Мемлекет әлеуметтік қолдауды ең әуелі мұқтаж жандарға дер кезінде жеткізу үшін отбасылардың тұрмыс деңгейін әділ анықтайтын скорингтік модельді енгізіп отыр. Бұл жүйе бұрынғыдай тек табыс көлеміне ғана сүйенбейді, отбасының мүліктік жағдайын, әлеуметтік мәртебесін, еңбекке қабілетті азаматтардың үлесін және тәуелді жүктемесін кешенді түрде сараптайды.
Жаңа модель төрт негізгі бағыт бойынша бағалау жүргізеді. Олар: материалдық жағдай – отбасының табысы, жылжымайтын және жылжымалы мүлкі, жер телімдері, кәсіпкерлікпен айналысу деңгейі есепке алынады. Екінші, материалдық емес факторлар – отбасы мүшелерінің білім деңгейі, еңбек нарығындағы белсенділігі, әлеуметтік мәртебесі назарға алынады. Үшінші, тәуелді жүктеме – балалар саны, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың болуы, жалғызбасты ата-аналардың жағдайы ескеріледі. Төртінші, көлеңкелі табыс көздері – бейресми кірістер, тіркелмеген мүліктер немесе пайдаланудағы қосымша активтер де талданады.
Мысалы, ресми табысы төмен болғанымен, бірнеше автокөлігі немесе жалға беретін жылжымайтын мүлкі бар отбасылар әлеуметтік көмек тізіміне кірмейді. Ал керісінше, шынымен қиын жағдайда қалған, еңбекке қабілеттілері жұмыс істесе де отбасын толық қамтамасыз ете алмайтын азаматтар бірінші кезекте қолдау алады.
Жүйеде төтенше мұқтаждықтан бастап, жоғары тұрмыс деңгейіне дейінгі аралықты қамтитын алты сатылы шкала қолданылады. Бұл арқылы әр отбасының нақты әлеуметтік бейнесі айқындалады. Сонымен қатар кредиттік міндеттемелер, қарыздар, отбасы мүшелерінің денсаулығы, жұмыссыздық деңгейі сияқты қосымша факторлар да ескеріліп, әлеуметтік жағдайдың жан-жақты көрінісі жасалады.
Жаңа тәсіл тек материалдық жағдайды емес, әлеуметтік факторларды да қамтитынымен маңызды. Көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар немесе әкелер, қарттар мен мүгедектері бар жанұялар қосымша көмекке мұқтаж санатқа енгізіледі. Сонымен бірге еңбекке қабілетті азаматтардың қаншалықты деңгейде тәуелді жандарды қамтамасыз ете алатыны сараланады.
Жанат Үтебаева атап өткендей, бұл модельдің басты артықшылығы – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Бұған дейін кейбір жағдайларда қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға жетпей келген болса, енді жаңа жүйе мұны барынша болдырмауға бағытталған. «Әлеуметтік қолдау шаралары қоғамдағы теңгерімді нығайтуға, әділдікті сақтауға және ең бірінші кезекте шынымен көмекке мұқтаж жандарға бағытталуға тиіс. Жаңа модель осы мақсатты жүзеге асырады», – деді басқарма басшысы.
Отбасының әл-ауқатын бағалаудың бұл жаңа жүйесі Шымкент қаласында ғана емес, бүкіл республика көлемінде әлеуметтік саясатты жетілдіруге ықпал етпек. Ол халықтың әлжуаз топтарына нақты әрі уақтылы көмек көрсетіп, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы