Алматыда екі жасөспірім жалға алынған самокатпен жаяу жүргіншілер жолында келе жатып, сәби жатқан арбаға соғылған. Оқыс оқиғаның видеосы жарияланды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Видеодан жасөспірімдер электрсамокатты пайдалану ережелерін елемей, тар жаяу жүргіншілер жолында жылдамдықты асырып келе жатқаны байқалады. Олар қарсы бағытта арба итеріп келе жатқан отбасыны байқап үлгермей, бала жатқан арбаға соғылған. Абырой болғанда, сәби зардап шеккен жоқ.
Алматы Полиция департаменті жасөспірімдер анықталып, олар жеке қозғалыс құралдарын пайдалану ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Сондай-ақ ата-аналары да балаларын тиісті деңгейде тәрбиелемегені үшін жауапқа тартылған.
"Бұдан бөлек, жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу, бақылауды күшейту және салдары жөнінде түсіндірме берілді", – делінген ведомство хабарламасында.