Осы орайда Президент салық органының цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасындағы көшбасшысы болатынын жариялады. Бұл – ел қазынасын толтыруға бағытталған маңызды қадам. Ал Үкімет биылдан бастап Тауарлардың ұлттық каталогын енгізбек. Сол арқылы елде сатылатын әрбір тауардың әрбір данасы мұқият бақылауға алынады.
Салық төлеушінің жаңа болмысы
Әр Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев салық мәселесіне жеке орын береді. Биылғы Жолдауында осы тақырыпқа кезекті рет арнайы тоқтала келе, оны цифрландырумен қабыстырды. Президенттің айтуынша, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда Қазақстан зор жетістікке жетті. Бірақ бюрократиялық рәсімдер әлі күнге бизнеске кедергі болып тұр. Тоқаевтың тоқтамынша, цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ.
– Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек. Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс! Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек. Осы жүйелі қадамның бәрі мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың мүлдем жаңа, сервистік үлгісін жасауға арналған, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол «қазақстандық салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруды» жүктеді. Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Президент олардың адал еңбегінен түскен салықты Үкімет пен әкімдердің елімізді дамытуға жұмсайтынын атап өтті. Салықтан түскен әрбір теңге халықтың игілігіне қызмет етуге тиіс. Азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет.
Мемлекет басшысының жаңа Жолдауындағы бұл тапсырмасы сондай-ақ елдегі көлеңкелі экономиканың әрі қарай азаюына ықпал етуге тиіс. Ұлттық статистика бюросының есебінше, 2024 жылы Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың деңгейі ЖІӨ-нің 16,71%-ын құраған. Бұл 2023 жылғы 17,58% көрсеткіштен төмен. Яғни, мемлекет бақыламайтын экономиканың үлесі бір жылда 0,87% кеміген.
Халықаралық ұйымдардың бағалауы бұдан да жақсы. Ernst & Young аудиторлық компаниясының 2025 жылғы наурызда жариялаған есебінде Қазақстандағы көлеңкелі экономика деңгейі 2023 жылы ЖІӨ-нің 11,2%-ын құрағаны айтылады. Жаһандық беделді компания бүкіл Орталық Азия және Еуразиялық одақ елдері арасында бақылаусыз экономиканың ең аз үлесі – Қазақстанда екенін нұсқады. Ал Президент қойған жаңа міндеттер аталған көрсеткішті дамыған елдердің деңгейіне дейін жеткізуге септесуі мүмкін.
Әр тауарға төл коды телінеді
Осы мақсатта ел тарихында ешқашан болмаған «Тауарлардың ұлттық каталогы» (ТҰК) мемлекеттік деректер базасы мен тауарларды бақылаудың үшдеңгейлі моделі іске қосылады. Соңғысының нені білдіретінін журналистерге Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов түсіндірді. Біріншіден, жаңа моделдің жоғарғы деңгейі – Тауарлар, жұмыстар және қызметтердің жалпы жіктеуішінен тұрады, онда мысалы, «азық-түлік өнімдері» сияқты санат-категориялар сақталады.
Екіншіден, орта деңгейде әр санаттың нені қамтитыны көрсетіледі. Оларға NTIN-код – өндірушісін көрсететін бірегей код тағайындалады. Айталық, «азық-түлік өнімдеріне» шұжық жатады. Бұл деңгейде кәсіпорыннан сөреге жеткен әрбір шұжықтың цифрлық картасында өндірушісінің кім екені, қашан жасалғаны және басқа дерегі келтіріледі.
Үшіншіден, төменгі деңгей тауарлардың белгілі бір түрлері бойынша таңбалау және сараптамалық егжей-тегжейлі мәліметтерінен құралады. Мұнда әрбір шұжық өнімінің нақты партиясы таңбаланады. Мәселен, «мынадай өндіруші мына күні бәленше тонна шұжық өндірді, оның мұнша көлемі бөлшек сауда орындары арқылы сатылды» деген сияқты. Осынау ұшан-теңіз үлкен деректі (Big Data) қарапайым салықшы көзмайын тауысып, қолмен теріп, калькулятормен санап отырмайды. Оның бәрін жасанды интеллект әп-сәтте тексеріп, бақылауда ұстай алады.
