Са­дыр Жапаровтың төрағалы­ғы­мен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңе­сінің жетінші отырысы өтті. Оты­­рыс барысында сауда-эко­но­­микалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы ын­ты­мақтастық мәселелері қарас­тырылды.

Келіссөздер қорытындысы бойын­ша Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан мемлекеттері басшы­лары­ның Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жа­паров Қазақстан Респуб­ли­касы мен Қырғыз Республикасы Жо­ғары мемлекетаралық кеңесі же­тінші отырысының шешім­дері­не қол қойды.

Ресми делегация мүшелері екі­жақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша Жол кар­тасы және басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттармен алмасты.

«Алтын Қыран» – бауырластық айғағы

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Са­дыр Жапаровты «Алтын Қы­ран» орденімен марапаттады. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде Са­дыр Жапаровты қырғыз хал­қын алға бастап келе жатқан на­ғыз көшбасшы, білікті саясат­кер деп білетінін айтты.

– Қырғызстанды көркейту жо­лындағы қажырлы еңбегіңізді жо­ғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам бас­ты. Қырғыз экономикасы жо­ғары қарқынмен дамып келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың, ірі жобалар жүзеге асы­рылып жатыр. Әлеуметтік са­лада, ғылым-білім жүйесінде ау­қымды өзгерістер жасалуда. Мұ­ның барлығы қырғыз елінің эко­­­номикасын нығайтып, ха­лық­аралық сахнадағы абырой-беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Сіз­дің көреген қадамдарыңыз ай­мақтағы бейбітшілік пен тұ­рақ­тылықты нығайтуға септігін ти­гізді. Парасатты басшылы­ғыңыз­бен бауырлас қырғыз жұр­ты бұдан да биік белестерді ба­ғын­дыра беретініне кәміл се­­­немін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­да бір туған бауырлас ел ре­тін­де Қырғызстанның барлық же­тістіктеріне шын жүректен қуа­натынын жеткізді.

– Қазақ пен қырғыз – ежел­ден еншісі бір, ағайынды халық­тар, салт-дәстүрі мен тарихы ор­тақ елдер. Біздің тіліміз бен ді­ліміз, атымыз бен затымыз – ұқ­сас. Бүгінде елдеріміз арасында өза­ра сенім мен сыйластыққа не­гізделген қарым-қатынас ор­на­ған. Одақтастық рухындағы байланысымыз нығайып келеді. Қос мемлекеттің стратегиялық әріп­тестігі қарқынды дамып жа­тыр. Сіз бұл іске өлшеусіз үлес қо­сып жатсыз. Бірлескен күш-жі­геріміздің арқасында қазақ-қыр­ғыз ықпалдастығы жаңа қар­қын алды. Стратегиялық әріп­­­тестікті тереңдетуге бағыт­тал­ған тың бастамалар көтерілді. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай жаңа ортақ жобалар қолға алынды. Маңызды бастамалар қос халыққа тән шынайы бауыр­лас­тықты көрсетіп, досты­ғы­мыз­ды одан әрі бекемдей түседі деп санаймын. Қазіргі алмағайып ке­зеңде осы ынтымағымызды кү­шейтудің айрықша мәні бар. Се­бебі біздің мызғымас бір­лі­гіміз – баға жетпес байлығымыз. Қырғыздың залқар ақыны Тоқ­та­ғұл Сатылғановтың «Жақсы адам­ның белгісі – ел қамы үшін күйі­нер» деген сөзі бар. Сіз қыр­ғыз елін өркендету жолында та­бан­ды еңбек етіп, халқыңызға адал қызмет етіп келесіз. Сон­дай-ақ халықтарымыз ара­сын­да­ғы достық қарым-қатынасты ны­­­ғайта түсуге орасан зор еңбек сіңіріп жатсыз. Мұны барша қа­зақ жұрты жақсы біледі. Осыған орай, мен Сізді Қазақстан Рес­пуб­ликасының ең жоғары мем­ле­кеттік наградасы – «Алтын Қы­ран» орденімен марапаттау тура­лы шешім қабылдадым. Бұл наг­рада – Қазақ елінің Сізге жә­не бүкіл қырғыз халқына деген ерек­ше құрметі мен шынайы ал­ғысының риясыз белгісі, – деді Президент.

Бірліктің жаңа қадамы

Келіссөздер қорытындысы бойын­ша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қыр­ғыз Республикасының Пре­зи­ден­ті Садыр Жапаров БАҚ өкіл­де­­рі үшін мәлімдеме жасады. Мем­лекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мем­лекетаралық кеңесінің же­тін­ші отырысы барысында екі­жақ­ты қатынастарға қатысты бір­­қатар өзекті мәселе егжей-тег­­жей талқыланып, екі елдің де мүд­десіне сай келетін маңызды ке­лісімдерге қол жеткізілгенін мә­лімдеді.

– Бауырлас мемлекеттер ре­тін­де кез келген мәселені өзара се­нім мен одақтастық рухында ше­шеміз деген пайымға келдік. Біз­дің өзара тиімді ықпал­дас­тық­ты одан әрі кеңейтуге ние­ті­міз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бү­гінгі келіссөздердің нәтижесі ту­ралы жаңа ғана құрметті Пре­зи­дент айтып өтті. Біз, ең ал­ды­мен, сауда-экономикалық бай­­ла­ныстарды нығайтуға ай­рықша на­зар аударып отырмыз. Қа­зақ­стан – Қырғызстанның сауда жә­не инвестиция саласын­да­ғы не­гізгі серіктесінің бірі. Был­тыр өза­ра тауар айналымы 1,7 мил­­лиард долларға жетті. Биыл­ғы жар­ты жылдың көрсет­кіш­тері де жа­ман емес. Алдағы 5 жыл­да сау­да-саттық көлемін 3 мил­лиард дол­ларға дейін арт­тыру­ға мүд­делі­міз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жал­пы, екіжақты сау­да айна­лы­мын ұлғай­туға мол мүм­кіндік бар. Келесі жылы қа­зақ-қырғыз ше­карасында са­лы­нып жатқан Ин­дустриялық сау­да-логистика ке­шені іске қо­­сылмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, екі ел­дің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.

– Бұл саладағы тауар айна­лы­мы жалпы сауда-саттықтың 25 пайы­зына тең. Сондықтан өнім кө­лемін арттыру, бірлескен кәсіп­орын­дар ашу өте маңызды. Осы орай­да қос елдің үкіметтеріне ал­дағы екі жылға арналған Жол кар­тасын қабылдау туралы тап­сыр­ма берілді, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ ин­весторлары қырғыз экономи­ка­сының маңызды секторларын да­мытуға үлес қосып келе жат­қа­ны­на назар аударды. Қазақстан соң­ғы 20 жылда Қырғызстан эко­номика­сына 1,4 миллиард доллар инвес­тиция салған. Оның ішінде әлеу­меттік маңызы зор жобалар бар.

– Біз бірлескен кәсіпорын­дар­дың тиімді жұмыс істеуі үшін қо­лай­лы жағдай жасай береміз деп ке­лістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз ше­карасының өткізу мүмкіндігін арт­тыруға баса мән бердік. Жүк та­сымалы мәселесіне де ерекше на­зар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара ат­қарылды. Қазір шекарадағы се­гіз өткізу бекетін жаңғырту жұ­мы­сы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс ал­дағы екі жылда толық аяқтала­ды. Оны екі ел үкіметі ерекше ба­­­­қы­лауда ұстайды. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға сеп­тігін тигізеді, – деді Мемлекет бас­шысы.

Тағы бір өзекті мәселе – ай­мақ­тардың ықпалдастығын жан­дандыру. Бұл ретте мемлекеттер бас­шылары Аймақаралық форум­ның келесі отырысын көп созбай өткізуге келіскен. Сонымен қатар ке­ліссөздер барысында цифрлан­дыру және электрондық үкімет са­ласындағы ынтымақтастық әлеуе­ті талқыланған. Тараптар эко­номика саласын цифрландыру үшін тәжірибе алмасуға және ақ­параттық байланысты күшейтуге уағдаласты.

Мемлекет басшысы су-энер­ге­ти­ка саласындағы қарым-қаты­нас­ты үйлестіру мәселесіне ай­рық­ша тоқталды.

