Президент конференцияның айырықша мәні бар екенін атап, Конституцияны 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданғанын, сол уақыттың еліміз үшін тарихи сәт болғанын атап өтті. Әрі Конституция мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ халқының заңға бас иіп, оны аттамағанын да айтты.
«Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес.
Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата Заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды.
1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата Заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалды. Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осыған орай арнайы кеңес құрылды, оған бір топ белгілі отандық заңгер мүше болып, белсенді жұмыс жүргізді. Шетелден шақырылған сарапшылар да осы маңызды іске атсалысты.
Ата Заңымыздың жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды.
Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік төлқұжаты, яғни Конституция қабылданды.
Еліміздің басты заңына «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деген сөздер жазылды. Конституциямыз Тәуелсіздігімізді нығайтуға зор ықпалын тигізді, еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашты» – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осылайша, Президент тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қызмет еткен Қазақстанның алғашқы Конституциясының да, 1995 жылы заман талабына сай келетін жаңа Ата Заңды қабылдау кезінде еңбек сіңірген тұлғалардың да тарихи жадтан өшпейтінін тұспалдады.
Заман талабымен үндескен құжат
Сонымен қатар әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі ретінде Қазақстанның жаһандағы өзгерістерге ілесе білуі қажет болғанын, сол үшін отыз жыл ішінде Конституцияға 6 рет түзету енгізілгенін айтты. Қоғамдық және саяси дамудың жаңа жағдайларына Ата Заңымызды бейімдеуді көздеген бұл өзгерістер 1998, 2007, 2017 және 2022 жылдары енгізілген болатын. Дегенмен ел дамуының жаңа серпін берген реформалар Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерден соң басталғаны баршаға мәлім. Бұл туралы Президент те атап өтті.
«Бірақ ең басты конституциялық өзгеріс осыдан үш жыл бұрын жасалды деп айтсақ, орынды болар. Конституциялық реформаның арқасында еліміздің саяси-құқықтық жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болды. Сол кезде Конституцияға түзетулерді Парламент арқылы өткізу керек деген ұсыныс кеңінен айтылды. Бірақ күрделі болса да, басқа жолды таңдау жөнінде шешім қабылданды. Ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды шешімдерді тек референдум арқылы қабылдау қажет деген ұстанымды міндетті түрде сақтау керек деп ұйғардым.
Елімізде «Республикалық референдум туралы» заң ширек ғасыр бұрын қабылданды. Бірақ осы кезге дейін бірқатар себеппен бүкіл халық өзекті мәселелер бойынша дауыс бермеді. Ал азаматтарымыз ел тағдырына қатысты әр мәселеге өз ой-пікірін, көзқарасын ашық білдіргісі келді. Қоғамымызда дәл осындай сұраныс болды. Сондықтан референдум өткізу туралы бастамаға барша халық бірауыздан қолдау көрсетті. Жұртымыз Конституцияға енгізілген түзетулерді зор құлшыныспен жақтап, дауыс берді.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституция бабы нақты жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздағы саяси үрдіске зор серпін берді. Енді еліміздегі барлық маңызды шешімдерді бір ел болып талқылап, бірге қабылдайтын болдық. Былтыр Атом электр стансасын салуға қатысты өткен референдум – соның айқын дәлелі», – деді Мемлекет басшысы.
Президент 2022 жылғы реформаны қолға алуға сол кездегі өте күрделі саяси жағдай себеп болғанын атап өтті. Әрі соңғы реформалар Қазақстанның конституциялық құрылымы тарихындағы ең мазмұндысы болған еді. Мемлекет басшысы референдумда Ата Заңға түзету енгізумен шектеліп қалмай, Конституцияның жаңа жобасын дауысқа салу туралы көптеген ұсыныс айтылғанына да тоқталды. Әрі мұндай бастамалардың көтерілуі бекер болмаған. Сонымен қатар заңнамалық тұрғыдан орынды әрі саяси жағынан биліктің беделін арттыратын айтарлықтай оңтайлы тәсіл болып көрінген.
«Алайда 1995 жылы қабылданған Конституцияны реформалаумен шектеліп, оның негізгі мән-мазмұнын сақтау жөнінде шешім қабылдадым.
Осы арқылы Конституцияның басты ережелерінен айнымайтынымызды дәлелдедік. Сондай-ақ ел бірлігі, халықтың тыныш әрі берекелі өмірін қамтамасыз ету және ішкі саяси тұрақтылықты сақтау секілді мемлекетіміздің жоғары құндылықтарын берік ұстанатынымызды көрсеттік.
Осы шешімнің арқасында бүгін Конституцияның 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз», – деді Президент.
