Алматыда 25 күннен кейін табылған 16 жастағы жасөспірімнің ісіне қатысты жаңа деректер жарияланды. Tengrinews.kz мәліметінше, ол ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қылмыстық істің фигуранты болып шыққан.
Полицияның дерегінше, бұған дейін сот оған үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасын тағайындаған. Алайда ол шартты бұзып, ізін жасырғандықтан, қамауда ұстау жазасы қолданылған. Қазіргі таңда жасөспірім ұсталып, медициналық тексерістен өткен: дене жарақаты анықталмаған, жағдайы қанағаттанарлық.
Құқық қорғау органдары жасөспірімнің анасынан ұрлап әкету жайлы ақпараттың тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауапқа тартылатыны ескертілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін жасөспірімнің анасы баласының табылғаны жайлы хабарлаған еді.