– Трансшекаралық су ресурс­тарын тиімді пайдалану аймақ­тағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды факторына ай­налып отыр. Осы бағыттағы ын­тымақтастықты жалғастырған жөн деп санаймыз. Біз барлық к­е­лісімді мүлтіксіз орындауға жә­не страте­гиялық маңызы бар бір­лескен жо­баларды жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді жұмылдыру­ға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттер сондай-ақ жаһан­дық және аймақтық мәсе­лелер туралы пікір алмасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, Қазақстан мен Қыр­ғыз­станның көптеген халықаралық түйт­кілге қатысты ұстанымы – ор­тақ. Әсіресе, Орталық Азиядағы ық­палдастықты күшейту екі елдің мүддесіне сай келеді.

– Биыл аймақтағы мемле­кет­тер басшылары кезекті Кон­суль­та­тивтік кездесуде бас қосып, осы мә­селелерді талқылаймыз. Қа­зақ­стан мен Қырғызстан Біріккен Ұлт­тар Ұйымы және басқа да құ­рылымдар аясында табысты се­рік­тестік орнатқан. Бұл ретте Ор­­­­талық Азия мен Ауғанстан үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Ор­нықты даму мақсаттары бойын­­ша өңірлік орталығын құ­ру­ға қолдау көрсеткені үшін қыр­ғыз тарапына алғыс айттық. Біз Қыр­ғ­ызстанның 2027-2028 жыл­дары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын толық қол­дай­мыз. Қырғыз елінің Ұжымдық қауіп­сіздік шарты ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмысын жо­ғары бағалаймыз.Қырғыз бауыр­лар да Қазақстанның Азия­да­ғы өзара ықпалдастық және се­нім шаралары кеңесі аясындағы бас­тамаларын үнемі қолдап жү­ре­ді. Біз бұған ризашылығы­мызды біл­­діреміз. Жалпы, бұл сапар екі ел­­­дің ынтымақтастығын одан әрі ны­ғайта түсері анық. Бүгінгі келі­сім­дер – соның айқын дәлелі. Ен­­ді соларды тиімді жүзеге асыру маңыз­ды. Қазақ тарапы бұл үшін қа­­жетті әрекеттерді жасауға дайын, – деп қорытындылады сө­зін Мемлекет басшысы.

Бауырлас елге құрмет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның бірқатар мем­лекет және қоғам қайраткерін ма­рапаттады. Мемлекет бас­шы­сы­ның Жарлығымен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дос­тық және одақтастық қаты­нас­тарды дамытуға қосқан елеулі үле­сі үшін Қырғыз Республикасы Ми­нистрлер кабинеті төраға­сы­ның орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тө­рағасы Камчыбек Ташиев І дә­ре­желі «Достық» орденімен мара­пат­талды. Қырғыз Респуб­ли­ка­сы­ның VII шақырылған Жогорку Кенешінің депутаты Дастанбек Жұ­ма­беков, Қырғызстан Прези­ден­тінің кеңесшісі Арслан Кой­чиев, қоғам қайраткері Аскар Са­лымбеков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Президент Қырғыз Республи­ка­сы­ның көрнекті мемлекет қай­рат­керлері қажырлы еңбек етіп, екі­жақты ынтымақтастықты да­мы­туға зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

– Соның арқасында саяси, эко­­номикалық, мәдени байла­ныс­­тарымыз нығайып келеді. Пар­ламентаралық ықпалдасты­ғы­мыз да күшейе түсті. Осы орай­лы сәтте мен Ұлттық қауіпсіздік мем­лекеттік комитетінің төрағасы Кам­чыбек Кыдыршаевич Та­шиев­ке шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіз қауіпсіздік сала­сын­дағы екіжақты әріптестікті те­реңдетуге зор үлес қосып жа­тыр­сыз, аймақтағы тұрақтылықты қам­тамасыз ету жолында атқарған табанды еңбегіңіз жоғары бағаға лайық. Бүгінгі шара – жай ғана ма­рапаттау рәсімі емес. Бұл – Қа­зақ­станның Қырғыз халқына де­ген зор ризашылығы мен құр­ме­ті­нің белгісі. Сондықтан бұл күн мәң­гі бауырластық пен тату көр­ші­ліктің жарқын үлгісі ретінде қа­зақ-қырғыз қатынасының жыл­на­масына алтын әріппен жазы­ла­ды деп ойлаймын. Сіздер Қыр­ғыз­­станның көркеюіне, сон­дай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол үлес қо­са бересіздер деп сенемін, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тату көршіліктің арқауы

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Са­дыр Жапаров «Достықтың ал­тын көпірі» ескерткішінің ашылу рә­сіміне қатысты.

