Ақтөбе облысында мерейлі 110 жасқа толған Жәкібай Бисенғалиеваны өңір басшысы арнайы құттықтап барды. Әжей 1915 жылы 24 тамызда дүниеге келген, тыл еңбеккері. Ұзақ жылдар қазіргі Хромтау ауданында тұрған. Облыс әкімі соғыс жылдарынан бастап еңбекке ерте араласып, екі ғасырдан астам уақыттың жүзін көрген ер анаға алғыс білдірді.
«Сіздің ғұмыр жолыңыз – бәріміз үшін үлкен өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай тер төгіп, елді дамыту жолында адал еңбегіңізді сіңірдіңіз. Осындай қажырлы еңбегіңіздің арқасында нағыз адал азамат ұғымының жарқын үлгісін көрсете білдіңіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады» деп атап өткен еді. Сіздің тағдыр жолыңыз осы қағиданың айқын көрінісі. Өмірдің барлық сынағына төтеп беріп, ұрпақ тәрбиелеуде төзім мен табандылық таныттыңыз. Бүгінде немерелер мен шөберелеріңіздің ортасында қадірлі әже атанып отырғаныңыз – мағыналы ғұмырыңыздың жемісі. Ақтөбе облысының жұртшылығы атынан Сізге зор денсаулық және бақ-береке тілеймін», – деді Асхат Шахаров.
Жәкібай әжей екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған, ешқандай қиындыққа мойымаған жансебіл ана. Новороссийск ауданы ұжымшарында астық таразылап, тракторшы, кітапханашы және сауыншы болып жұмыс істеген.
Жұбайы Ғабит Бисенғалиев атамыз Ұлы Отан соғысынан бірінші топтағы мүгедек болып оралып, 1993 жылы дүниеден озған. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп, өсірді. Қарт ана қазір бейнетінің зейнетін көріп, ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Ол 3 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған аяулы әже.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.