Балабақша жетпесе, шешім бар ма?

Қазір ата-аналардың ең үлкен мәселеcінің бірі – балабақшадан орын табу. Әсіресе, ірі қалаларда мемлекеттік балабақшаға кезекті жылдап күтеді.

Ал жекеменшік балабақшалардың бағасы қымбат. Барлық отбасының қалтасы көтере бермейді. Осындай кезде ата-аналар бала күтушінің қызметіне жүгінеді. Ал сол мамандардың деңгейі сұранысқа лайық па? Күтушілердің көмегі қаншалықты көңілден шығып жүр? 

Қазір бала күтуші жалдау тек ауқатты отбасылардың  емес, қарапайым жұрттың да қажеттілігіне айналды. Дегенмен өз балаңды бөтеннің қолына тапсыру да, біреудің баласын мойныңа алу да оңай емес. Ал ең қиыны – сенімді күтуші табу. Себебі жаңалықтардан «бала күтуші сәбиіне қиянат жасады», «үйдегі заттарды ұрлап кетті» деген хабарларды жиі естіп жүрміз. Айта­лық, былтыр елордалық полицейлер 1 млн 762 мың тең­ге сомасында алтын бұйымдар ұрлығын ашты. Же­дел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы ауда­нының ПБ қызметкерлері үйде бала күтуші болып жұ­мыс істеген 46 жастағы күдіктіні ұстады. Белгілі бол­ғандай, үй иесі хабарландыру бойынша балаларына кү­туші тапқан. Ол жұмыста болған кезде күтуші үй ие­сінің зергерлік (алтын сырғалар, сақина және гауһар білезік) бұйымдарын жымқырып үлгерген. Үй қожа­йын­дарының оралуын күткеннен кейін ол лезде пә­тер­ден шығып ізін суытқан. Ұрлық фактісі бойынша тәр­тіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, әйелдің бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Ол бұрын алаяқтық үшін сотталған болып шықты. 

Ал Семей қаласының тұрғыны баласын күтушіге қалдырып кетіп, қайтып келген соң баласын таппай қалады. Күтуші баланың анасын жұбатып, оны досымен бірге жүр деп сендірген. Бірақ кейін үш жастағы баланың қаза болғаны белгілі болды. Анықталғандай, бала көз жұмып, күтушінің күйеуі мәйітті спорттық сөмкеге салып, тасжол бойына лақтырып жіберген. Күтуші баланың өліміне себеп болған өзінің талма ауруы екенін алға тартқан. 

Күтушілер институты қалыптаспаған

Міне, осындай жаға ұстатар жаңалықтарды естігеннен кейін сенімді күтушіні табу қиын екенін түсінуге болады. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Мира Сәрсен­ғалиеваның айтуынша, елімізде бала күтушілерді дайындайтын арнайы институт та, курс та жоқ.  

– Қазір ата-аналарға бала күтушіні тауып беретін арнайы агенттіктер жұмыс істейді. Егер солардың біреуімен келісімшарт жасасаңыз, сізге күтуші табады. Тіпті, күтуші жұмыстан кетіп қалса, орнына басқасын да ұсынады. Бірақ бұл жерде негізгі мәселе қаржыға тіреледі. Мысалы, күтушінің өзіне айына 300 мың теңге төлесеңіз, дәл сондай сома агенттікке де берілуге тиіс. Мұндай шығынды көпшілік көтере алмайды. Бала күтушілердің арасында әр саланы аздап көріп, түбінде «осыны істей салайын» деп келгендер көп. Олардың көбі бұл істі кәсіби мамандық деп емес, уақытша жұмыс ретінде қабылдайды. «Туыстарымның баласын бағып көргенмін, демек қиын емес» деген оймен келеді, – дейді Мира Сәрсенғалиева.