Сонымен бірге Президент жаңа саяси жағдайға, қоғамды жан-жақты жаңғырту міндеттеріне сай келмейтін Конституциядағы ережелер референдум арқылы жойылғанын да атап өтті. Рефендум нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңартылды.
«Бұл – конституциялық реформа ауқымының айқын көрсеткіші. Көп жылдан бері қоғамның көкейінде жүрген Әділдік, Ашықтық, Есептілік, Жауапкершілік қағидаттары Ата Заңда көрініс тапты. Азаматтардың Конституцияға сенімі нығая түсті. Референдум өткізудегі басты мақсат осы болатын.
Сондай-ақ еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл билікте өзара тиімді байланыс пен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес.
Осылайша, елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті. Нақты айтқанда, Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылыққа тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды.
Халықтың осы шешімі – аса маңызды саяси-құқықтық жаңашылдық, әлемде баламасы жоқ конституциялық инновация.
2019 жылдан бері біз кезең-кезеңімен бірнеше саяси реформа жүргізіп, саяси жүйені дәйекті түрде жаңғырттық», – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде еліміздегі реформаларға бірқатар кедергілер де болғанын, саяси ортаның белгілі бір бөлігі қоғамды жаңғыртуды көздейтін бастамаларға күмәнмен қарап, тіпті қабылдай алмағанын да айтты. Дегенмен қазір Мемлекет басшысы таңдаған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне көпшіліктің көзі жетті. Бұл өз кезегінде елімізді өркениетті қоғам құру жолына бастайды.
Бір атап өтер жайт, 2022 жылы өткен референдум ұлтымызды бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйыстырып, мемлекет алдындағы стратегиялық міндеттердің төңірегіне топтастырды. Бұл құбылысты атап өткен Президент азаматтардың саяси бағдарды қолдағанын да тілге тиек етті.
«Азаматтарымыздың жаңа саяси бағдарды бірауыздан қолдауы алға ілгерілеуден басқа жол жоқ екенін айқын көрсетті.
Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді.
Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді.
Түптеп келгенде, конституциялық реформа саяси жаңғыру үдерісіне зор серпін берді. Парламенттің рөлі артты, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Орталық және жергілікті атқарушы биліктің құзыреті қайта бөлінді.
Жаңа талапқа сәйкес Президент, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Өкілді билікке әртүрлі көзқарастағы саяси күштер мен азаматтар келді. Түрлі саяси партия Парламенттен орын алды. Аралас сайлау жүйесі тәуелсіз үміткерлерге жол ашты. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 90 пайызы бірмандатты округтен сайланды.
Төрт жылдың ішінде барлық ауыл әкімдері жаңа ережеге сәйкес сайланды. Олардың көбі – бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар.
Осылайша, билікке жаңа буын өкілдері келіп жатыр. Биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Бұл – Орталық Азия аймағында бұрын-соңды болмаған тәжірибе», – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы орныға түскенін, азаматтардың ел өміріне қажетті шешімдерді қабылдау үдерісіне белсене қатысып жүргенін атады.
«Әсіресе, реформаларды жүзеге асыру ісінде билік пен қоғамның мүддесі бір екені анық байқалды. Елдегі өзгерістер, ең алдымен, халықтың игілігі, ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр.
Мен бүгінгі мерейлі сәтте осы тарихи қадамды жасауға үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын.
Біздің қазіргі Конституция-мыз – өркениетті болашаққа жол ашатын, халқымыздың игілігіне қызмет ететін Ата Заң. Біз бір ел болып қолға алған реформалар Конституциямыздың жасампаз рухын күшейте түсті. Бұл кезең еліміздің тарихында түбегейлі жаңғыру кезеңі болып қалары анық», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ел қазынасы – Адам
Сондай-ақ ол Конституциямызда Адам мен адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарының еліміздің ең қымбат қазынасы ретінде көрсетілгенін, бұл әрдайым мүлтіксіз орындалуға тиіс қағида екенін атап өтті. Сәйкесінше, осыған орай нақты реформа жасалып, заң үстемдігін қамтамасыз ететін аса маңызды институт – Конституциялық Сот құрылды. Соның нәтижесінде, азаматтар қандай да бір заң өз құқығы мен бостандығына нұқсан келтіреді деп санаса, Конституциялық Сотқа жүгінетін мүмкіндік алды. Сөйтіп, екі жарым жыл ішінде бұл органның қарауына 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл бұқараның жаңадан енгізілген конституциялық бақылау институтына сенімі артып келе жатқанын көрсетеді. Ал Конституцияға қайшы көптеген нормалар құқықтық жүйеден алынып тасталды.
