Криптовалюталар да әлсіреп, Bitcoin жеті апталық минимумға түсті.
Трамптың мәлімдемесінен кейін әлемдік нарық құлдырады
1,843
оқылды

Әлемдік қаржы нарықтары АҚШ президенті Дональд Трамптың күтпеген мәлімдемесінен кейін төмендеді. Ол Федералдық резерв жүйесінің (ФРС) кеңес мүшесі Лиза Кукты «ипотекалық алаяқтыққа қатысы бар» деп айыптап, қызметінен босатқанын хабарлады.

Инвесторлар бұл шешімді ФРС-тің тәуелсіздігіне жасалған саяси қысым ретінде қабылдады. Әдетте орталық банктің басты күші – саяси ықпалдан тыс шешім қабылдауы. Ал президенттің араласуы болашақта ақша саясаты саясатқа тәуелді болады деген қауіп тудырды. Бұл сенімсіздік бірден нарықтарға әсер етті.

Нәтижесінде АҚШ-тағы негізгі индекстер құлады: Dow Jones – 0,01%, S&P 500 – 0,05%, NASDAQ – 0,12 пайызға төмендеді. Азияда Nikkei 225 – 1,1%, Hang Seng – 1,18%, ал Еуропада FTSE 100, DAX және CAC 40 көрсеткіштері де айтарлықтай минусқа түсті.

Мұнай бағасы да арзандады: Brent баррелі – 67,7 доллар, WTI – 63,7 доллар. Инвесторлар қауіпсіз актив ретінде алтынға бет бұрып, оның бағасы 3 420 доллардан асты. Криптовалюталар да әлсіреп, Bitcoin жеті апталық минимумға түсті.