Бүркіт пен Аиша несиеге көлік алатындарға қатысты пікір білдірді. Өнерлі жұп дастарқан басында айтылған әңгімеден үзіндісін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Онда олар халықтың несиеге тәуелді болып отырғаны жайлы сөз қозғаған.
“Қарызға батқан дұрыс емес. Әркімнің жағдайы әртүрлі, түсінем. Бірақ мүмкіндігінше, кредит пен қарызға кірмеген жөн. Тырысыңыздар! Үйді несиеге рәсімдеуге болады. Ол керек дүние. Кредитке көлік алғанды түсінбеймін. Алла көмектеседі. Қолыңда қанша ақша бар, соның жеткенінше ал. Алдымызда жақсы күндер көп болсын!”, – деп жазды Бүркіт.
Желі қолданушылары Бүркіт пен Аишаның айтқанына қатысты әртүрлі пікір қалдырды. Көпшілігі олардың ойымен келіспейтінін жазды.
Бір бөлігі: «Қарызға көлік алмау керек деді ме? Егер солай болса, бұл тоқ адамның сөзі ғой. Ешкім жетпегеннен алмайды, жағдайы келмеген соң алады. Аш бала мен тоқ бала ойнамайды деген - осы. Қазір көліксіз тіршілік ету қиын. Бұрын тыңдап, сыйлайтын едім, енді ойым өзгерді. Сөздері ауыр тиді», – деп наразылық білдірсе, екінші тарап: «Мен бай емеспін, бірақ осы пікірге қосыламын. Шамаға қарамай қарызға кіріп жатқандар көп. Көлікті 11 миллионға алып, 22 миллион етіп қайтаратындар бар. Банктің қара тізіміне ілініп, картасын жаптырған таныстарым жетерлік», – деп жазды.