Ал отбасын институтының әлсіреуі мемлекеттің болашағы үшін де қатер. Өкінішке қарай, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп тұр. Ал зорлық-зомбылық әлеуметтік түйткіл емес, одан да ауқымды мәселеге айналып барады. Сол себепті 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойған еді. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.
Соңғы жылдары елімізде құқық қорғау органдары аса ауыр қылмыстармен қатар, отбасылық зорлық-зомбылықтың да алдын алуға айрықша назар аударып келеді. Бұл – жай ғана статистика үшін жасалып отырған шара емес, әрбір отбасының тыныштығы үшін күрес, қоғамдағы әр баланың көз жасын тыйып, әр ананың жан жарасын жазуға бағытталған мемлекеттік саясат. Осы орайда Ақмола облысында елдің басқа өңірлеріне үлгі боларлық тың жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн...
Қорқынышты статистика
Ақмола облыстық полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың жеті айында ғана өңірде 88 тұрмыстық қылмыс тіркелген. Соның ішінде 18-і аса ауыр қылмыс түрлеріне жатады. Олар – қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру), 106-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру), 107-бап (орташа ауырлықтағы зиян), 112-бап (жарақат салу) және тағы басқа да баптар бойынша қозғалған істер болып шықты. Бұл сандар қоғамда отбасы құндылығының шайқалып бара жатқанын, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлі де болса белең алып отырғанын айғақтай түседі.
Өкінішке қарай, қоғамда ең жиі кездесетіні – физикалық зорлық-зомбылық фактілері екені мәлім болды. Ұрып-соғу, жарақаттау, тұншықтыру секілді әрекеттердің құрбаны болған талай әйел мен бала үнсіз жапа шегіп жатыр. Қайғылысы сол, көп жағдайда қазақы менталитетпен «жабулы қазан жабулы күйінде» қалдырылады. Соның салдарынан, бұзақылар еш қымсынбастан заңсыз әрекетін жалғастыра береді.
Ал психологиялық зорлық-зомбылық елімізде екінші орынға шыққан. Қорқыту, тіл тигізу, кемсіту, оқшаулау, абыройын түсіру сияқты әрекеттер кейде соққыдан да ауыр тиетіні сөзсіз. Өкінішке қарай, мұндай қысымның салдары ұзақ жылдарға созылып, жәбірленушінің психикасын күйретіп жіберетін көрінеді.
Үнсіз қалған тағдырлар
Өңірде әйелдердің полицияға шағымдануы салыстырмалы түрде жоғары екені анықталды. Ал ерлерге қатысты зорлық-зомбылық фактілері жоқ емес, бірақ олардың арыздануы сирек болып шықты. Себебі қоғамдағы «еркек өзін-өзі қорғауы тиіс» деген қасаң стереотип әлі де санада берік орныққан. Бұл талай ер азаматтың ішкі жан жарасын іште сақтап, үнсіз қалуына мәжбүр етіп отыр.
Яғни, жәбірленушілердің көпшілігі полицияға бірден жүгіне бермейді. Оның себебі де сан алуан. Атап айтқанда, «полицияға айтсаң, өлтіремін» деген сияқты сөздерден кейін қорқыныш пен қоқан-лоққыдан үрейленгендер қандай қасіретті болса да жұмған аузын ашпай қалады. Сондай-ақ қоғамда экономикалық тәуелділік те аса үлкен рөл атқаратыны мәлім болды. Яғни, ажыраса қалса, отбасын асырай алмаймын деген үрей билейді. Тағы бір аса маңызды себеп – құқық қорғау органдарына сенімсіздік («бәрібір нәтиже шықпайды» деген қасаң көзқарас ежелден қалыптасып қалған. Ал ең бастысы, балалар үшін алаңдау әкесі қамалса, отбасы толық күйзеліске түседі деген үрей бұлты тұмшалап тастайды. Осы себептер жәбірленушілерді үнсіздікке итермелейтіні анық. Бірақ үнсіздік – зорлықтың жалғасуына жол ашатыны өкінішті.
Дағдарыс орталықтары – үміт оты
Ақмола облысында зорлық-зомбылық құрбандарына арналып, үш бірдей дағдарыс орталығы жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Мәселен, Степногорскідегі «Өмір», Көкшетаудағы «Шанс», Қосшыдағы «Аққудың» қоғамда алып отырған орны зор. Бұл мекемелерде әйелдер мен балаларға алты айға дейін паналау мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік, құқықтық қолдау көрсетіледі. Жұмысқа орналастыру, медициналық көмек, балабақшаға жіберу, жәрдемақы рәсімдеу сияқты маңызды мәселелер де оңтайлы шешімін табады.
Ең бастысы, 111 сенім телефоны арқылы тәулік бойы тегін кеңес беріледі. Бұл – жәбірленушілерге алғашқы көмек пен қолдау көрсетудің қолжетімді құралына айналған.
Жалпы, мемлекет бұл мәселеге жай ғана «қылмыс фактісі» деп қарамайды. Бүгінде зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін кешенді бағдарламалар іске қосылған. Соның бірі – Odara пилоттық жобасы. Бұл халықаралық тәуекелді бағалау әдісі арқылы қайта құқықбұзушылыққа бейім адамдарды дереу анықтап, олардың іс-әрекетіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Отбасы цифрлық картасы» әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларды дер кезінде анықтап, қажетті көмекті уақытылы көрсетуге ықпал етуде. Шалғай ауылдарға мобильді топтар барып, профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Жаңа заң – жаңа тәртіп
Былтырғы маусымнан бастап елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама түбегейлі өзгерді. Бұрынғы айыппұл мен ескерту шаралары алынып тасталды. Енді ұрып-соғу мен жеңіл жарақат салу – қылмыстық іс болып есептеледі. Ең маңыздысы, полиция арыз болмаса да, әлеуметтік желідегі ақпарат не БАҚ арқылы қылмысты тіркеуге міндетті. Бұл – зорлыққа қарсы «нөлдік төзімділік» қағидасының нақты көрінісі. Сонымен қатар зорлық-зомбылық жасағандарға міндетті психологиялық көмек көрсету тәртібі енгізілді. Бұл шара – қылмыскердің сана-сезімін өзгертуге, қайталап қылмыс жасауға жол бермеуге бағытталған.
Ақпараттық майдан
Биыл Ішкі істер министрлігі бастамасымен «Құқықбұзушылық профилактикасы жылы» деп жарияланып, ел бойынша кеңауқымды акциялар өткізіліп жатқаны рас. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде алдын алу шаралары аса қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді.
Ақмола облысында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық акция жүзеге асырылды. Флешмобтар, челлендждер, брифингтер ұйымдастырылып, оған 600-ден астам азамат қатысты, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнәр Пинчук.
Полиция дерегінше, өткен жылдың соңында Бейбітшілік және келісім сарайында өткен республикалық жиынға мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, қоғам қайраткерлері қатысып, аса зор тәжірибе алмасқан. Бұл – зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскен.
P.S.
Қазақтың тағы бір тәмсілі бар: «Әйел – үйдің шырағы, бала – шаңырақтың шуағы». Өйткені шырағы сөнген, шуағы өшкен үйден береке қашады. Ал берекесіз отбасы – берік мемлекет құра алмайды. Рас, Ақмола өңірінде құқық қорғау органдары жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бірақ бұл – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Яғни, әділетті мемлекет құрудың басты шарты – заңға құрмет, отбасына қамқорлық, қоғамға жауапкершілік болып қала бермек...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы