Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осы орайда Қытай Халық Республикасында біршама ауқымды шаралар өтеді. Соның бірі – 3 қыркүйекке белгіленген әскери парад, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
23 тамызда Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен Қытай жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер қауымдастығы «Тарихты еске алу және бейбітшілікті бірге құру: Қытай халқының жапон басқыншылығына қарсыласу соғысының Жеңісі мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Жиында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь айтулы жеңістің маңызына тоқталып, Қытай мен Қазақстан арасындағы тарихи байланыс пен қазіргі достық қарым-қатынасты ерекше атап өтті.
Елші бұл жылды Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы күресіндегі жеңісімен қатар, Кеңес Одағының, оның ішінде Қазақстан халқының да ортақ жеңіске қосқан үлесін еске алатын маңызды кезең деп сипаттады.
1937–1941 жылдары Қытайға көрсетілген шетелдік көмектің негізгі бөлігі – 90 пайыздан астамы – Алматы арқылы жеткізілген. Бұл кезеңде Қазақстан Қытай үшін маңызды көлік дәлізіне айналып, соғыс жылдарында стратегиялық рөл атқарды. 1945 жылы Жапонияға қарсы шабуыл барысында қазақстандық сарбаздар Қытай аумағында шайқасқа қатысып, қытай халқының азаттық жолындағы күресіне қолдау көрсеткен.
Хань Чуньлинь Қазақстан халқына, соның ішінде ардагерлерге ерекше алғыс білдіре отырып, сол кезеңде қаланған достықтың бүгінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке негіз болғанын атап өтті.
Елші өз мәлімдемесінде Қытай мен Қазақстан қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы, ШЫҰ, АӨСШК және «Қытай – Орталық Азия» платформасы аясында тарихи шындықты қорғауға және жаһандық тұрақтылықты сақтауға бірлесе күш салатынын жеткізді.
«Қытай Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын бірлесе қорғауға, оның нәтижелерін құрметтеуге және соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық тәртіпті сақтауға ерекше мән береді. Бұл – БҰҰ Жарғысында айқындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын бұлжытпай ұстану деген сөз.
Сонымен қатар Қытай әділетті, көпполярлы әлем құруды, баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті және үйлесімді жаһандану үдерісін қолдайды.
Осы ортақ ұстанымдар негізінде Қытай тарапы Қазақстанмен және әлем қауымдастығымен бірлесе отырып, адамзаттың ортақ болашағы жолында күш біріктіруге, бейбіт және жарқын болашақ құруға шақырады», – деді Хань Чуньлинь.