Мемлекеттер басшылары Біш­­кек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллея­сын­да орналасқан «Достықтың ал­тын кө­пірі» ескерткішінің ашы­лу рә­сі­міне қатысты. Монумент қос ха­лықтың ұлы қаламгерлері Мұх­тар Әуезов пен Шыңғыс Айт­ма­тов­қа арналған. Қырғыз­стан­дағы қа­зақтар қауымдастығы баста­ма­шы болған бұл жоба екі ел бас­шы­лары тарапынан қолдау тапқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел­дің ұлы перзенттері татулығымыз тура­лы көптеген тағылымды сөз қал­дырғанына тоқталды.

– Жыр алыбы – Жамбылдың қос халық жайлы «Жүрегі – бір, жо­лы – бір, сыйласқан тату тең бол­ды» деген сөзі бар. Ал әйгілі Тоқ­тоғұл «Қанатым – қазақ туыс­қан» деп толғаған. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов та өзара ті­лектес халықтарымыздың жүрек сө­зін шығармалары арқылы жет­кізген. Мұхтар Әуезов қырғыздың эпи­калық мұраларын жаңғыртуға өл­шеусіз үлес қосқан. «Манас» жы­рын терең зерттеген. Атақты дас­танды кеңестік жүйенің қай­шы­сынан аман алып қалған. Сон­дай-ақ Мұқаң – Айтматовтың ға­ламат шығармашылық әлеуетін ал­ғаш таныған қаламгердің бірі. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы: «Өзге ел­дер­ге барғанда өзіммен бірге ала жү­ре­тін екі ұлттық құндылығым бар. Ол – Манас пен Мұхтар Әуе­зов» деген. Бұл – рухани құн­ды­лық­тары­мыз­дың екі елге де ортақ екенін паш ете­тін айқын көрсеткіш. Заңғар жа­­­зушының «Жәмилә», «Ақ ке­ме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бе­кет» шығармалары қазақ әде­бие­тінің де қазынасына қосылған асыл мұралар деп күмәнсіз айтуға бо­лады. Ұлы тұлғаларымыздың дос­тығы мен өзара сыйластығы кейін­гі буынға үлгі-өнеге екені сөз­-сіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұндай са­бақтастық сан түрлі салада жал­ға­сып келе жатқанын жеткізді.  

– Әуезовтің «Қараш-қараш оқи­ғасы», «Көксерек» туын­ды­ла­рын қырғыз режиссерлері Б­о­лот­бек Шамшиев пен Толомуш Өкеев ки­но тілінде сөйлетті. Ал қазақ ре­жиссері Ардақ Әмірқұлов «Қош бол, Гүлсарының» желісімен көр­кем фильм түсірген. Елдеріміздің ара­сындағы тығыз рухани бай­ла­ныс­ты мәңгі достық пен тату көр­ші­­ліктің арқауы деуге болады. Оны бағалай білу және нығайта түсу – баршамызға ортақ парыз. Бұл – ұлы жазушыларға, сондай-ақ нағыз елдікке арналған бірегей ес­керткіш, қазақ-қырғыз бауыр­лас­тығының айқын белгісі. Бүкіл Қа­зақ елінің айыр қалпақты ағайын­ға ықыласы ерекше. Біз қыр­­ғыз ағайынның да дәл сондай риясыз пейілін үнемі сезініп жү­ре­міз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жа­паров Біш­кек қаласындағы Кемел Тоқаев атын­дағы №33 мек­теп-гимна­зия­ны бірге аралап көр­ді. Бұл ғи­ма­рат­та Ұлы Отан со­ғысы жылдары Фрунзе жаяу әс­кер училищесі ор­на­ласқан. Қа­зақстан Президентінің әкесі – со­ғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаев дәл осы жерден май­данға аттан­ған. Білім ошағына К.Тоқаев есі­мін беру туралы бас­та­маны Пре­зи­дент Садыр Жапаров биыл ма­мыр айында кө­тер­ген бо­латын. Мем­лекет бас­шысы білім ор­да­сы­ның ұстаз­дары­мен және оқу­­шы­ларымен әңгімелесті.

Халықаралық Манас әуе­жайы­нан Мемлекет басшысын Қыр­ғызстан Президенті Садыр Жа­паров құрметпен шығарып салды.

Мейір ЖАСЫН