Қазақстанда қолжетімді көліктер саны артуы ықтимал.
Келесі жылы Ресейдің мыңдаған ескі көліктері Қазақстанға ағылуы мүмкін
istockphoto.com
2,559
оқылды

2026 жылдың 1 наурызынан бастап Ресейде такси реестріне тек отандық өндірістегі немесе жоғары деңгейде локализацияланған көліктер ғана енгізіледі. Бұл өзгеріс таксопарктердегі шетелдік машиналардың (олардың үлесі 80 пайыздан асады) жаппай сатылымына себеп болуы ықтимал, – деп жазады Tengri Auto.

Сарапшылар Қазақстанға да осындай көліктердің келу ықтималдығын жоққа шығармайды. Алайда «арзан көліктер ағыны» туралы әңгімелер асыра айтылған: баға рубльдің бағамына, техникалық жағдайына және модельдің сұранысына тәуелді. Таксиде жүрген көліктердің көбі жылына 80-100 мың шақырым жүріп тастайтындықтан, әжептәуір тозған болып келеді.

Сондықтан Қазақстан нарығында қолжетімді көліктердің саны көбейгенімен, сатып алушылар үшін басты шарт – техникалық тұрғыдан мұқият тексеру. Сарапшылардың пікірінше, кей жағдайда жаңа қытайлық көлік сатып алу ескі такси-машинаны алудан тиімдірек болуы мүмкін.