Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр.
Құқықтық мәдениетті насихаттады
2,780
оқылды

Осы айтулы мерекеге орай Алматы облысында ауқымды әрі мазмұнды шаралар кешені ұйым­дастырылуда. Шаралардың негізгі мақсаты – Конституцияның қоғамдағы орны мен маңызын айшықтап, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтаудағы рөлін түсіндіру.

Заң үстемдігі мен тәртіптің қадір-қасиеті айқындалып, жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы кеңінен насихатталуда. Бұл бастамалар елдің демократиялық дамуына серпін беріп, халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған. Атап айтсақ, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мерекелік шара аясында бірқатар азаматқа мемлекеттік награда табыстады. 6 тұрғын «Қазақстан Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, 9 адам облыс әкімінің Құрмет грамотасын, тағы 13 азамат Алғысхат алды.

Аймақ басшысы Қонаев қаласындағы ерекше әлеуметтік қызметті қажет ететін балаларға арналған облыстық қолдау орталығында болып, мекеменің жағ­дайымен танысты. Қазір орталықта 24 тәрбиеленуші бар. Олардың 18-і мек­тепке барып жүр, 4 бала колледжге қабылданса, 2 тәрбиеленуші балабақшаға қатысуда. Балаларды тасымалдау үшін орталықтың өз автобусы жұмыс істейді.

Сонымен қатар әкім индустриялық аймақтағы ауқымды жобаның жүзеге асырылу барысын көрді. Қайрат индус­триялық аймағында Almaty Guangjin Investment Management Consulting компаниясы жалпы аумағы 300 мың шаршы метр болатын өндірістік және әкімшілік нысандар тұрғызуда. Жобаға 750 млн АҚШ доллар инвестиция тартылып, 2028 жылға қарай 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жылдық тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларына жетіп, оның 900 млн доллары экспортқа бағытталмақ.

Қарасай ауданында әкім Қаскелең қаласындағы Абылай хан көшесінің абаттандыру жұмыстарымен танысты. Жоба құны – 1,176 млрд теңге. 2025 жылы осы мақсатқа 492 млн теңге бөлінеді. Марат Сұлтанғазиев мердігер ұйымдарға тұрғындардың пікірін ескеріп, жұмысты сапалы әрі уақытылы атқару қажеттігін айтты. Сондай-ақ ауданда жастар паркі мен ресурс орталығы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарасай ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1075 бейнебақылау камерасы және 52 интеллектуалды аппараттық кешен орнатылған. Оның ішінде, Қаскелең қаласының өзінде 252 камера мен 24 заманауи кешен жұмыс істеп тұр. Жүйе бейнебақылаудан бөлек, адам жүзін тану, адам көп жиналған жерді анықтау және ұмыт қалған заттарды байқау мүмкіндігімен жабдықталған. Барлық дерек аудандық полиция бөлімінің жедел орталығына түсіп, тәулік бойы бақыланады.

Ал Талғар ауданында облыс әкімі Төңкеріс ауылында салынған жаңа мектептің ашылуына қатысты. «Болашақ мектептері» жобасы аясында бой көтерген үш қабатты ғимараттың сыйымдылығы – 600 орын. Жалпы ауданы 8,8 мың шаршы метрді құрайтын нысанда 281 оқу кабинеті, 176 орындық асхана және 138 орындық акт залы бар. Жобаның құны – 5,324 млрд теңге.

Облыс әкімінің жұмыс сапары өңірде әлеуметтік инфрақұрылым, өнеркәсіп және қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетті. Мұның барлығы Алматы облысы тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Кербез ЕСІМ