Оның пікірінше, бала күтушілердің біразы өз жұмысының ата-ананың күнделікті тіршілігіне қан­ша­лықты әсер ететінін түсіне бермейді. Бірі ауырып қалса да, ұйықтап үлгермесе де ескертпестен келмей қояды. Ал ата-ана амалсыздан жұмысын шетке ысырып, баланы кімге қалдыруды білмей қиналады. «Балаға тамағын беріп, мультфильм қостым болды» деп бар назарын телефонына аударатындар аз емес. Көптеген әйел отбасылық қиындықтары, несиесі, жеке мәсе­ле­ле­рімен келгендіктен, өздері күйзеліске тап болып жүре­ді. Ал ондай жағдайда олардан балаға жылу беруі, ме­йі­рім төгуі қиын. Арнайы орталықтар ашылып, күту­ші­лерге баламен жұмыс істеуді үйретсе артық емес. Се­бебі арнайы дайындықтан өткен адам бұл жұмысты саналы түрде таңдап, нағыз маман ретінде қызмет етер еді.

Нарықтағы баға қандай?

Қазір нарықта бала күтушілерді ұсынатын агенттіктер саңырауқұлақша қаптаған. Олар жұмыс берушімен келісімшарт жасап, күтушіні іріктеуден өткізеді. Бұл – қауіпсіздік тұрғысынан ата-анаға біршама сенім береді. Өйткені агенттіктер үміткерден сотталмағаны туралы анықтама, медициналық тексеру қорытындыларын талап етеді. Егер күтуші қандай да бір себеппен жұмыстан кетсе, агенттік орнына басқа маман ұсынады. Осы жағынан агенттіктің артықшылығы көп. Дегенмен сенімділік үшін ата-ана агенттікке екі есе шығындалады. Мәселен, күтушінің айлық еңбекақысы шамамен 200-300 мың теңге көлемінде болса, агенттік қызметі үшін тағы да сондай сома төлеуге тура келеді. Яғни, ата-ана айына 400-600 мың теңге көлемінде шығын шығаруы мүмкін. Бұл сома көпшілік отбасы үшін қомақты. Сондықтан мұндай қызметті көбіне ауқатты жандар пайдаланады.

Кей ата-ана таныс арқылы немесе хабарландырудан күтуші жалдауды жөн көреді. Бұл жағдайда шығын аз болады, алайда қауіп те көп. Күтушінің біліктілігі мен адалдығына кепілдік жоқ. Ал агенттік арқылы келген күтуші белгілі бір сүзгіден өтеді, әрі келісімшартпен жұмыс істейтіндіктен, жауапкершілігі жоғарырақ. 

Негізінен, ата-аналар күтушілерді 1 жастан 3 жасқа дейінгі сәбилерге іздейді, ал бірге тұру шарты сирек ұсынылады. Міндеттеріне ойын ойнау, балаға күтім жасау және қадағалау кіреді. Ал үлкенірек балаларға күтушілерді көбіне балабақшаға, мектепке немесе үйірмелерге апарып-алып келу үшін жалдайды. Бала күтушілерінің көбі бірнеше сағат жұмыс істейді. Ең қолжетімді сағаттық ақы Қостанайда тіркелген, мұнда күтушілердің қызмет құны жолға шығуымен немесе онсыз 800-1500 теңге шамасында. Агенттіктердің бағасы – 2 500 теңге/сағат. Егер қосымша үй шаруасына көмектесу қажет болса, ол күніне 5000-10 000 теңгеге дейін барады, тапсырмалардың көлеміне қарай. Ал айлық төлем орта есеппен 110-120 мың теңгені құрайды.

Ал Шымкентте күтушінің бір сағаттық қызметі (жолға шығумен) 1 200-1 500 теңге тұрады. Егер баланы орталыққа апарып қалдырғыңыз келсе, құны 1000-1200 теңгеден басталады. Алайда бала әлі жүрмесе, қосымша ақы төлеу қажет. Нарықта айлық ұсыныстар 150-300 мың теңге көлемінде, кейде күтуші баламен бірге тұратын жағдайда осындай баға қойылады.

