Маңғыстау облысында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына қолдау көрсететін кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Соның айқын дәлелі – Ria safety кәсіпорны. 2018 жылы арнайы киімдер сататын дүкен ретінде ашылған кәсіпорын уақыт өте келе тұтынушылардың сұранысына сай өндірісін кеңейтіп, 2022 жылы өз тігін цехын іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазіргі таңда цехта мұнайшыларға, дәрігерлерге және құрылысшыларға арналған арнайы киімдер тігіледі. Цехта 20-дан астам білікті тігінші еңбек етіп, жылына 5 мың дана арнайы киім шығарады.

Кәсіпорын өкілі Рената Умбеталиеваның айтуынша, тігін цехы жыл сайын дамып, өндіріс көлемін ұлғайтып келеді.
– Мемлекеттен берілетін қолдау біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Субсидия алу арқылы кәсібімізді жолға қойдық. Бүгінгі таңда біз үшін ең бастысы – сапа мен тұтынушының сенімі. Болашақта өндірісімізді кеңейтіп, үлкен фабрика ашу мақсатымыз. Бұл арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – деді Рената Умбеталиева.

Бұл бастама аймақтағы шағын бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының көбеюіне және жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға серпін беріп отыр.