Құрманғазы мен Дәулеткерей шығармашылығында біз білмейтін қандай айырмашылық бар?

Мақала Ахмет Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» ішіндегі мәлімет негізінде жазылды.

Бүгінгі таңда Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды қазақтың ұлы күйшілерінің есімі көпшілікке жақсы таныс. Олардың күйлері халық жадында сақталып, сахна төрінен түспей келеді. Алайда бұл ұлы тұлғалардың бір-бірінен өнері арқылы қалай ерекшеленетінін, әрқайсысының домбыра тарту мәнеріндегі айырмашылықтарын жұртшылық көп біле бермейді. Шын мәнінде, барлығы бір домбырада ойнағанымен, әрқайсысы өзіндік қолтаңба қалыптастырды. Бірі – дауылды, отты, қайсар мінезін күйге сыйғызса, бірі – терең сыршылдығымен, нәзік әуендік бояуларымен ерекшеленді.

Осы өнерпаздық ерекшеліктердің сырын түсіндіру үшін біз қазақ музыка ғылымының негізін қалаушы, атақты ғалым Ахмет Жұбановтың еңбегіне сүйенеміз. Ол Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күй орындаушылық стильдерін салыстыра талдап, әрқайсысының музыкалық табиғатын дәл суреттеп берген. Ахмет Қуанұлының пікірі тек екі күйшіге ғана емес, жалпы қазақ күйшілерінің дәстүрін ғылыми тұрғыда тануға жол ашқан құнды деректер болып табылады. Ұсынылып отырған үзінді «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты кітаптан алынды. 

Құрманғазы өмірдің ащы-тұщысының бәрін де татып, қазақ­тың кең даласын тегіс­ке жақын аралап, күй шығарғанда, ком­позиторлықтың алдын ала жасаған белгілі планы бойынша ғана емес, күйі – өмірінің баяны, көрген үлгі, алған практи­касының нәтижесі болып, сондықтан күйлерінің тақырыптары, мазмұны – кү­рес, қиғаштық (противоречие) бұнтарлық, күш, қайрат, күйлері­нің формалары да, сан түрлі, күйдің аттарының өзі де музыканы өмір күресінің құралы етіп қолданғанын көрсетеді.

Ал Дәулеткерей өмірінде кемшілік көрмей, атаның қор­ғаны арқасында, тыныш жатуына мүмкіншілігі болып өмір сүру үшін, жанын сақтау үшін жи­һан кезудің керегі болмай, күйлерінің ар­наулы, тематикасы – бейқамдық өмірдің күнделікті жағдайда кез­десіп отыратын той, ойын сияқты қызықты жағын, ит жүгірту, құс салу сияқты көңіл көтеруде кездесетін «қосымша кесіптерді» көрсетіп, бірқатар жасқа келгенше музыканы музыка үшін қол­данып («Жігер» дәуірінен бұрын), күйлерінің формалық жағы бірыңғайлау болып, мазмұнында тайталас күрес емес, терең қи­ял, дүниеде болып жатқан уақиғаларды сахнадағы ойындай, зритель болып анадайдан қарап, жаманы болса күйініп, жақсысы болса қуанып, постфактум сезімінде ғана көріп отыру бар.

Ахмет Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты еңбегі 1942 жылы жарық көрді. Бұл уақыт – қазақ зиялылары үшін аса ауыр кезең еді. Одан бірнеше жыл бұрын «ұлтшыл» деген айып тағылып, елдің талай ардақты азаматтары қуғын-сүргінге ұшырады. Сол зобалаңда Ахметтің туған ағасы, белгілі ғалым Құдайберген Жұбанов та атылды. Осындай тарихи жағдайда Ахмет Жұбанов әрбір сөзін ойланып, қадағалап жазуға мәжбүр болды.

Ол өз зерттеулерінде халық мұрасын терең танытуды мақсат еткенімен, сол дәуірдің саяси талаптарына қарсы келмеу үшін «саяси дұрыс» мәнерде баяндауға тырысты. Сондықтан Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйшілік ерекшеліктерін сипаттағанда да, оларды кеңестік идеологияға сай келетін бейнелер арқылы таныстыруға мәжбүр болды. Құрманғазыны – күрескер, халықтық қуатты көтерген тұлға ретінде, ал Дәулеткерейді – өмірді әсемдікпен бейнелеген лирик күйші ретінде суреттеуінде сол уақыттың саяси реңкі айқын сезіледі. Осылайша, А. Жұбанов еңбегі тек ғылыми ғана емес, сонымен бірге заманының саяси сүзгісінен өткен мұра болып табылады. 

Міне, осындай творчество­лық әдістермен бірге қайнаған орын­даушылық жолында Дәулеткерей күйдің баста алған екпінінен аяғына дейін шығу керек, бір саздан аумау керек десе, Құрман­ғазы күйлерінің екінші аяғына шыққанда сан рет өзгередi. Керек жерінде баяулайды да, дүрілдеп қатты кетіп те қалады, біртін­деп жайлап, біртіндеп жылдамдатады да. Өйткені, күй – уақиғ­а, күй – тарих, ол бір сазбен жүрер ме? Тарих ылғи бір саз­бен жүрмейді. Қайшылық бір жағдайдан бір жағдайға аттап (се­кіріп) тұруы өмірдің заңы емес пе?

А. Жұбанов мұнда жай ғана орындаушылық тәсілдерді сипаттап отырған жоқ, ол күйді шығарудың өзіндік әдіснамасын көрсетіп отыр. Бұл әдіснама арқылы ол музыкалық форманың ішкі логикасын – тұрақтылық пен өзгерістің, үндестік пен қайшылықтың арақатынасын ашып береді. Сонымен қатар ғалымның талдауы күйдің тек эстетикалық дүние емес, халық өмірінің шындығын бейнелейтін көркем құрал екенін дәлелдейді.