– Әрбір тауардың төл «тіршілік циклы» болады. Жаңа жүйе тауарларды елде өндіруден немесе шетелден әкелуден бастап, көтерме және бөлшек саудада өткізуге дейінгі циклды толық бақылайды. Өнім не елімізде жасалады немесе Қазақстанға сырттан әкелінеді. Тиісінше, әрбір тауарға кеденде немесе ел ішінде тиісті NTIN-коды беріледі. Оның қозғалысына қатысты бүкіл ақпарат мемлекеттік деректер базасында тіркеледі. Бұл мол ақпарат NTIN-коды арқылы барлық салада – мемлекеттік сатып алуда, шот-фактураларды қалыптастыруда, чек беруде және басқасында пайдаланылады, – деді вице-министр.
Ә.Тұрысов «Тауарлардың ұлттық каталогы» (ТҰК) фискалдық деректер операторларымен, бірінші кезекте «Қазақтелекоммен» интеграцияланғанын жеткізді. Қазіргі кезде оған 15 миллион тауар енгізілген. Әрбір тауар түрі бойынша ақпарат бөлшек сауда орындарында, дүкендерде және басқасында чек басуды бақылауында ұстайтын операторлардан түседі.
– Каталог еліміздегі тауар айналымының нақты көлемін айқындауға, көлеңкелі экономиканы қысқартуға, тауарлардың қолданыс мерзімі өтпей тұрып сатылуын және сапасын қадағалауға, контрафакт, жалған өнімдермен күресуге көмектеседі. Мұның сыртында ол басқарудың, мысалы, мемлекеттік жоспарлаудың тиімділігін арттырады, сондай-ақ салықтарды әкімшілендіруді жақсартады, – деп түйді Әсет Тұрысов.
Қаржы министрлігі келесі 2026 жылдан бастап өндірушілер мен импорттаушылардың ТҰК-ті қолдануы міндетті болатынын мәлімдеді. Бұл – тауар өндіруші, дистрибьютор, сауда дүкендері, кәсіпкерлердің бәріне ортақ талап. Тиісті заңға Президент қол қойды, арнаулы Жол картасы әзірленді.
Ведомствоның анықтамасына жүгінсек, Тауарлардың ұлттық каталогы – еліміздегі барлық тауардың бірыңғай цифрлы эталоны. Онда әрбір тауар бірегей GTIN/NTIN кодымен белгіленеді. ТҰК базасына күн сайын осындай коды бар 10 миллионнан астам чек туралы мәлімет түседі. Каталог ритейлмен, сауда алаңдарымен, фискалдық деректер операторларымен (ФДО), бақылау-кассалық машиналармен, электронды шот-фактуралар желісімен, кеден, мемлекеттік жоспарлау және тауарларды есепке алу жүйелерімен байланыстырылған.
Айқындық әр салаға тең тарайды
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сендіруінше, Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмасы кең ауқымда жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде мемлекеттік сатып алуда, кеденде, электрондық шот-фактура шығаруда, тауарларды таңбалауда, статистикада, чек басуда көптеген әрі әр алуан анықтамалық пен каталогтер қолданылады. Бұл деректердің қайталануына және сәйкессіздіктерге әкеледі, тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің есебін жүргізуде және қадағалау жұмыстарын жүргізгенде қиындықтар тудырады.
– Бұл мәселенің шешімі – «Тауарлардың ұлттық каталогы» мемлекеттік дерекқорын құру болды. ТҰК барлық негізгі үдерісте – сауда, кеден, мемлекеттік сатып алу, бюджетті жоспарлау және орындау кезінде бірегей GTIN/ NTIN кодтары бойынша деректердің бірыңғай эталонын және тауарларды түпкілікті сәйкестендіруді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты үшдеңгейлі жіктеу моделі қалыптасты. Тауардың өмірлік циклі өндіруден немесе импорттаудан басталады, сонда бірегей NTIN коды және тиісті жіктеуіші беріледі. Содан соң деректер ТҰК-ке түседі және әрі қарай мемлекеттік сатып алуда, саудада, кеденде, таңбалауда қолданылады. Ақпарат ағыны жинақталып, бюджет жоспарлауды тиімді жүргізу, тауар айналымын бақылау, нарықтағы бағаны талдау үшін қолданылады, – деді Е.Біржанов.
