Мамандардың айтуынша, таңғы асты ішпей жұмысқа немесе оқуға бару ағзаға кері әсерін тигізеді. Таңғы ас – күні бойы сергек әрі белсенді жүрудің басты кепілі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Диетологтардың дерегінше, таңғы ас:
-
ағзаны қуатпен қамтамасыз етеді;
-
есте сақтау мен зейінді күшейтеді;
-
қандағы қант деңгейін тұрақтандырады;
-
ас қорыту жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі;
-
артық салмақтың алдын алады.
Дәрігерлер таңғы асқа ботқа, жұмыртқа, ірімшік, көкөніс пен жеміс-жидек жеуді ұсынады. Ал майлы, тәтті және тез дайындалатын тағамдарды аз тұтынған жөн.
Мамандардың кеңесі: күніне міндетті түрде таңғы ас ішкен адам еңбек өнімділігі мен көңіл күйін жақсартады.
Біздің халқымызда да таңғы асқа қатты мән беріп, керісінше кешкі асты ішудің аса бір міндет емес екенін тілге тиек еткен. Тіпті бұл туралы «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабында:
«Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің» деп асты бәрінен де артық көрген. «Арпа, бидай – ас екен, алтын-күміс – тас екен» деп асты алтын мен күмістен жоғары қойған. Сондықтан да үйіне келген адамға «қуыс үйден құр шықпа» деп ас-тағамын ұсынады.
Қандай адам болса да алдына ас келгенде тік отырып, одан дәм татуға міндетті. Тіпті, хан болса да алдына ас келгенде алтын тағынан түсіп, тәбеті тартпаса да одан міндетті түрде ауыз тиеді. Қазақ ұғымында ешқандай адамның дәмнен бас тартуға құқы жоқ. Дәмнен бас тарту өте көргенсіздік, тәрбиесіздік саналады. Алайда қазақ халқы «таңертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама» деп қандай асығыс, шұғыл шаруасы болса да, таңертеңгі асты тастамай ішеді. Ең болмағанда одан ауыз тиеді. Керісінше «Кешкі асқа қарағанның түні қараң» деп кешкі асты бағып отырмайды, - делінген.