Алматыда үйдегі тәрбиешінің қызметі сағатына 2000 теңге тұрады. Егер күтуші отбасының үйінде тұрса, айлық еңбекақысы 200 мың теңгеден басталады, ал келіп-кетіп істейтін болса, шамамен 350 мың теңге болады. Сондай-ақ күтушіні демалыс күндеріне жалдауға болады, бұл қызметтің құны – 15 мың теңге.

Астанадағы отбасылар күтушінің қызметіне сағатына 2000-8000 теңге төлейді. Айлық еңбекақысы – 350 мыңнан 500 мың теңгеге дейін. Елордада, негізінен, ұзақ мерзімге әрі бірге тұруға келісетін күтушілерге сұраныс жоғары.

Филлипин күтушіге сұраныс жоғары

Соңғы кездері филлипиндік бала күтушілерге сұраныс артқан. Себебі филиппиндіктер ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Бұл ата-ана үшін де, бала үшін де үлкен мүм­кіндік: бала ерте жастан екі тілде сөйлеп өседі. Баланың ой-өрісі мен дамуына мұндай орта пайдалы. Сонымен бірге олар еңбекқор, тапсырмадан бас тартпайды, балаларға қатты дауыс көтермейді, шыдамды келеді. Үлкен отбасында өскендіктен, бала бағуда тәжірибесі мол. Қазір агенттіктер де филлипиндік күтушілерді көп ұсынып жүр. Біз хабарласқан агенттік тек осы бағытта жұмыс істейді екен. 

– Филипиндік бала күтуші қазақша да, орысша да бірауыз сөз білмейді. Демек, ол отбасындағы әңгімелерді түсінбейді, ақыл айтып араласпайды, өсек таратпайды, талқыламайды. Филиппиндік күтушіні жалдасаңыз, сіз тек  бала күтушіні емес, сонымен бірге үй қызметшісін де аласыз. Олар ыдыс жуудан, үй жинаудан, аяқкиім таза­лаудан, кір жуудан, тамақ пісіруден немесе басқа да үй шаруасынан бас тартпайды. Мұндай күтушінің қыз­мет ақысы орыс тілін білетін күтушілермен салыс­тырғанда арзанырақ, ал атқаратын жұмысының ауқымы әлдеқайда кең,– дейді агенттік менеджері Дильназ. 

Сонымен қатар филипиндіктер міндетіне кірмейтін шаруаны да ерінбей орындайтын көрінеді. Себебі қатаң тәртіпте тәрбиеленгендіктен, еңбекке дағдыланған. Олар артық жұмыс істеп жатырмын деп санамайды және жұмыс шарттарын өздері қоя бермейді.

Филиппиндіктердің басым көпшілігі – діндар католиктер. Сондықтан филиппиндік үй қызметшісі шіркеуге бару үшін кейде рұқсат сұрап отырады. Олар үшін бала мен отбасы – жеке моральдық-адамгершілік құндылықтарының негізі. Филиппиндіктердің отбасылары үлкен болғандықтан, әр әйелдің бала бағуда тәжірибесі бар. Ал филиппиндік күтушілердің жұмыс берушіге құрметпен қарауы – әуелден қалыптасқан қасиет.

P.S.

Өткенде баламды ойнатуға апарғанымда филиппиндік бала күтушімен жолықтым. Қабағы ашық, жүзінен жылылық төгіліп тұр. Қасындағы жеті жастағы қызға мейірлене қарап, бар ықыласымен айналып-толғанып жүр. Тек ағылшынша сөйлейді. Сол сәтте біздің қоғамның неге филиппиндік күтушілерге сенім артатынын түсінгендей болдым. Өйткені олар жұмысына бар жан-тәнімен беріліп, баламен шынымен тіл табысуға тырысады. Ал өз ортамыздағы көптеген күтушінің өмірі несие мен тұрмыстық қиындыққа шырмалып, көңілі күпті күйде. Сол себепті қарауындағы балаға өз мейірімін молынан бере алмайтын шығар.

Көктем ҚАРҚЫН