Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейто­йына арналған «Ұлы дала» облыстық әдеби-шығармашылық байқауының марапаттау рәсімі өтті.
«Ұлы дала» байқауының жеңімпаздары анықталды
3,080
оқылды

Іс-шара «AMANAT» партиясының бастамасымен, Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Марапаттау рәсімінде «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Садырбаев сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа Абай аманатын дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

«AMANAT» партиясы әлеуметтік мәселелермен қатар, ұлттық әдеби құн­дылықтарды насихаттауға да ерек­ше көңіл бөледі. Соның бір дәлелі – отан­дық қаламгерлерді қолдау мақсатында жүзеге асқан «Кітап-AMANAT» жобасы. Бүгінгі байқауда жас қаламгерлеріміз поэзия, проза және балалар әдебиеті бағытын­да бақ сынап, сөз өнеріне деген сүйіс­пен­шіліктерін паш етті. Жас дарын­дар ла­йықты марапаттарына ие болу­да», – деді ол.

Марапаттау рәсіміне облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай мен драматург, жазушы Қуат Қиықбай қатысып, жас әдебиетшілерге шығармашылық табыс тіледі.

Байқау нәтижесі бойынша, поэзия аталымында бірінші орынды – Жақсылық Асқарбеков, екінші орынды – Азамат Оразғалиев, үшінші орынды Мереке Әлмұратов иеленіп, жеңімпаз атанды.

Ал проза бағыты бойынша бірінші орынды – Ақжол Қадырбекұлы, екінші орынды – Санжар Тұралы, үшінші орынды Ақнұр Жұмадилова иеленсе, балаларға арналған шығарма бағытында бірінші орын – Қуат Айтқалиға, екінші орын – Бекарыс Секеновке, үшінші орын Ләззат Баяхметоваға табыс етілді.

Сонымен қатар «Абай аманаты» арнайы жүлдесі ақын Медет Демежановқа бұйырды. Барлық жеңімпаздар алдағы республикалық кезеңге жолдама алып, әдебиет мерекесі «Ашық микрофон» жобасымен жалғасты.

Елнар ЕЛТАЙ