Мемлекет басшысы бұдан былай Конституциялық Соттың шешімі мен құқықтық ұстанымы әділдік рухына сай келетін жаңа заңнамалық қолданыстың негізіне айналатынына тоқтала келе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті енгізу нәтижесінде азаматтардың мемлекетпен жария-құқықтық қатынастарын реттеу тәсілдері түбегейлі жаңарғанын атап өтті.
«Кодекстегі жаңа новеллалар арқылы соттардың тек мемлекет мүддесін қорғауға бағдарланған әдепкі ұстанымы жақсы жағына өзгерді. Сот үкімінде субъективтілік азайып, анағұрлым әділетті шешімдер шығарыла бастады.
Қазіргі статистика азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға қарсы істерде 60 пайызға дейін жеңіске жететінін көрсетіп отыр.
Жүргізілген реформалар сот жүйесіне сенімді айтарлықтай арттырды. Судьяларды іріктеу және тағайындау үдерісін әділ әрі ашық етіп, олардың тәуелсіздігін күшейтті.
Сот әкімшілігі жетілдіріліп, сот ісін жүргізуді цифрландыру басталды.
Бұрын азаматтар іске қатысты шағымдану мүмкіндігі жоқтығына жиі арызданатын.
Сондықтан кассациялық соттарды құру және биылғы 1 шілдеден бастап «жаппай» кассация қағидатын енгізу Қазақстанның сот жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болды», – деді Президент.
Сонымен қатар Конституциялық реформа нәтижесінде прокуратура органдарының қадағалаушылық құзыреті күшейтілді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Еліміздің барлық аймағында өкілдіктері ашылды. Енді Уәкілдің тәуелсіздігі мен иммунитетіне Ата Заң кепілдік береді. Бұдан бөлек, Омбудсмен Бас прокурор сияқты Конституциялық сотқа жүгіну құқығына ие болды.
«Заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы. Бұл – өркениетті және озық қоғамның басты өлшемі. Қоғамымызда заң мен тәртіп сақталмаса, ешқандай жетістік пен ілгерілеу болмайды, бұл – анық нәрсе.
Заңды сыйлайтын ел қашанда берекелі болады. Сондықтан мен әр сөзімде заң мен тәртіптің маңызын ерекше атап өтіп жүрмін. Басқаша айтқанда, бұл – бізге дәстүрлі болмысымызды өзгерту қажет деген сөз. Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну ұлтымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналуы қажет.
Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі қазір аса өзекті. Сондықтан заңды қасақана бұзатын азаматтарға, қоғамдық тәртіпке және тұрақтылыққа кері әсер ететін әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға беріледі», – деген Мемлекет басшысы мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие жұмысын күшейту қажет екеніне назар аударды.
«Балаларға заңдарды қарапайым тілмен түсіндірген абзал.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Жастардың құқықтық санасына отбасындағы тәрбие де зор ықпал етеді. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.
Ата-ана, мектеп және мемлекет күш жұмылдырып, бала тәрбиесіне баса мән бергені жөн. Сонда ғана заңға бағынатын, өзінің де, өзгенің де құқығына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз. Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты», – деді Президент.
Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік саясатта терең өзгеріс жасалды. Конституциялық реформа осы ауқымды жұмыстың берік құқықтық арқауы болды. Сол арқылы саясатта, экономикада, әлеуметтік салада, сот жүйесінде «Әділетті мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға жол ашылды. Ал Конституцияда жер және барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені айқын көрсетілген. Осы қағидатты іс жүзінде орындау үшін маңызды шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы осынау шаралардың қатарында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы болғанына назар аударды. Бұл бастама ел мен жер байлығының келер ұрпаққа енші ретінде үлестірілгенінің көрінісі болса керек. Әрі болашаққа деген сенімді ұялататын шара.
«Менің тапсырмаммен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әзірленді. Қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балалардың арнайы есепшотына жіберілетін болды. Былтырдан бері Ұлттық қордан 1,5 миллиард доллардан астам қаржы бөлінді. Бұл – жас ұрпақтың болашаққа нық сеніммен қарауына мүмкіндік беретін мемлекетіміздің өте маңызды шешімі.
