Бүгінде технология мен жа­санды интеллект дегеннің қа­рыштап дамығаны соншама, жаңалық атаулыға таңырқа­май­тын болдық.
Вазада гүл өсе ме, пұл өсе ме?
3,444
оқылды

Иә, әлемдік сиқыршы, көзбояушы деген­де­ріңіз тентіреп далада қалатын­дай күйге жеттік. Таяуда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбай­лас жемқорлықпен айналыса­тын департаментінің қызмет­керлері өз көзіне өзі сенбей, айран-асыр болды да қалды. Япыр-ай, талай жырын­дыны көрген олар соншалықты неменеге таңғалды екен?

Оқырманды ынтықтырмай, гәпті турасынан бастайын. Сы­б­айлас жемқорлықпен күрес департаментінің қызметкерлері Көлік министрі орынбасары­ның үйін тінтіген кезде терезе алдында тұрған гүл салатын ва­заның ішінен бума-бума дол­лар шыға келгенде, талып қала жаздады. Япыр-ай, вазада гүл өсетін еді ғой. Бұл вице-ми­нистр сиқыршы ма, немене? Гүл өсетін жерге пұл өсіріп отыр­­ғаны қалай? Неткен құ­дірет? Куәгерлердің бірі:

– Вазаға мен де гүл өсіріп көрейінші. Гүлім пұлға айналып кетер ме екен? Гүл өсіретін құ­тыда доллар өсірудің құпиясын кім айтып береді? – деп ақша өн­дірудің жолын сұрай бастады.

Оқалы офицер одырая қа­рады. 

– Вазада ақша өсуші ме еді? «Неткен тупойсың?» Бұл вице-ми­­нистрдің алған парасын жа­сыру үшін жасаған айласы ғой, – деп куәгерге түсіндіріп жатты. 

Басқа да куәгерлер «ә, осын­­дай да қулық болады екен ғой» дегендей бір-біріне қа­рап, жымиысып қойды.

Доллардың бір бөлігі вице-министрдің қызмет бөлмесінен шықты. Ол бұл жерде де ешкім байқамайтындай әлдебір құ­жат­тардың арасына елеусіз қоя салыпты. Қоя салмаған-ау, қу­лық ойлаған. Амал жасырған. Еш­кім байқамайды деп ойлаған.

Арнайы мамандар санап кеп бергенде дап-дардай шенеунік­тің республикалық маңызы бар жол құрылысын техникалық қадағалаудан мінсіз өткізіп беру үшін жеке компаниядан алған парасы 78 мың АҚШ доллары болып шықты. Дөкей бұл қар­жыны Ұлыбританияда оқып жатқан баласының оқу ақысын төлеуге жұмсамақ болған көрінеді. Оңай келген ақшаның бір бөлігін аударып та үлгерсе керек. 

Күдікті С. А. 2021 жылдан 2023 жылға дейін Солтүстік Қа­зақстан облысы әкімінің орын­басары, 2023 жылдан Көлік министрлігіне қарасты Авто­мобиль жолдары комитеті төр­аға­сының орынбасары сияқты лауазымды жолдардан өткен. Былайша айтқанда, билік саты­сында әбден ысылған маман. 

Алайда мұндай алаяқтық жолға неге барды? Дап-дардай атағына келетін ұятты ойлама­ғаны ма? Бірақ ақша деген ар­баушы күш кімдерді тура жол­дан тайдырмаған десеңші! 

Жолды жонып жейтін же­бірлер азаймай тұр-ау. Бүгін жөнделген жолды ертең тағы да қопарып жатқандардың жаба­йы ісін көргенде, жаныңнан түңілесің. 

Негізі, асфальттың құрамы улы заттардан тұрады деседі. Жебірлердің жегендері желке­лерінен шығып жатқаны осы­дан да шығар...

Сонымен, вазада гүл өседі ме, пұл өседі ме деген жұмбақ­тың шешуі де табылған сияқты.