Жазатайым жағдайды теміржолшыларға өзге балақайлар хабарлаған.
«Вагонның үстінде суретке түскен»: Шымкентте пойыздың үстіне шығып ойнаған баланы ток соқты
Фото: istockphoto
2,188
оқылды

Шымкентте теміржол стансасында пойыздың үстіне шығып ойнаған балақай токқа түсті. Бидай тиелген жүк вагонының үстіне шығам деп оңбай күйген 11 жастағы баланың хәлі қазір мүшкіл. Теміржолшылар ойын баласы вагон үстінде суретке түскен деп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Күйік шалған балақай теміржолға жақын жерде тұрады және ол бір өзі вагонға шықпаған сияқты. Себебі, жазатайым жағдайды теміржолшыларға өзге балақайлар хабарлаған. Денесінің 80 пайызы күйген бала қазір балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Ата-анасы үзілді-кесілді қарсы болған соң, аурухана өкілдері артық ақпарат бере алмады. Бұл Шымкент теміржолында жыл басынан бергі алтыншы қайғылы жағдай болғанымен, жасөспірімдердің қатысуымен тіркелген алғашқы оқиға. Қылмыстық іс қозғап, тексеруді бастаған  желі полициясының бөлімі ұлдың ата-анасына тәртіп шарасын қолданады деп отыр.  

– Шымкент стансасының жедел полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің «Теміржол көлігін пайдалану және қозғалыс талаптарын бұзу фактісі бойынша сот тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге де ақпараттарды жариялау Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексінің талаптарына сәйкес жария етілмейді, – деді Шымкент стансасындағы желі полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Қошқарбеков.