Базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляция деңгейіне ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелері мен айырбастау бағамы арқылы әсер етеді.
Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
372
оқылды

Базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляция деңгейіне бірден емес, шамамен 12-18 айдан кейін айтарлықтай әсер ете бастайды. Ұлттық Банк дерегінше, қысқамерзімді перспективада мөлшерлеменің өзгеру әсері әлсіз болады.

Базалық мөлшерлеме қазір 16,5%. Бұл дегеніміз, нақты пайыздық мөлшерлеме, яғни номиналды мөлшерлеме инфляцияны алып тастағанда 4,5% құрайды. 

Демек, біздің саясатымыздың деңгейі – орташа қатаң. Бізде тыйым салатын ақша-несие саясаты жоқ. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, экономиканың өз әлеуетінен жоғары екенін көріп отырмыз. Яғни, тауар өндірісі ақша массасының өсуіне ілесе алмай келеді. Бұл  экономиканың дамуындағы өте қауіпті кезең, ол бізді инфляциялық спиральға итермелеуі мүмкін,  деді ҚР Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов. 

Базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляция деңгейіне ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелері мен айырбастау бағамы арқылы әсер етеді. Ал ставка көтерілген кезде, экономикадағы ақша "қымбаттайды" – несиелер мен қарыздар бойынша пайыздар өседі. Нәтижесінде, бизнес те, халық та аз жұмсап, көп жинай бастайды. Тұтынудың төмендеуі бағалардың өсуін бәсеңдетеді, яғни инфляцияны тежейді. 

Негізгі саясаттан бөлек, біз бірқатар қосымша шараларды белсенді түрде іске асыруды жалғастырып келеміз. Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру аясында біз жуырда банктер үшін ең төменгі резервтік талаптарды қатаңдату жөніндегі бастаманы аяқтадық. Тиісті Қаулыны Басқарма қабылдады. Ол осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап күшіне енеді. Ол бізге артық өтімділікті тиімдірек шектеуге, ақша массасының өсуін тежеуге және қосымша дезинфляциялық әсер етуге мүмкіндік береді,  деді Тимур Сүлейменов. 

Айта кету керек, базалық мөлшерлеме – бұл Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының негізгі құралы. Ол банктердің ақшаны қандай пайызбен ала алатынын көрсетеді және халық пен бизнес үшін несиелер мен депозиттер бойынша қандай пайыздық мөлшерлемелер болатынын анықтайды.