Алайда самокат жеңіл әрі қолжетімді көлік түрі болғанымен, кейде ол көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге де залалын тигізіп жатады. Биылдың өзінде мегаполисте самокаттың қатысуымен 200-ге жуық жол апаты тіркелген. Оқиға салдарынан 200-ден аса адам жарақат алған.
Қазір шаһарда самокатшылардың жаяу жүргіншілерге арналған жолда жүйткіп өтіп бара жатқанын жиі көруге болады. Тіпті, олардың автожолда да еш кедергісіз емін-еркін жүргенін байқамау мүмкін емес. Заңда жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан асырмау қажет деп бекітілгенімен, қос дөңгелекті тізгіндеген жүргізушілерге бұл ереже әсер етпей тұрған сыңайлы. Осыған дейін самокатшыларға қатысты арызды жаяу жүргіншілерден жиі естісек, қазір көшедегі көлік жүргізушілері де жолдағы тәртіпсіздік үшін жиі шағымданатын болған. Себебі кей самокатшылар жылдамдықты шамадан тыс арттырып, сағатына 80 шақырымға дейін жүйткиді. Аталған мәселеге байланысты Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек құқықбұзушылықтар анықталып, олар ҚР заңнамасына сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Кәмелет жасына толмағандар жиі кездеседі
Полицейлердің айтуынша, самокаттың қатысуымен болатын апаттарға көбіне жүргізуші тәжірибесінің жоқтығы себеп болып отыр. Әсіресе, олардың арасында кәмелет жасына толмағандар жиі көзге түседі. Қазір қала тұрғындарының арасында да пікір екіге жарылған. Бірі – самокатты көлік кептелісінде уақытты үнемдейтін қолайлы құрал десе, енді бірі оны жол қозғалысына төндірер қауіп деп санайды. Осыған дейін Ішкі істер министрлігі самокат тізгіндегендерге мемлекеттік нөмір тағуды міндеттеу мәселесін көтерген еді. Бірақ көп ұзамай бұл ұсыныс мақұлданбады. Расында, самокатшыларға мемлекеттік нөмір тағуды міндеттеу оларды тәртіпке шақырып, жолдағы қауіпсіздік мәселесін шешуге көмектесе ала ма?
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай іс-шара самокат жүргізушілерінің жауапкершілігін арттырып, тәртіп бұзушылықты анықтауды жеңілдетер еді. Оған себеп, жоғарыда айтып өткеніміздей, қазір жаяу жүргіншілер жолында зулап, ережені сақтамайтындар көбейген. Ал мемлекеттік нөмір енгізілген жағдайда олардың кім екенін анықтау бұрынғыдан оңайырақ болмақ.
Дегенмен транспорт саласының сарапшылары мен урбанистер бұл ұсынысқа күмәнмен қарайды. Урбанист, зерттеуші Әдия Қарсыбектің айтуынша, самокат мәселесін айыппұл немесе мемлекеттік нөмір арқылы шешу – «ашық сыныққа жапсырылған пластырь» іспетті уақытша амал ғана. Негізгі түйткіл қаладағы қоғамдық көлік мен инфрақұрылымның жетіспеушілігінде жатыр.
– Қала тұрғындарынан транспорттың дұрыс жолға қойылмағаны жөнінде көп сын естимін. Шаһарда үнемі кептеліс. Сондықтан адамдар самокатты таңдайды, өйткені олар шексіз кептелісте тұрғысы келмейді. Бұдан бөлек, қалада BRT пен LRT-ны дамыту жайлы бастама талай жылдан бері көтеріліп келеді. Бұл қала халқының жай ғана қалауы емес, шын мәнінде, қажеттілігіне айналып отыр. Мемлекеттік нөмірді міндеттеу туралы шешімнің де өз әсері бар шығар. Бірақ бұл өртті сөндірумен тең деп ойлаймын. Бұл дегеніміз – мәселенің түпкілікті себебін түсінудің орнына, әзірге уақытша амалдар жасалып жатыр деген сөз. Қоғамдық көлік мәселесін белсенді әрі жедел түрде шешкеніміз жөн. Ал қарапайым адамдарды айыппұлмен жазалау түйткілдің түйінін тарқата алмайды, – деді урбанист.
Инфрақұрылым жеткіліксіз
Урбанистің сөзінше, ең әуелі қалалық мобильдік саясатын қайта қарау қажет. Қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен сапасы артпайынша, тұрғындар балама көлік түрлерін таңдауға мәжбүр. Бұл өз кезегінде кептелісті азайтпайды, керісінше, қайта көбейте түспек.
– Шынын айтқанда, қазіргі уақытта қалада әлі де инфрақұрылым жеткіліксіз. Инфрақұрылым барлық жол қозғалысына қатысушыларға таңдау еркіндігі мен олардың қауіпсіз қозғалуы үшін мүмкіндік беруге тиіс. Ол үшін қалада транспорт жүйесін дамытуға арналған нақты стратегия болуы маңызды. Самокаттар да велосипедтер сияқты бөлек жолақпен жүруі қажет. Бұл жолақ жаяу жүргінші тротуарынан да, автокөлік жолынан да бөлек болуға тиіс. Сондай-ақ самокат мінушілер міндетті түрде басына каска киіп, ымыртта немесе түнде көзге көріну үшін жарық шағылыстыратын киім немесе арнайы жолақ тағуы керек. Негізі, Алматыда транспорт саласының мамандары жеткілікті, түрлі стратегиялар мен құжаттар да жасалған. Олар қаланың инфрақұрылымын қалай дамыту қажеттігін жақсы біледі, жиі айтып та жүр. Бірақ мәселе басқада, – деді урбанист, зерттеуші Ә.Қарсыбек.
Әлемдік тәжірибеге үңілсек, Еуропа елдерінде микромобильділік қалалық транспорттың маңызды бөлігі саналады. Осыған сәйкес, ел ішінде инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлініп, нақты ережелер де бекітілген. Сарапшылар бұл тәжірибе Қазақстан үшін де үлгі бола алатынын айтады. Мамандар транспорт жүйесін қала өміріне ыңғайлы ету үшін самокатты жалға беру қызметтерін қатаң бақылау, қауіпсіздік ережелерін міндеттеу, сондай-ақ тұрғындар арасында ағартушылық жұмысты күшейту маңызды екенін де айта кетті.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы