– Қазақстан – өте қонақжай халық. Тіпті, бұл елдің қонақжайлығы адамдарының өзгеге деген қарым-қатынасынан-ақ байқалады. Ал халықаралық жобаға келетін болсақ, мен бұл жерде әділқазы ретінде алғаш рет қатысып отырмын. Алған әсерім ерекше. Себебі бұл жерге төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен ең талантты жастар жиналған. Бір байқағаным, Silk Way Star тек сынақ алаңы емес, мұнда достықтың лебі сезіледі, – дейді байқаудың әділқазы мүшесі, Түрікменстан опера әншісі Атажан Бердиев.
Айтпақшы, өнерпаздар жақында ғана Астана қаласында экскурсия жасап, бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайта түсті. Шаһардың көрікті жерлерін аралап, қазақ халқының мәдениетімен танысты. Танысып қана қоймай, қаланың тарихына терең бойлады. Қатысушылар алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес екенін жасырмады.
– Әділқазы болу бұл – жауапкершілігі мол шаруа. Себебі әр қатысушының өзіне тән таланты мен харизмасы бар. Дауысы мен таңдаған бағыты да әртүрлі. Сондықтан мен үшін оларға баға беру өте қиын. Біздің берген бағадан қатысушының болашақ тағдыры шешіледі. Ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Бірақ сайыстың талабы солай. Ережесі бар. Жеңімпаз тек біреу ғана болуы керек, – деді Атажан Бердиев.
Айта кету керек, жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы халықаралық Silk Way Star жобасын құру туралы келісім аясында жүзеге асып жатыр. Аталған келісімге 2025 жылы 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай көшбасшысының қатысуымен қол қойылған болатын.
Байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысуда.
Музыкалық сайыстың түсірілімі 2025 жылы 20 тамызда басталды. Гранд-финал 22 қараша күні Jibek Joly/Silk Way телеарнасында және байқауға қатысушы елдердің жетекші телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Кербез ЕСІМ