Дәулеткерей қол тентек болмау керек, ішектің екі жағынан екі елі аспау керек, төре күйлері алыс ұруды сүймейді десе, Құрман­ғазы ол қолдың техникасының дамуына үлкен мән береді. Дом­быра дыбысын аздығын, нашарлығын, кемісін қағудың күшімен толтырады. Неше түрлі орап қағу, сипай қағу, сыпырып қағу, іліп қағу, қулата қағу, бората қағу, сырдырлы қағу, тер­іс қағу сияқты күйдің кейпін келтіретін, түр енгізетін оң қолдың тентектік, жұмсақтық, сыпайылық, қайраткерлік қылықтарының бәрін тегіс пайдаланды.

А. Жұбанов бұл жерде екі түрлі техниканы ғана салыстырмайды, ол олардың артында тұрған орындаушылық философияны ашады. Дәулеткерей үшін ұстамдылық пен жинақылық негізгі құндылық болса, Құрманғазыда еркіндік пен қол қозғалысының алуан түрлілігі басты орындаушылық тәсілге айналады. Осы айырмашылық арқылы ғалым күйді тек әуен емес, белгілі бір мәдени мінездің, болмыстың көрінісі ретінде көрсетеді.

Дәулеткерей домбыраның бетін жоғары қаратып ұстайсың, домбыраның бір жерінен қақпайсың, мойынды қыдырасың десе, Құрманғазының мектебінен шыққандар домбыраның бетін жоғары қаратып, көлбетіңкіреп ұстайды. Өйткені, домбыраның беті төмен қарап, мойны салбырап кеткесін, дыбыс тұншығып қалады. Төреге керекті қоңыр дыбыс шығады. Аудиторияның артығына ес­ептеген Құрманғазы әр уақытта дыбыстың қалай да қатты шығу жа­ғын қарайтын, өр қайратты, алып жүректі адам қоңыр дыбысқа місе тұтпайтын. Өйткені, күй халықтың күйі, халықтың тасқыны. Ол тасқынды, ол дүбірді екі ішекті шертіп қағумен суреттеуге болмайтынын сезген. Қолдың мойынды аралауы да осы мақсатта болатын. 

Күйдің ақырын, жай жүретін, дыбысты өлшеп шығаратын жерінде домбыраның түбі мен қақпаның қосылған жерінен кішкене ілгерірек шынтақ пен домбыраның түбі (тиектің артын) басып отырып қағып, серпін алып кететін жерде шынтақты көтеріп, қақпақтың дәл бетінен қағып жібергенде домбыра дүр ете қалады. Шынтақты Құрманғазы рояльдағы педаль есебінде (оң жақтағы да, сол жақтағы да) пайдаланады. Домбыраның бір қалыпты нашар үнінің өзін осындай өзі қосқан, өзінің өмір образы­ қосқан қомақты жаңалықтары арқасында түрлі бояуда (колоритте) шығарады.

Бұл үзіндіде Жұбанов күйшілердің «тек қана айырмашылығын» сипаттап отырған жоқ, ол күйді тартудағы жасырын құпияларды, орындаушылық шеберліктің сынын ашып беріп отыр. Бір жағынан, бұл – күйді орындау мәдениетін сақтауға арналған құнды әдістемелік кеңестер. Шынтақты қалай ұстау керек, домбыраны қалай бағыттау керек, дыбысты қалай күшейту немесе жұмсарту керек деген секілді жайттар – жай ғана орындаушылық техника емес, музыкалық ойды жеткізудің тәсілі.

Екінші жағынан, мұндай ойлар тек жас домбырашыларға ғана емес, күй үйрететін ұстаздарға да аса қажет. Өйткені, Жұбановтың осындай нақты бақылаулары мен тұжырымдары қазіргі педагогикалық тәжірибеде толыққанды әдістемелік құрал бола алады. Мұғалімдер бұл кеңестерді оқу процесінде қолданса, ұтпаса, ұтылмайды – себебі олар қазақ күй мектебінің табиғи заңдылықтарынан туындаған. Сондықтан бұл жазбаларды тек тарихи дерек ретінде емес, қазіргі күнге дейін мәнін жоғалтпаған практикалық бағдар деп түсінген дұрыс.

Бірақ бұл, екі художниктің түйінді айырмалары болғанымен, домбырашылық жолда екеуінің көзқарасы қосылатын жерлер де жоқ емес. Мысалы, күйді ластамау үшін саусақтарды орнында, белгілі тәртіппен (аппликатура) пайдалану, пернені тап басу, екі ішектің дыбысын бірдей басқанда (қос нота алғанда) кіршіксіз таза шығару, қаққанда домбыраның бетіне соқпау, пернелерді сырылмайтындай етіп қатты байлау, тиекті орнықты етіп қою үшін артына баспа салу, домбыраны баптап ұстау тағы осы сияқты домбырашыға бірінші керекті тәртіп екенін екеуі де айтып кеткен.

Ахмет Қуанұлы қорытынды сөзінде бұл тұжырымдары Құрманғазы мен Дәулеткерейдің орындаушылық айырмашылықтарынан гөрі, олардың өнерге ортақ көзқарасын көрсетеді. Саусақ тәртібі, пернені дәл басу, дыбысты кіршіксіз шығару, домбыраны дұрыс баптау сияқты қағидалар – тек техникалық шарт қана емес, қазақ күйшілік мәдениетінің кәсіби нормасы. Осыны жинақтап жазу арқылы А. Жұбанов орындаушылықтың алғашқы методологиялық негізін жасап, кейінгі домбырашыларға да, ұстаздарға да жол көрсеткендей болды.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.