Мұның бәрі – жаңарған Конституцияның жемісі. Ата Заң, шын мәнінде, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын толыққанды әрі тиімді құралға айналды», – дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды заңдар мен арнайы жоспарларды қабылдау арқылы қолданыстағы Конституцияның орасан зор әлеуеті іске асырылып жатқанын атады. Атап айтқанда, былтыр адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң қабылданды. Жаңа заң өз кезегінде адамды еркінен тыс қандай да бір жолмен пайдалануға болмайтынына кепілдікті күшейтті. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза едәуір қатаңдады. Некелесуге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Адам ұрлағандар да қатаң жазаланады. Яғни, ел ішінде қыз алып қашу, өзгені құлдықта ұстау сияқты жағымсыз қылықтарды тежеудің мүмкіндігі ашылды. Сөйте тұра, қылмыстық сот үдерісін ізгілендіру және оның тиімділігін арттыру үшін нақты қадамдар жасалып, тиісті кодекстерге ауқымды түзетулер енгізілді. Бұл да әділдіктің салтанат құруына қызмет ететін бастамалар қатарына кіреді.
Осындай бірқатар өзгерістердің жай-жапсарын айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Конституцияның мерейлі белесіне орай «Рақымшылық туралы» заң қабылданды. Себебі мемлекет қылмыспен күрес саясаты мен әлеуметтік әділдік мәселесіне келгенде адамгершілік құндылықтарын басты орынға қояды.
Конституция әрдайым адам құқығының темірқазығы болуға тиіс. Бұл – мемлекет саясатындағы бұлжымас қағида. Конституциямыз алдағы уақытта да халқымыздың жарқын болашағына жол ашатын ең басты құжат болып қала бермек», – деді.
Заң үстемдігі – әділетті қоғамға апарар жол
Мемлекет басшысы өз сөзінде Ата Заңның жұрт көзінен таса қала беретін бірқатар ерекшелігіне тоқталды. Президенттің пікірінше, Конституция еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуды, сондай-ақ заңды мүлтіксіз сақтау және адал азамат идеологиясын ілгерілетуді көздейтін жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналып үлгерген. Әрі заң үстемдігін орнықтыруда орасан зор рөл атқарып отыр. Президент сөз сөзінде:
«Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан тағы да қайталап айтамын: еліміздің барлық азаматтары заңды құрметтеп, сақтауы керек.
Қазақстанның заңгерлер қауымдастығы азаматтарымызға Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіріп, Заң мен тәртіп қағидатына сай қоғамдағы әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үндеуі қажет.
Қазақстан Конституциясы ұлтымыздың кемелдігі мен болашаққа ұмтылысын бүкіл әлемге паш етеді.
Конституцияның әр жолы мен рухын сақтау, соның негізінде жоғары құқықтық мәдениет пен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – еліміздің келешектегі табысының кепілі. Мұны барша халық түсінуге тиіс», – дей келе, жаһанда геосаяси тұрақсыздық белең алып, технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан кезеңде заңнаманы ұдайы жаңғыртудың маңызы зор екеніне тоқталды.
«Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект мемлекет пен қоғамды өркендетудің мүлдем жаңа ұғымдары мен тәсілдерінің пайда болуына ықпал етті.
Көптеген елде адамның рөлі мен орны, жалпы оның постгуманистік әлемде тіршілік етуі жөнінде қоғамдық және парламенттік пікірталастар қызу жүріп жатыр.
Биотехнологияның жедел дамуы да біраз сұрақ туындатады. Оның салдары күрделі құқықтық коллизияға және қалыптасқан этикалық нормалардың ескіруіне әкеліп соғуда.
Заң шығарушылар халықаралық құқық жүйесін қайта құру арқылы өз елінің егемендігін сақтау міндетімен бетпе-бет келеді.
Сондықтан конституционализм ешқашан бір орында тұрмайды. Ол заң шығару үдерісімен тығыз байланысты. Алайда оған мүлдем жаңа технологиялық, экономикалық және геосаяси жағдайлар әсер етеді.
Бұл мәселені Қазақстанның кәсіби заңгерлер қауымдастығы жан-жақты зерттеп, ұдайы назарда ұстауға тиіс деп санаймын», – деді Қ.Тоқаев.
Конституция – Ұлт заңы
Президент өз баяндамасында Конституцияға бұрын көп айтыла бермейтін баға берді. «Ұлт заңы» деді. Әрі оның жасампаздық күшінің зор екенін атап өтті.
«Ұлт заңы – Конституциямыздың жасампаздық күші зор.
Өйткені Ата Заңның әр бабында барша азаматтарымызға ортақ құндылықтар мен біртұтас халқымыздың мақсат-мүддесі бар.
Конституциялық, саяси, экономикалық реформалардың, халқымыздың орасан зор күш-қуаты мен әлеуетінің, сондай-ақ білім, ғылым және мәдениет саласына салынған ауқымды инвестициялардың арқасында елімізде шын мәнінде жақсы өзгерістер жасалып жатыр. Жақсыны жақсы деп айту керек. Бұл да әділеттілік көрінісі», – деді Мемлекет басшысы. Содан соң еліміздегі түрлі жетістіктердің астарында сапалы құқықтық негіз жатқанын тұспалдады.
