Бұл түсірілім жұмыстары қожалықтың қазіргі жағдайымен танысуға, оның даму бағытын бағамдауға және агросаланы қолдау шараларын ақпараттандыруға бағытталды. Шараға Шымкент қаласы бойынша Статистика департаментінің өкілдері қатысып, шаруашылықтың жұмысымен жақыннан танысты.
«Болашағы зор» шаруа қожалығының иесі Мақсат Лесбекұлының айтуынша, негізгі бағыт – мал бордақылау. Қазір қожалықта 800-ге жуық ірі қара, 1000-ға тарта қой және 200-ден астам жылқы өсірілуде. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы қыркүйек айынан бастап бордақыға қойылатын малдың санын арттыру жоспарланып отыр.
Бұл шаруашылықтың тарихы да қызықты. Мақсат Лесбекұлы кәсібін әу баста тек хобби ретінде жиырма шақты қозы өсіруден бастаған. Уақыт өте келе еңбектің нәтижесінде шағын шаруашылық кеңейіп, бүгінде өңірге белгілі ірі қожалықтардың біріне айналып отыр.
– «Біз қазір қисар қойын өсірумен қатар жылқы мен ірі қара бордақылаумен айналысамыз. Негізгі, өнімімізді ішкі нарыққа ғана емес, көрші Өзбекстанға да экспорттап жатырмыз. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне үлкен қолдау бар: жеңілдетілген несие, ауыл шаруашылығы техникасына лизинг және субсидиялар қарастырылған. Біз де осы мүмкіндіктерді пайдалануға дайындалып, тиісті құжаттарымызды рәсімдеу үстіндеміз», – дейді шаруа қожалығының иесі.
Іс-шара барысында Шымкент қаласының Статистика департаменті өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы статистикасы бөлімінің басшысы Ержан Төлбасиев ұлттық санақтың жүргізілу барысына тоқталды. Оның айтуынша, аграрлық сектордағы бұл науқан 1 тамыздан басталып, бүкіл елімізде бір мезгілде өтуде. – «Шымкент қаласында қазірдің өзінде 1 450 шаруа қожалығы онлайн форматта санақтан өтті. Жалпы, қала аумағында 7 180 қожалық бар, барлығын 30 тамызға дейін қамту жоспарланған. Бұл үшін арнайы 13 учаске ашылып, қажетті техника мен интернетпен қамтамасыз етілді. Айта кетерлігі, жеке тұрғындардың ауласындағы мал санағы жүргізілмейді, тек ресми тіркелген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қамтылады», – деді ол.
Сондай-ақ Ержан Төлбасиев санаққа қатысу міндетті екенін, ал бас тартқан жағдайда заңға сәйкес әкімшілік шара қолданылатынын ескертті. Алғашқыда ескерту жасалып, бірнеше мәрте талап орындалмаған жағдайда ғана қожалықтарға айыппұл салынатынын жеткізді.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – агроөнеркәсіп кешеніндегі ең маңызды статистикалық зерттеу. Оның нәтижесінде елдегі мал басының саны, егістік жер көлемі, өнім өндіру деңгейі нақты анықталады. Бұл деректердің негізінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бағыттары айқындалып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қажетті шешімдер қабылданады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы