2 қыркүйекте Қазақстанның 8 мыңнан астам мектебінде жаңа оқу жылы басталады. Биыл 4,1 миллионнан аса оқушы сабаққа кіріседі. Оның ішінде 341 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ 232 мың оқушы 11-сыныпқа өтті. Бұл – еліміздегі ең ауқымды білім көші. Осы және басқа да ауқымды өзгерістер жайлы Aikyn.kz сайты sn.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Президент Жолдауы
8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында халыққа дәстүрлі Жолдау жасайды. Онда елдің алдағы жылдарға арналған негізгі саяси-экономикалық бағыты айқындалмақ.
Мектеп асханаларындағы жаңа талаптар
1 қыркүйектен бастап мектеп асханаларында жаңа стандарт күшіне енді:
-
Қант, тұз, май мөлшері азайтылады;
-
Газды сусын, чипсы, гамбургер, наггетс, сағыз, тәтті сусын, балмұздақ секілді өнімдерге толық тыйым салынады;
-
Ас мәзірінде көкөніс, жеміс-жидек пен табиғи өнімдер үлесі артады.
Асханасы жоқ мектептерде оқушыларға арнайы ланч-бокстар беріледі: ыстық бутерброд, йогурт, жеміс және сусын.
Студенттердің шәкіртақысы өседі
1 қыркүйектен бастап шәкіртақы көлемі артады:
-
Бакалавриат – 52 372 теңге (бұрын 47 135 тг)
-
Магистратура – 117 098 теңге (бұрын 107 061 тг)
-
Докторантура – 262 500 теңге (бұрын 240 000 тг)
-
Педагогикалық мамандықтар – 84 000 теңге (бұрын 75 600 тг)
Жаңа жаза түрі
Әкімшілік құқық бұзғандарға айыппұлмен қатар міндетті қоғамдық жұмыс та жүктеледі. Бұл шара мыналарға қолданылады:
-
Ұсақ бұзақылық;
-
Қоғамдық орындарды ластау;
-
Жедел жәрдем, полиция, өрт көліктеріне жол бермеу;
-
Қоғамдық жерде алкоголь ішу.
Ақша аударымдары қатаң бақыланады
Үш айда 1 млн теңгеден артық ақша аударатын азаматтар салық органдарының бақылауына алынады. Бірақ туыстар арасындағы қаржылық аударымдарға бұл талап жүрмейді.
Зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар
1 қыркүйектен бастап зейнет жасына жеткендерге төлемдер автоматты түрде тағайындалады. Сондай-ақ:
-
Жарналарды ұстап қалу тәртібі жеңілдетіледі;
-
Мүгедектігі бар азаматтардың кей табысынан жарна ұсталмайды;
-
Жерлеу рәсіміне біржолғы төлем беріледі;
-
Шоттағы қалдық ең төменгі зейнетақыдан аз болса, отбасына толық қайтарылады.
Астана әуежайының уақытша жабылуы
Жөндеу жұмыстарына байланысты елорда әуежайының ұшу-қону жолағы жабылады:
-
1-4 қыркүйек;
-
8 қыркүйектен 31 қазанға дейін (күн сайын сағат 10:00-18:00).
Қауіпсіздік сабақтары
Барлық мектептерде арнайы қауіпсіздік сабақтары қайта енгізіледі. Оқушылар төтенше жағдайларда өзін дұрыс ұстауды және жеке қауіпсіздік ережелерін үйренеді.