«Оқушыларымыз бен студенттеріміз беделді халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүр. Спортшыларымыз әлемдік сайыстарда жеңімпаз болып, еліміздің мерейін асыруда.
Алдына нақты мақсат қойған азаматтарымыздың бәрі білім, ғылым, өнер, бизнес және басқа да көптеген салада табысқа жетуде.
Қазақстан халықаралық қауымдастыққа ашық мемлекет, бізде ғаламтор еркіндігі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Елімізде бірде-бір желінің негізгі арнасы жабылған жоқ, барлық азаматтарға әлемдік жаңалықтардың көздеріне жол ашық.
Біздің азаматтарымыз шетелге еркін барып тұрады. Ал жастарымыз өздері таңдаған университеттерде білім алуда, оларға ешқандай тосқауыл, кедергі жоқ. Осындай мемлекеттік саясат өз жалғасын табады.
Көптеген елдің жастары бізді болашағы жарқын мемлекет ретінде таниды, Қазақстанға келгісі келеді, келіп те жатыр.
Еліміздің мақсаты – айқын, келешегі – зор. Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел игілігіне қолданатын озық мемлекет боламыз деп белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз», – деді Президент. Ол сондай-ақ Қазақстанның барлық аймағында мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделіп, әуежайлар мен көпірлер бой көтеріп, су нысандарының құрылысы басталып жатқанын атап өтті. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және басқа да маңызды инфрақұрылым жаңғырып жатыр. Үкіметке инфрақұрылымдық құрылыстың сапасына баса мән беру қажет деген қатаң нұсқау берілген. Әрі бұл мәселе Үкіметтің және құқық қорғау мекемелерінің бақылауында тұр.
Сондай-ақ елімізде жыл сайын көптеген өндіріс орындары, соның ішінде әсіресе, жоғары технология саласындағы кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Бұлардың барлығы ұлттық экономиканың мықты индустриялық негізін қалауға мүмкіндік беріп отыр. Инвестиция тартып, бизнеске қолайлы жағдай жасап, аймақтарды қолдау үшін жүйелі жұмыс істелуде. Соның нәтижесінде, биылғы жеті айдағы экономикалық өсім 6 пайыздан асты.
«Мұның бәрі аяқ астынан пайда болған жоқ. Бұл – қажырлы еңбектің және табанды түрде жасалған түбегейлі реформалардың нәтижесі. Жүйелі және үйлесімді жұмыс пен берекелі бірліктің арқасында еліміз жаңа кезеңге қадам басты.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан біртіндеп дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Енді бос сөзге берілмей, жан-жақты өркендеуге бастайтын осы бағдарымыздан айнымай, тек қана алға ұмтылуымыз керек. Сонда біз озық ойлы ұлт болып, теңдессіз табысқа қол жеткіземіз, биік белестерді бағындырамыз.
Біз бәріміз төл тарихымызға қазақтың қайта жаңғыру дәуірінің өкілі ретінде енуге тиіспіз. Себебі бәріміз бір дәуірде өмір сүреміз, еліміздің болашағына бірге жауаптымыз. Біздің ұрпақ міндетті түрде үлкен жетістікке куә болып, табысқа жетуі керек. Балаларымыз бен немерелерімізге дамыған, өркениетті, құқықтық ел қалдыруымыз қажет. Бұл – біздің тарихи борышымыз. Осы мақсатқа жету үшін біз қазір Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Түптеп келгенде, бұл – ұлттық идеология.
Біздің басты міндетіміз – озық ойлы, бәсекеге қабілетті ұлт болу, халықтың әл-ауқатын арттыру, елдегі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Сондықтан қазақ елінің қастерлі төлқұжаты – Конституциямыздың әр бабы мүлтіксіз орындалады. Бұл – баршаға ортақ міндет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде 8 қыркүйекте ел халқына кезекті Жолдауын жариялайтынын да атап өтті. Онда еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясатындағы маңызды мақсат-міндеттерді айқындап бермек.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциямыздың 30 жылдығы – еліміз үшін тарихи меже екенін айтып, Конституциямыздың алғашқы жобаларын әзірлеуге қатысқан азаматтарға, соңғы конституциялық реформаны жүзеге асыруға белсене атсалысқан бұрынғы депутаттар мен белгілі ғалымдарға ризашылығын білдірді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заңдылық пен тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ардақ СҰЛТАН