Ол 2025 жылы тауарлардың ұлттық каталогын елдің бүкіл аумағында және барлық салада енгізу жұмысы белсенді жүргізілетінін айтты. Одан кейін тауарды елімізде сату, мемлекеттік сатып алуға қатысу, отандық өндіруші мәртебесін алу, сертификаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану және басқасы үшін өнімнің міндетті түрде NTIN кодының болуы талап етіледі.
Сауда және интеграция министрлігі де сауда саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл процестің негізгі элементі – әр тауарға бірегей сәйкестендіру коды таңылатын ТҰК құру болмақ. Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов сауда заңнамасына жаңа түзетулерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық өндіруші мен импорттаушы Қазақстан аумағында сататын өз тауарлары үшін осы кодты пайдалануға және оны осы мемлекеттік деректер базасында тіркеуге міндетті болатынын қадап айтты. Әзірге жүйе пилоттық жоба түрінде енгізілді, оған өзінде сатылатын 100 мыңнан астам тауар аталымын жүктеген Anvar, Small, Magnum сияқты ірі сауда дүкендері қосылды.
– Енді әрбір чекте әрбір тауардың NTIN арнайы коды көрсетіледі. Бұл – халықаралық GTIN кодының қазақстандық аналогы. Ол 13 таңбадан тұрады. Тауарға код берілген соң, оның барлық циклін бақылаймыз. Зауыттан қашан шықты, қайда жіберілді, қай мекенжайдағы дүкенде сатылды деген сияқты қаптаған мәліметтер. Мұның тұтынушыға пайдасы неде? Көлеңкелі сауда болмайды, сапасыз өнімнің жолы кесіледі, әділсіз бәсекеге қарсы тұра аламыз. Бұл – бизнес үшін түбегейлі ашықтық жолындағы жаңа қадам, – деді Сауда вице-министрі.
Бизнеспен өзара әрекеттесу үшін компанияларға каталогқа өз тауарларын қосуына мүмкіндік беретін 11 тегін API қызметі іске асырылды. Тауар базада болса, кәсіпкерлер оның деректерін қайта қоспай-ақ пайдалана алады. Болашақта мемлекеттік сатып алуға, субсидиялар немесе жеңілдіктер алуға қатысу үшін компаниялардың өндіруші және өнімнің сипаттамалары туралы кеңейтілген ақпараты бар тауардың толық карточкасын толтыруы қажет болады.
Тауарлар каталогы интернетте орналастырылмақ. Чекті қалыптастыру кезінде жүйе автоматты түрде өнімге бірегей NTIN кодын береді. Қайталануды және дұрыс жіктеуді болдырмау үшін күн сайын модерация рәсімі жүргізілетіні мәлімделді. Модерация жасанды интеллект элементтері қолданыла отырып, жүзеге асырылады.
Жауапты тұлғалардың айтуынша, «Тауарлардың ұлттық каталогын» 2026 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланған. Ал оны басқару және жүргізу болашақта толығымен жасанды интеллектке (ЖИ) жүктелуі мүмкін. Президенттің экономиканы цифрлық трансформациялау тапсырмасы аясында Үкімет таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтіп, ӘМАТ-қа сауда үстемесінің 15%-дан аспауын бақылауды күшейтетін пилоттық жобаны іске қосып жатыр. Базарлардағы тауар айналымын бақылауды цифрландыру және олардағы ақша ағынының ашықтығын арттыру үшін Digital bazar жобасы басталды. Демек, бұл бағытта жүйелі жұмыс қолға алынған.
Елдос СЕНБАЙ