Атыраулықтар жалпы сомасы 19 миллион 254 мың 672 мың теңгенің пойыз билетін кері тапсырды.
Атырау теміржол вокзалының бастығы Айбек Қуанышев: «Жолаушылар бірнеше бағытқа пойыз билетін алған. Алайда, коронавирус дертінің өршу қаупіне байланысты билеттерін кері тапсырып жатыр. Бүгінгі мәлімет бойынша 2658 билет тапсырылды. Оның құны 19 миллион 254 мың 672 теңгені құрады. Осы сомадан 1 миллион 679 мың 348 теңгенің билеті онлайн-режимде сатып алынған. Билет құны қайтарылып жатыр» – деді Айбек Қуанышев.
Оның айтуынша, бастапқыда билет ақшасын қайтаруда қолма-қол ақшаның аздығынан қиындық туындаған. Кейіннен бұл мәселе жүйелі түрде реттелді.
Айта кетейік, бүгіннен бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимі енгізілді.
Коронавирустың таралуын шектеу мақсатында карантин режимін, тәртібін қатаң сақтаған жөн.
Бұған дейін Бас прокуратура тәртіп сақтамағандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.